Сөз құдіретінен сомдалған тұлға шынайы өлеңді жарата да біледі. Неше мыңжылдықтардан бері адамзатты таңдандырумен келе жатқан дүние, жарық әлемнің құбылыстары бір-біріне қалай ұқсамайтын болса, Құдіреттің өзі жаратқан ақынның қаламға берген серті де, серттен туған тағдырлы шығармасы да ешкімдікіне ұқсамайды.
Маралтай Райымбекұлы алақұйын жалғанның мінезінен ықпай, тағдырынан тайсалмай, жалаң аяқ, жалаң бас күн кешсе де өлеңін өлтіріп алмай, болмаса оны сатып кетпей өмір сүрген шайыр. Тағдырмен тайталасқа түсіп, адамзаттың арманы мен үміті үшін күресу маңдайында ақындық мөрі бар шайырға ғана тән.
Маралтай Райымбекұлы өлеңнің ешқашан жасалмайтынын, бәлкім жаратылатынын көрсетті. Ақынның өлеңдерінен ғаламның шырқыраған шындығы, адамзаттың қасіреті мен қасиеті, топырақтың тереңдігі мен аспанның асқақтығы айқайлап тұрады. Алматы сынды аламан шаһарға алғаш барғанда тұңғыш көрген тірі ақын, тілге келгенде төгіліп сала беретін, өлең жазғанда өңменіңнен өткізіп, өзегіңді жандырып жіберетін шайыр Маралтай жырларынан жалғанның бес күндік мұңы емес, бұл дүние мен о дүниенің арасындағы тылсым дүниелер қобыз сарынымен астасып естілетіндей әсер етеді.
Өліара шақтың өзегіне жыр құйып, санасына сәуле түсірген буынның белді өкілі. Әуелі аңыз болған, кейіннен қазақтың айтулы ақындарының біріне айналып сала берген. Ол – әйгілі шайыр Мейірхан Ақдәулетұлы айтпақшы, «Өлеңдегі өтірік ызылудың салтын бұзған ақын». Жыласа да бойында ер мінезді еңіреубоздың қаны бар, жырласа да болмысында құдіреттің киесі бар талант. Еділді етігімен кешіп өткен Қазтуған рухын қайта тірілткен, Махамбеттің жалынын қайыра аспанға жасын лақтырғандай етіп көрсеткен ақын.
Қара таңбалы хат алдым,
Лайық кісі табылмай жаңа
қабірге, аға,
Қараңғы жерде жатармын,
Құдайдың салып суретін
қара қабырғаға...
Өз кеңістігін өзі місе тұтпаған, өзіне өзі сыя алмаған ақын осындай «дәстүрден тыс» өлеңдер жазды. Өзінің сүйегіне біткен, қанына сіңген бұзып-жарғыш мінезімен жүзі кеңістікте от шашып ойнаған, тылсымды тіліп өтетін дерліктей тірі туындылар тудырды. Мінез дегенде де көрінген жерде өзін көрсетіп қалғысы келетін жайдақ мінез емес, қара өлеңнің құдіретіне құп бойлаған, қалам сертіне берік мінез еді. Қара таңбалы хат – бұл тылсымнан көтерілген көркемдік, ақын жанында атой салған ақ пен қараның тайталасы. Бізге беймәлім әлемнің тұңғиығынан келетін көне сарын. Ақынның мұндай шығармалары белгілі бір жүйеге бағына алмайтын өзінің мінезіндей дауылды да жауынды дүниелер болатын.
Өмір. Былай қалыптасақ, жалған дүние. Тіршілікте тақ үшін тартысып, бақ үшін шарпысып жүретіндер үшін өмір қызық думан. Ал Абай хакім «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», деп өмірдің мағынасын тәпсірлеп берген. Маралтай ақын бұл тұрғыда «Өмір» дейтін өлеңінде «Менің жаным аппақ емес, қап-қара, қапияда от тигендей мақтаға...» дейді. Ғаламның күллі күнәсін ақындар көтеріп жүргендей әсер береді. Себебі ақын әлемнің мұңына ортақ, адамзаттың тағдырына да ортақ. Сондықтан да ол өмірді өзінің жүрегінен шыққан жырлардың тағдыры деп түсінеді. Басын тауға да, тасқа да соққан тағдыр иесінің көз жасы деп біледі. Өмір мен өлімнің арпалысындай, өмірдің жан ышқынысындай елес те береді кейде. «Дулығамның төбесі, туған айдай болмаса, батыршылық сүрмен-ді» деген Шалкиіздің рухты өмірлік қағидасы Маралтай Райымбекұлы болмысында да өлеңдері арқылы көрініс тапты.
