Аймақтар • 06 Наурыз, 2019

Алматыда қылмыстық заңнаманы жаңғырту мәселелері бойынша конференция басталды

1062 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

6 наурызда Алматы қаласының маңында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жаңғырту мәселелері бойынша жыл сайынғы сегізінші халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Осы жылы конференция «Тиімді қылмыстық саясат және қылмыстық сот ісін жүргізудің заманауи үлгісі – азаматтардың конституциялық құқықтарын тиісінше қорғаудың кепілі» тақырыбына арналған. Бұл туралы  Конференцияны ұйымдастыру комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

 

Алматыда қылмыстық заңнаманы жаңғырту мәселелері бойынша конференция басталды

Жоғарғы Сот және Бас прокуратура ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі және Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорымен бірлескен Конституциялық Кеңес - іс-шараның ұйымдастырушысы.

Конференцияның жұмысына құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары, халықаралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының өкілдері және белгілі құқықтанушы ғалымдар қатысуда.

Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми конференцияны аша отырып, 2015 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер қолданылуда, оларда бірінші кезекте адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері көзделген, деп айтты. Екі жыл бұрын жүргізілген конституциялық реформа қылмыстық әділет жүйесін жаңғырту процесіне жаңа серпін берді.

Оның пікірінше, бұл саладағы жұмыстың перспективалық бағыттарын Республика Президенті атап өтті. Олар Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында және бағдарламалық сипаттағы басқа да құжаттарда көзделген.

Біз оларды сапалы түрде іске асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, деді Конституциялық Кеңес Төрағасы.

Форумда аталған кодекстерді қолданудың аралық қорытындылары шығарылды.    

Конференцияға қатысушылар құқық қолдану практикасы мен шетелдік озық тәжірибені ескере отырып, оларды одан әрі жетілдіру тұжырымдамасын талқылады. Тұжырымдамада көзделген ұсыныстар тараптардың жарыспалылығы қағидатын дамытуға, алқабилер сотының ұйымдастыру негіздерін түзетуге, адвокаттардың құқық қорғау мүмкіндіктерін күшейтуге, сот рәсімдерін оңайлатуға және қылмыстық процестегі азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету кепілдіктерін нығайтуға бағытталған.

Шетелдік сарапшылар – Андреас Май мырза (аға прокурор, киберқылмысқа қарсы күрес орталық кеңсесінің басшысы, Гиссен қаласы, Франкфурт Бас прокуратурасы) және Бижан Новроузиан мырза (құқық докторы, Жария-құқықтық басқару университетінің қылмыстық құқық және әкімшілік құқық бұзушылықтар кафедрасының профессоры, Солтүстік Рейн-Вестфалия, Мюнстер) Германияның тәжірибесімен, белгіленген және басқа да мәселелер бойынша еуропалық стандарттар туралы ақпаратпен бөлісті.

7 наурызда пікірталастар қылмыстық құқық мәселелері бойынша жалғасады. Олар қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге, сыбайлас жемқорлыққа және қылмыстық құқық бұзушылықтардың басқа да түрлеріне қарсы қылмыстық-құқықтық шаралардың тиімділігін арттыруға, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды қолдануға, сондай-ақ қылмыстың алдын алу және оның профилактикасы шараларын күшейтуге қатысты.

Жалпы алғанда, конференция қатысушылары құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша қабылданған шаралар қылмыстық процеске қатысатын азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін айтарлықтай күшейтті, деген пікірге бір ауыздан келді.  

Конференция қорытындылары бойынша заңнамалық шараларды қабылдау кезінде ескерілетін және уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсынымдар әзірленді.