24 Ақпан, 2012

Дүбірге толы дүние

244 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 24 ақпан 2012 8:09

Екі оттың ортасында қалған сирия

Сириядағы жағдай күн санап ушығып бара жатыр. Былай жалғаса беруі де мүмкін еместей. Мұның аяғы үлкен қақтығысқа тіреліп, ел халқы үшін ауыр зардабы бар оқиғаға ұласуы ықтимал. Содан да әлем жұртшылығы бұл елге жіті назар аударып отыр.

 

Жұма, 24 ақпан 2012 8:09

Екі оттың ортасында қалған сирия

Сириядағы жағдай күн санап ушығып бара жатыр. Былай жалғаса беруі де мүмкін еместей. Мұның аяғы үлкен қақтығысқа тіреліп, ел халқы үшін ауыр зардабы бар оқиғаға ұласуы ықтимал. Содан да әлем жұртшылығы бұл елге жіті назар аударып отыр.

Билік пен оп­­­позиция ара­сын­дағы қақты­ғыс осыдан бір жыл бұрын, Араб дү­ние­сін­дегі рево­лю­­ция­лық өр­леу­­­ге орай бас­­тал­­ған. Біраз елде басшылар қар­­­­сыластардың тегеу­рінді қимы­лына төтеп бере алмады: біреу­лері елден бас сау­ғалап қашып кетті, біреулер тақтан құлап, сот үкімін күтіп жатса, біреулері өз халқымен соғысып құрбан болды. Ал Сирияның президенті Башар Асад әлі билік басында. Қарсы­лыққа шыққандарды күш­­­­­пен басып келеді. Өз хал­қының қы­рылғанына қарайтын түрі жоқ. Алты мыңдай адам қаза тауыпты. Башар Асад билік жағынан да құрбандық аз еместігін айтуға құмар – екі мыңнан ас­там әскерилер мен полиция құрбан болған.

Мұндай құрбандыққа жол бермеуге болатын ба еді? Ал­ғаш­қы сәтте-ақ халықтың талабын тыңдап, оның реттілерін қабыл алғанда, тіл табысуға да болар еді. Кейінірек ол талап­тардың кейбірін орындады да: елдегі отыз жылдан аса уақыт қалыптасқан төтенше жағдайды жойды, үкіметті де алмастырды. Бірақ мұның бәрі кеш еді. Енді президенттің мұндай мәжбүр­лікке барғанын сезінген, бірша­ма құрбандыққа ұшыра­ған оп­по­­зицияның талабы да күшейді.

Сирия – әлемдегі ең мили­тар­лан­ған мемлекеттің бірі. Өзі шамалас елдерге қа­рағанда, тұ­рақ­ты әскері бірне­ше есе көп. Оған қоса ре­зерв­­тегі әскері жә­не бар. Елде қатаң тәртіп қа­лып­­тасқан. Бірақ бұл оған қорған бола алмады – оппозиция оның кетуін талап етіп отыр.

Екіншіден, ол дипломатия­лық саясатта үл­кен қателікке жол берді. Ресей жә­не Қытай сияқ­ты держава­лар­дың қол­дауына сеніп қалды. Обалы не керек, бұл екі ел де оны қолдап-ақ бақты. Өздерінің вето құқын пайдаланып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Сирияға қарсы ше­шімнің қабылдануына жол бер­меді. Бірақ Сирияны айып­таған, Башар Асадты би­ліктен кетуге шақырған шешім БҰҰ Бас Ассамблеясында қа­был­данып, атал­ған екі держа­ваның қолдауы бұл елге ешнәр­се берген жоқ. Сонымен қатар, Сирия бұрын Араб мемлекет­тері лигасына кірген ағайын мемле­кет­терінен де айырылып, дипло­ма­­тиялық оқ­шаулануға ұшырады.

Араб мемлекеттері лигасы­ның шешімімен бүгіндері Тунис­те «Сирия достары» конференциясы өтіп жатыр. Оған да Ресей қатыспайтынын мәлімдеді. Себеп – оған оппозиция өкіл­дері шақырылып, билік өкілдері ша­қырылмаған көрінеді. Шақы­рыл­ғанда да Башар Асадтың баруы екіталай еді-ау. Бұл жиынға қатысатындардың ешқайсысы да оны дос санамайтыны бел­гілі. Олар негізінен Сирия билі­гін айыптап, бұл елдегі қантө­гісті тоқтатуды талап ететіні анық.

Сирияға байланысты қазір Башар Асадтың режімін қол­даушылар мен айыптаушылар арасында күрес жүріп жатыр. Екі жақ та аянар емес. Тек екі оттың ортасында қалған халық­қа қиын болып тұр.

 

Бұл соғысты болдыртпай қоймайтындай

Соңғы кезде айтып жатқан әңгімелерді тыңдасаң, Иран мен Израиль арасындағы соғыс болмай қоймайтындай көрінеді. Тіпті Израильдің негізгі жақтастары оған соғысты бастамай қоя тұр дегеніне қарағанда, бұл өзі шешіліп қойғандай.

Басқа емес, мұны Ұлы­бри­тания сыртқы іс­­тер министрі Уильям Хейг пен АҚШ-тың штабтар бас­тық­­­тары бі­рі­к­кен коми­тетінің төрағасы, генерал Мартин Демпси, сондай-ақ АҚШ қорғаныс министрі Леон Панетта айтып отырса, қайтіп сенбессің. Олар Израильге тоқ­тау айтқанда, жалпы Иранға соққы берудің қажеті жоқ деп отырған жоқ, оған жан-жақты дайындық жасап барып кіріс­кенді жөн санайды.

Біраз жылдан бергі Иран мен Израиль арасындағы қа­рым-қатынас, нақтырақ айтқан­да, қарама-қайшылық барған сайын ушығып, оның беталысы қалай да қарулы қақтығысқа соқтыратынын аңғартқандай. Иран президенті Израиль мем­лекетін картадан өшіріп тастау қажеттігін айтқаннан кейін-ақ Израильде оған қарсы науқан басталды.

Бұл жерде қырқысқан екі жақтың бірін мақұлдау қиын. Иран президентінің экстремис­тік мәлімдемелерін қолдамаған­мен, бұл елдің де басқалар сияқты өз ядролық бағдарлама­ларын жүзеге асыруға құқы бар емес пе деген заңды сұрақ туады. Соңғы болып ядролық қаруға ие болған Үндістан мен Пәкстанға түрлі санкциялар қол­данылған жоқ қой. Оған Иранға қарсылардың жауабы дайын: олар басқа елдерге қар­сы күш қолдану ниеттерін білдірмейді, ми­ли­таристік ба­ғыт ұстанбайды дегенді айтады. Сондай-ақ әлем елдері Халық­аралық атом эне­р­гиясы жө­нін­дегі агент­тік­пен (МАГАТЭ) байланысты жұмыс істейді, олар­дың талаптарын орындайды. Ал Иран оларды өз ісіне араластырмайды.

Израильге Иран­ға қарсы соғысты кідірте тұр дейтіндер біраз себепті алға тартады. Ең алдымен, екі ел арасы әжептәуір жер, Израиль ұшақтарының Иранға жетіп, нысандарды бомбалап, қайтып келуіне майы жетпейді. Ол үшін әуеде май құйып беретін ұшақтарды қоса ұшыруға тура келеді. Ал бұл ұшақтардың өзін қорғайтын біраз күш керек. Ондай күш Израильдің бір өзінен табыла бермейді. Сондай-ақ Израиль ұшақтарының бомбалауға барып, қайтқанына Иран жағы жай қарап отыра бермейтіні және бар, бұл елде соңғы кезде зымырандық қорғаныс құрал­да­ры қатты жетіліп отыр. Соларды жоятын біраз күш тағы керек. Тағы бір жай: Иранның ядро­лық нысандарының өзі мықтап қорғалған, бір бомба­лау­дан жойыла салмас.

Екі жақ та бұл соғысты болдыртпай қоймайтындай. Әрқай­сысы екінші жақтың таяқ жей­тінін айтады. Иран экономи­калық санкциялардан қорық­пай­тынын мәлімдесе, оның қар­сыластары мұндай жағдайда одан қаттырақ шараға баратынын білдіріп отыр. Біреуі ше­гінер емес. Ауылда «енді бұлар төбелеспей қоймайды» деп жас­тарды төбелестіретін шағыс­­ты­ру­шылар болушы еді. Сондай бір арандату табылса, соғыс бұрқ ете қалғандай. Осындайда халықаралық бас ұйым – БҰҰ-ның бұл ерегіске белсене араласуы қажеттей көрінеді.

Мамадияр ЖАҚЫП.