Бізге, әсіресе Жолдауда атап көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп, тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргізгендігі, ел беделінің артуы және аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюі, өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарап, халықаралық мәселелерді жүзеге асыруда белсенділік танытып келе жатқандығы қуантады.
Сондай-ақ Қазақстанда әлемге әйгілі Астана қаласының салынғандығы, халық саны 18 млн-нан асып, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жеткендігі, елге 300 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылып, ел экономикасының дамуы бойынша жаһандағы 190 елдің ішінде 36-орынға көтерілгендігі, 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына ену үшін үлкен экономикалық-әлеуметтік реформаларды жүзеге асырып жатқандығы біздің Қазақ еліне деген қызығушылығымызды оятады.
Жолдауда көрсетілгендей, халық табысын өсіруге байланысты шаралар, атап айтқанда, елдегі ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру, бұған республика бюджетінен жыл сайын 96 млрд теңге бөлу, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру, инновациялық және сервистік секторларды дамыту, орта және жоғары білім, мектепке дейінгі білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, бұл мақсаттарға 5 млрд теңге қарастыру халықтың өмір сүру деңгейін айтарлықтай арттырады. Сондай-ақ Жолдаудағы құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, сот жүйесін одан әрі жаңғырту, басқа да мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында белгіленген шаралар да өте маңызды. Бұл азаматтардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүрулерін қамтамасыз етеді.
Тағы бір айта кетер жайт, біздің, яғни өзбекстандық қазақ ұлты өкілдерінің көңілінен шыққан мәселе – Жолдауда көрсетілген Қазақстанның тиімді сыртқы саясаты және оны жүзеге асыру жөніндегі белгіленген шаралар.
Қазақ және өзбек халықтары арасындағы мығым байланыс ғасырлар бойы жалғасып келеді. Тілі, діні бір, тіпті салт-дәстүрлері де бір-біріне жақын бұл екі бауырлас ел, әсіресе кейінгі жылдарда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёевтің жақын қарым-қатынастары, белсенді түрдегі іс-әрекеттері нәтижесінде экономикалық, сауда-саттық, әлеуметтік және мәдени-рухани байланыстарды ұлғайтып келеді.
Өзбекстандағы 1 миллионнан астам қазақ ұлтының өкілдері, қазақ қауымы, мұның ішінде Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы өз кезегінде Елбасы төрағалық ететін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігімен тығыз байланыс орнатып, олардың қолдауларына сүйене отырып, атажұрттан сыртта болса да, қазақтығына нық болып, ана тілін қаймағы бұзылмаған қалпында сақтап, ұлттық құндылықтар мен ата-баба салт-дәстүрлерін дамытып, балаларына қазақи тәлім-тәрбие беріп келеді.
Біз, Өзбекстандағы қазақ қауымы, атажұртымыз болған Қазақстанның барлық табыстарына жүрегіміз жылып, шынайы шаттанамыз, жетістіктеріне марқаямыз. Қазақ елінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани салада дамып, өзгелерден көш бойы алға озуы біздің атажұртқа деген ынта-ықыласымызды арттыра түседі.
Қорыта айтқанда, біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын толық қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне, табыс пен тұрмыс сапасының артуына үлкен септігін тигізеді деп сенім білдіреміз.
Серікбай ҮСЕНОВ,
Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы