Қоғам • 01 Мамыр, 2024

Тамырластық тағылымы

162 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде қазақ топырағында түрлі этнос өкілдері тату-тәтті тұрады. Статис­тикаға сүйенсек, елімізде орыс – 15,1, өзбек – 3,2, украин – 1,9, ұйғыр – 1,5, неміс – 1,1, татар – 1,1, әзербайжан – 0,7, кәріс 0,6 пайыз және басқа да этностар қоныс тепкен. Әр жылдары елден тарихи отанына 1 млн-нан астам неміс оралған екен. Өздері көш­ке­ні­мен, жүрегінің жартысын қазақтың кең байтақ даласына қалдырып кет­кендерін айтып, жергілікті ұлттың салт-дәстүрін әлі күнге дейін ұста­натындар көп. Қазір елімізде тұратын немістің саны – 220 мың.

Тамырластық тағылымы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қиын-қыстау заманда қолдағы барымен бөліскен жергілікті ұлт тағдырдың жазуы­мен топы­ра­ғымызға табан тіреген барлық этнос өкіліне жеп отырған наны­ның жартысын бөліп беріп, құшақ жая қарсы алды. Қазақ халқының осы бір асыл қасиетін ешқашан ұмытпаған неміс халқы «Отанымызға оралсақ та қазақтың ауасына аңсарымыз ауып тұрады» деп әлі күнге дейін айтып отырады. Тіпті Қазақстандағы немістердің қазақ халқына деген алғысының бір көрінісі сол, осы елдің туған тілін қоғамдық қатынас тілінде танып, өз беттерінше үйренуге тырысты. Мәселен, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясы тар солтүстік өңірінде тұрған этностық неміс­тер­дің тілі қазақшаға судай екені осы­ның анық дәлелі болса керек.

Көрнекті жазушы, аудармашы Герольд Бельгердің көзі тірісінде «Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында, қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дарқан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл», деп кетті. Ұлты неміс болса да, қаны қазақ болып кет­кен жазушы шығармаларын қазақша жазды. Қазақ жеріне деген қимастығы сол шығар, жазушының тарихи Отаны Гер­манияда болғанымен, мәңгілік мекенін осы өлкеден табуға шешім қабылдады. Өзі­нің өтініші бойынша Кеңсайдағы мұсыл­ман қорымына жерленді.

Әртүрлі кезеңде үдере көшіп кеткен немістер әлі күнге Қазақстанды сағынышпен еске алады. Өйткені олар осында туып-өсті. Қазақстанның жері жайлы қоныс қана емес, атажұртына айналды. Қазақстаннан жасөспірім шағында көшіп кеткен Гаукс Вальтер қазақ даласы туралы естеліктерді ұмытқан емес. Өзі де бір сөзінде: «Немістердің бәрі Қазақ­стан халқы қандай жақсылық жаса­ғанын біледі. Қазақтарды ерекше жақсы көреміз. Көбі Қазақстанға қыдырып келіп, қайтарларында жусан алып кетеді. Жусан иісі – біздің есімізге даланы түсіреді. Қазы мен ет – біздің әлі күнге дейінгі сүйікті асымыз. Қымыз Германияда да өндіріліп жатыр. Бірақ қазақтың қымызына жетер сусын жоқ», деп ағынан жарылғаны бар.

Қазір әлеуметтік желіде де Германияда тұрып жатқан немістердің жанды жылытар түрлі бейнежазбаларын көруге болады. Қазақтың ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрін Еуропа төрінде дәріптеп жүрген немістердің тарихи отандарында жүрсе де өзара қазақша шүйіркелесіп жатқаны қасиетті мекенге деген шексіз құрметтің шекарасы болмайтынын көрсетеді. Тағы бір бейнежазбада Қазақстаннан көшіп кеткен неміс отбасы Көк туымызды аула­сын­дағы биік бағана басында жел­біре­тіп, Әнұранымызды қосыла шыр­қап, құрмет көрсетіп жатқаны көрсетіледі.

Атамекеніне Солтүстік Қазақстаннан көшіп барған Ида Миллер «қазақша сөй­леп жүрген адамдар түсіме кіреді» дейді. Оның айтуынша, Германияда дүниеге келген балалар бұл сағынышты түсіне бермеуі мүмкін. Бірақ қазақтың киелі топы­рағында ғұмыр кешіп, халқының дарқан­дығын сезінген кез келген ұлттың бір бүйрегі сол жаққа бұрып тұрары анық. «Соғыс жылдарында туыстарымның аман қалуына көмектескені үшін ұлы қазақ халқына мәңгі тағзым етемін. Біз қазақтың дарқан даласында саф ауамен тыныстап, жусанның иісін иіскеп өстік. Бейбітшілікті ту еткен елдегі жылы естеліктерді үнемі балаларымызға айтудан жалыққан емеспіз. Өзімнің де күні бүгінге дейін екі ел арасында бірдей өмір сүруге деген құштарлық басым», дейді Ида әжей.

Қазақстанда туып-өскен Дмитрий Гессе де қазақ әндерін тыңдап көз жасына ерік беретінін айтады. «Қиын-қыстау кезеңде жанымызды аман алып қалған қазақ халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ата-анам Волга бойынан Қазақстанға жер аударылғанда қазақтар оларды бауырларына басып, соңғы тілім наны мен құрт-майларын бөліскен. Қазір мен де сексенге таяп қалдым. Берлинге көшіп келгенімізге де біраз жыл болды. Алайда Алматының апорты, қазақ тілі күніге түсіме кіреді. Әсіресе қазақ әндерін сүйіп тыңдаймын. Германияға балаларым үшін кеттім. Күн сайын қазақ әндерін тыңдап, қосылып айтып, жылап алатын сәттерім де болады. Туған жерім, сүйікті Қазақстанымды қатты сағындым», дейді неміс қария.

Сондай-ақ елдегі татар ұлтының өкілі Руслан Абдуллин де бейбітшілікті ту еткен Қазақстанда тұратынын мақтаныш етеді. Бүгінде «Бейбітшілік және келісім» қайырымдылық қорын басқаратын ол: «Еліміз – ұлы достықтың бесігі. Біртұтас қазақ шаңырағы астында жиналған этнос өкілдерінің тату-тәтті өмірі осыны дәлел­деп келеді. Жергілікті халықтың қонақ­жайлылық, кең пейілділігі басқа ұлттар­дың ең жақсы өкілдерінің генофондын сақтауға көмектесті. Саяси жағдайларға байланысты қуылған халықтардың өлуіне жол берілмеді. Мұны қазақ халқы жасады. Қазір олар бір ту астында тұрақтап қалды. Біз өз туымызды әрқашан мақтан етеміз. Мысалы, қазір халықаралық бейбітшілік және келісім шерулерінде Қазақстандағы бейбіт өмірді дәріптеп, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей,  Әзербайжан аумақтарында жүзден аса этнос өкілі мен әртүрлі діннің басын қосқан өз еліміздегі достықтың туын көрсету­ден жалыққан емеспіз», дейді Руслан Шавкатұлы.

Қазақстанда өмір сүрген халықтың бо­йындағы тазалық тамыры тереңге бойлаған бейбітшіліктен нәр алып жатса керек. Бір ту астында тұтасып, тату отбасындай ғұмыр кешуге септігін тигізе білген қазақ даласының сиқыры да осында болар.