Қара түн құлайды бауырына
ап даланы.
Күрең нұр көкжиек көзінде
мелдеп тұр,
Аққан қан сияқты.
Жұлдыздар қаралы, ғаламның
бетінде жаралы
Жұмыр Жер адасып барады.., – деп басталатын өлең былайша аяқталады:
... Жұмыр Жер адасып барады,
Қолында Құраны.
Бұл ретте де «Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі» ақынның жырларында он сегіз мың ғаламның көркем шындығы айқын таңбаланды. Әркімнің өз шындығы бар. Егер ол шындықты өмір мен өлім деп түсінетін болсақ, екі аралықтағы тылсым перде, адамзаттың бәріне бірдей көріне һәм естіле бермейтін өзге сарын шайыр шығармаларында шыбын жанды шырқыратып тұрып көрінеді. Оған өмір өгей емес, дегенмен, өлім де жат емес. Тумысынан талантты ақын тағдырмен тайталаса жүріп қазақ өлеңіне тағдырлы жырлар берді, қазақы кеңістікте отты поэзия жасады. Дүниеде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Бірақ тағдырдың өзі көп жағдайда кей поэзияда шынайы бейнелене бермейді. Ал оның басты мұңдасы да, сырласы да қасиетті өлең болды.
Маралтай Райымбекұлы өлеңдерін оқығанда тағдырдың талайлы сәттерін адамға және ақынға тән ерек рухпен жеңе білу керектігін түсінесің. Бірақ тағдырмен келісімге келу, оны мойындату, қара таңбалы хаттарды ашып оқығанда жеңілмеу керектігіне өзің де куә боласың.
Өзіндік ойлау жүйесі оқшау, сөз саптау мәнері ерекше ақынның қазақ өлеңіндегі қолтаңбасы сол үшін айқын. Оның өлеңдерінен бағзы замандарға тән қобыздың қыл ішегінен сарын секілді боздап төгілген көңіл аңғарылады.
Қасиетті Құрандағы қаламға серт берілген тағдыр тақтасындағы жазудың қиямет күніне дейін өзгермейтіні шын. Шын ақынның қанымен жазылып, қаламына серттелген өлең де сол. Адамзат топырағында ықылым заманнан бар өлең қияметке дейін жасайды. Алла алқаған, аруағы асыл болған адамның ақын болмағы да парыз. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (салаллаһу алейһи уәссәлам) өзінен кейін пайғамбарлар емес, ақындар келетінін айтқан.
...Мен туғанмын ер Мұхаммед
өлген күн.
Мен болмасам жүрегіңді емдер кім?!
Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі
Келеді деп...
Келген ақын, сол – Менмін!
«Мұхаммедті растау». Иә, келді. Ақындық – Алладан берілген ғаламат сый болғанымен, оның бұралаң жолдары азапты да күрделі. Оны өмірдің өткелдеріндей кешіп өту нағыз ақынның ғана маңдайына жазылары хақ. Оған ақынның өзімен бірге жаратылған ақиқаты керек.
Құдай – көкте,
Мен – жердемін, жердегі –
Қаламымда тағдырымның кермегі.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі.
Кермегімде кешегімнің зәрі бар,
Өрнегімде өмірімнің зары бар.
Боздар болса мен боздайын ботадай,
Жүрегімде аруана елдің қаны бар...
Ақынның ақиқаты осы. Қара өлеңмен егіз жаратылған ақиқат. Қара өлеңді дүниенің төрт құбыласы десек, сол төрт құбылаға жарық түсіріп, әуен сыйлап, әрбір тағдыр үшін дабыл қағып тұрған Маралтай Райымбекұлы шығармашылығы жеті қат көктен саулаған нұр, жеті қат жерден лаулаған от сияқты әсер береді.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы