24 Ақпан, 2012

Халықтың күні халықпен

286 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Халықтың күні халықпен

Жұма, 24 ақпан 2012 8:23

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясы басталды

Жаһандану жағдайында бүкіл әлем елдері бір-бірімен жалғасып, жымдасып жатыр. Адамның күні адаммен дегенге енді халықтың күні халықпен дейтінді қосып айтуға айналдық. Біз осы жаққа жүрерде бұл жиынның – Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы Парламенттік Ас­самблеясының дәстүрлі қысқы сес­сиясының жұмысы қалай-қалай бо­лып кетеріне алаңдағанымыз рас. Кәрі құрлықтың кейінгі екі жыл­дағы басты бас ауруына айналған «Афина агониясы», яғни

Жұма, 24 ақпан 2012 8:23

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясы басталды

Жаһандану жағдайында бүкіл әлем елдері бір-бірімен жалғасып, жымдасып жатыр. Адамның күні адаммен дегенге енді халықтың күні халықпен дейтінді қосып айтуға айналдық. Біз осы жаққа жүрерде бұл жиынның – Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы Парламенттік Ас­самблеясының дәстүрлі қысқы сес­сиясының жұмысы қалай-қалай бо­лып кетеріне алаңдағанымыз рас. Кәрі құрлықтың кейінгі екі жыл­дағы басты бас ауруына айналған «Афина агониясы», яғни Грекия­ның сыртқы қарызының ел­дің ішкі жалпы өнімінің 160 пайыз­дық дең­гейіне жетіп, біржолата дефолтқа жақындатуы жалпы Еуроаймаққа қатер төндіргенін барша жұрт біледі. Абырой бол­ған­да, Венадағы мына жиын басталардан екі күн бұрын Брюссельде бас қосқан Еуроаймақ елдері­нің қаржы министрлері он үш сағат бойы таласып-тартысып оты­рып, ақыры Афинаға 130 миллиард еуро көлемінде несие беру жөнінде шешім қабылдады да, елді банкроттықтан сақтап қалды. Бұл арқылы Еуроаймақ еуроның өзін де сақтап қалды деудің ар­тық­тығы жоқ. Ал еуроны сақтап қалу – Еуропа Одағының тұтас­тығын сақтап қалу деген сөз.

Сонымен, еуро да орнында, Еуроодақ та орнында. ЕҚЫҰ-ның басты жұмыс органдарының бірі – Парламенттік Ассамблеяның қыс­қы сессиясы да кеше өз жұмысын алдын ала белгіленген күн тәртібі бойынша бастап кетті. Биылғы қысқы сессияға Қазақстанның парламенттік делегациясын Сенат Төрағасы Қайрат Мәми бастап келді. Бұл делегация бұрынғыдан өзгерек – көппартиялы Парла­мент­тің делегациясы. Оның құ­рамындағы И.Адырбеков, М.Әшім­баев, Ә.Ахметов, Е.Астаев, С.Быч­кова, Қ.Сұлтанов, Ж.Ахметбеков, А.Перуашев сияқты депутаттар – әр партияның өкілдері. Сөйтіп, биыл кәдімгідей қысылмай жүріп жатқан жайымыз бар. «Қысыл­май» дейтініміз, өткен жылы қазан айында Қ.Ә.Мәмидің Сенат Төрағасы қызметіндегі алғашқы шетел сапарын газет бетінде көрсету үшін осы Венаға келгенімізде, бір кездесуде бұл мәселенің бетімізге шіркеу болып басылғаны есімізде. Сол кезде Австрия ас­танасынан жолдаған репорта­жы­мызда: «Иә, Мәжіліс бір партия мү­шелерінен түзілді. Халық қа­лауы солай болды. Басқа партия­лардың сайлауалды тұғырнама­лары халық тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Алған дауыстары сол кездегі белгіленген белдеуден аса алмады. Оған биліктің қандай кінәсі бар?», деп жазған екенбіз. Өйтпегенде қайтеміз, әйтеуір бір уәж айтуымыз керек қой. Негізінде, Мәжіліс сайлауында ол палата­ның міндетті түрде кем қойғанда екі партиялы болуы заң жүзінде қарастырылғаны өте орынды шық­қанын бүгінде барша жұрт көріп-біліп отыр. Қайрат Әбді­разақ­ұлы елімізде өткен парламент сайлауы жөніндегі ойларын ертең, ЕҚЫҰ Парламенттік Ас­сам­блеясының тұрақты комитеті­нің мәжілісінде сөйлейтін сөзінде айтатын шығар деп шамалаймыз.

Сенат Төрағасы бастаған делегация Австрия астанасына алдың­ғы күні, сәрсенбінің сәтінде келген еді. Ол күні көсілтіп жазып жа­татындай көп іс-шара бола қой­ған жоқ. Астанадан Венаға жеткенше, қонақ үйіне орналасқанша, делегация мүшелері қысқы сес­сия­ға қатысушылар ретінде тіркелгенше біраз уақыт өтті де, түс­тен кейін біздің атақты суретшіміз Ерболат Төлепбайдың осындағы жеке көр­месін тамашалауға, одан шығып, Қазақстан Республикасы мен Авс­трия арасындағы дип­ло­ма­тиялық қатынастардың орнауы­ның 20 жыл­дығына арналған кон­ференцияға қатысуға ғана уақыт қалды.

Иә, Австрия – Қазақстан тәуел­сіздігін тез таныған мемле­кет­тердің бірі. Осыдан дәл жиырма жыл бұрын, 1992 жылдың 19 ақ­па­нында екі ел арасында дипло­ма­тиялық қатынастар да орнатылып үлгерген. Содан бері Қазақстан-Австрия қатынастары сындарлы үнқатысу, өзара сенім қағи­дат­та­ры негізінде дамып келеді. Екі тарап та көптеген көкейкесті ха­лық­аралық мәселелердің шешімі жө­нінде ұқсас ұстанымдарды басшы­лық­қа алады. Мемлекеттер бас­шы­лары қай кезде де жиі кездесіп, достық рәуіште пікір алмасып отырған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Федералдық канц­лер Ф.Враницкиймен кездесуі тәуелсіздік таңы атардың алдын­да, 1991 жылғы қазанда Байқо­ңыр­дан австриялық ғарышкердің ұшуы кезінде болған еді. Одан кейін де Елбасымыз бұл елге 1993, 1999, 2000, 2004 жылдары ресми сапармен келген. Австрияның Фе­дералдық президенті Х.Фишердің ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне келгені, оның соңы ресми сапарға жалғасып, келіссөздер қоры­тын­дысы бойынша ел басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабыл­дан­ғаны есімізде. Айтқандай, Қазақ­станға ресми сапарға дейін Авс­трия тарапының тәжірибесінде мемлекеттер басшыларының Бірлескен мәлімдемесіне қол қою кездеспеген екен. Мұның өзі де Австрия басшылығының Қазақ­стан­мен қатынастарға бөлекше мән беретіндігінің бір белгісі.

Конференцияда екіжақты қа­рым-қатынастардың сан алуан қыр­лары жайында жан-жақты әңгіме қозғалды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясының жұмысы кеше таң­ертең «Хофбург» сарайында Демократия, адам құқы және гума­ни­тарлық мәселелер бойынша ор­тақ комитеттің мәжілісімен бас­тал­ды. Мәжіліс өте қызу өтті. Әлемдік дағдарыстың тұсындағы парламентаралық ынтымақтастық­тан, адамдық өлшемнен, сот жүйе­сінің реформалануынан Ресейдегі, Беларусьтағы сайлауларға, Юлия Тимошенконың сотталуына (бұл мәселе бойынша оның қызы Евгения Тимошенко сөз сөйледі) дейінгі талай мәселе талас-тартыс арқауына айналды. Түрмелерде­гі­лердің жайы арнайы әңгіме етілді. Қазір әлемде ұзын саны 10 миллион адам түрмеде отыр екен, со­лар­дың 4 миллионы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерде екен. Өкінішке орай, Қазақстан мың адамға шақ­қанда абақтыға қамалғандар саны бойын­ша алдыңғы топтан табыл­ды. Қит етсе соттап, темір тордың ар жағы­на тоғыта бермеудің жол­дарын қарастырып жатқанымыз орын­ды екендігіне көзіміз жете түсті.

Қысқы мәжілістің ресми ашы­луында Парламенттік Ассамблея Төрағасы Петрос Эфтимиу құт­тық­тау сөз сөйледі. Біз биліктің атқарушы тармағының қарсыласы емеспіз. Біз алдағы кезде қазір­гіден әлдеқайда артық әріптестік жасай аламыз, деген Төраға заң­ның басымдығын қамтамасыз ету ісінде ешкім үйренерлік үздік үлгі көрсете алмайтынын да айтып өтті. ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Ламберто Занньердің сөзінде Астана Саммитінде қабылданған дек­ларацияны басшылыққа алу жөнінде арнайы айтылғанына қуа­нып қалдық. «Өткен жылдың шілде айынан бері Ұйымға мүше 22 мемлекетте болдым. Барлық жерде де қаржы дағдарысының әсері сезілуде. Ұйымның биылғы бюд­жеті өткен жылмен салыстыр­ған­да 4 миллион еуроға қысқарғаны соның бір дәлелі», деді Бас хатшы.

Сенат Төрағасы Қ.Ә.Мәмидің ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Зан­ньермен кездесуі кезінде еліміз­дің осы беделді Ұйыммен ынты­мақ­тастығы әңгіменің негізгі ар­қауы­на айналды. Қайрат Әбдір­азақ­ұлы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға өтке­лі бергі жиырма жылда ұйым қыз­метінің барлық қырлары бойынша нақты әріптестікті жалғастырып ке­леміз, дей отырып, бүгінде ЕҚЫҰ аумағында өркениет­ара­лық, мәдениетаралық, дінаралық үнқатысудың қажеттілігі бұрынғы қай кездегіден де арта түскенін атап өтті. «Біз ЕҚЫҰ-ның әлеуе­тін ұлтшылдықты, діни төзбеуші­лік­ті, нәсілшілдікті, ксенофобия­ны, антисемитизмді еңсеру үшін барынша пайдалануды жақтай­мыз», деді Сенат Төрағасы. Қ.Мәми биылғы 30-31 мамырда Астанада өтетін Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшы­лары­ның ІV съезінің басты мақсаты діндердің рухани және парасат әлеуетін халықаралық қақтығыс­тар­дың алдын алуға пайдалану екенін, Елбасымыз Н.­Ә.Назар­баев­тың мұндай форумды өткізу бастамасы бүкіл әлемде кеңінен қолдау тапқанын қадап айтты. ЕҚЫҰ Бас хатшысы бұл жөнінде: «Толеранттылық мәселесі ЕҚЫҰ-ның күн тәртібіндегі бірінші мә­селе болып табылады. Біз өз тара­пымыздан Қазақстан лидерінің Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съездерін өт­кізу бастамасын құлшына қол­дай­мыз», деді. Сенат Төрағасы сон­дай-ақ елімізде жақында өткен пар­ламент сайлауында заң шы­ға­рушы органның көппартиялы бо­лып құрылуы ондағы пікірта­лас­тардың деңгейін көтеріп, идеялар бәсекелестігін арттырады, тұтас­тай алғанда, елдің саяси жүйесін жетілдіре түседі деген ойын да айтты.

Қайрат Мәмидің ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төраға­сы Петрос Эфтимиумен кездесуі кезінде еліміздің ЕҚЫҰ-мен бай­ланыстарын ұлғайта түсудің мә­се­лелері талқыланды, Қазақстанның осы аса беделді Ұйымға табысты төрағалығы разылықпен атап өтілді.

Біз осы репортажды жазу үшін жаңа ғана «Хофбург» сарайынан келдік. Әлемге әйгілі ғимарат ал­дында «Казахстанская правда» газетіндегі әріптес ініміз Сәбит Мал­дыбаев екеуміз ескерткіш фо­тоға түсе қояйық деп жан-жағы­мызға қарағыштап тұрғанбыз. Жақын маңда жүрген қыз бен жігіт көзге жылыұшырай кетті. Қа­зақ­тар сияқты. Жандарына бар­дық. Иә, қазақтар. Бізді суретке түсірген соң аз-кем сөйлесіп қал­дық. «Қай жерденсіздер?». «Астанадан». «Осында оқисыздар ма?». «Жоқ». «Осында тұрасыздар ма?». «Жоқ». «Жұмыс істейсіздер ме?». «Жоқ». «Сонда қалай?». «Жай». «Жайы қалай?». «Солай. Жай. Қыдырып. Келуге болмай ма, немене? Әдемі қала ғой». Сөйтсек, Қайрат деген ініміз бен Жанна деген қарындасымыз Венаға туристік сапармен келген екен. Жай. Қыдырып. Ел көру, жер көру үшін. Ағайыны жоқ жерге аттап басып жатпайтын қазекеңнің жаңа буыны осылай жүретін болған. Тамаша емес пе? Тамаша.

Мұны неге жазып отырмыз? Бұл әңгіменің саясатқа не қатысы бар? Тікелей қатысы бар. Саясат ең алдымен халықтың әл-ауқа­ты­нан, көңіл-күйінен танылады, сол арқылы қалыптасады. Біле білсек, осы әңгіменің өзінен мемлекеті­міздің мерейін асыратын сөзді естуге болады. Бүкіл әлемде қаржы дағдарысының кезекті толқыны жақындап келе жатқан шақта да Қазақстанның мығым отырғаны, алдағы сынақтарда сыр бермеудің жолдарын нақты қарастырып, дүйім дүниеде жұмыс орындары қысқартылып жатқанда жаңа өн­ді­рістік қуаттарды іске қосып жат­қа­ны қуантады. Дүние дүрбелеңге түскен мына жанталас уақытта орнықты тұрғанымызға шүкір­ші­лік айтқызады.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, «Егемен Қазақстан» –  Венадан.