Медицина • 08 Наурыз, 2019

Ер мінезді Еңлік

2858 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қыздар араласпаған, қыздар меңгермеген мамандық кемде-кем. Еңлік Мырзабекова – Астанадағы әскери бронды техника жасайтын кәсіпорында конфигурация бойынша меңгеруші. 

Ер мінезді Еңлік

Машина құрылысына керекті жабдықтарды реттеу, тактикалық-техникалық сипаттамалары негізінде көліктерді қаруландыру – конфигурация меңгерушісінің міндеті. Қысқаша айтқанда, әр көліктің түсіндірмесі мен құрылымы, өндірісі туралы деректерді түгендеп, жобаны басынан аяғына дейін қадағалап жеткізу осы Еңліктің мойнында.

Еңлік Қарағанды облысының Жәй­рем кентінде туып-өскен. Қарағанды қаласындағы №53­ жалпы білім беретін ор­та мек­теп-лицейінде оқып, кейін Қа­рағанды мемлекеттік тех­ни­­калық университетіне оқу­ға түседі. Ол мұнда да қарап жүрмей шәкіртақысынан үнем­деп, ағылшын тілін жетік мең­геріп алған. «Материалтану жә­не жаңа материалдар техноло­гиясы» мамандығын үздік игерген жас маманды алда жұ­мыс іздеу бейнеті күтіп тұр екен. Қаладағы ірілі-ұсақты цех, за­уыттардың табалдырығын тоз­дыр­­­ғанмен, көбі тәжірибең жоқ деп жылы жымиып шыға­рып салған. 

– Оқуды жаңа бітірген жас маманның жұмысқа орналасу машақаты жұрттың барлығына таныс жағдай шығар. Жарты жылдан астам уақыт жұмыс таба алмадым. «Материалтану» мамандығы Қарағандыда еш­кімге қажет болмай шықты. «Кө­лік-жол» факультеті болған соң, осы саладағы ыңғайлы жұ­мыс­тарды да қарастырып көр­дім. Қызыл дипломымды ұстап, істеймін деген ынтам болса да, ешкім керек ете қоймады, – деп еске алды Еңлік.

Ақыры сәті түсіп, ол Түркияның өнеркәсіп секторы компаниялар желісіне кіретін «Борусан Макина Қазақ­стан» орталығына қарасты «Бөл­­шек­терді қалпына келтіру» ша­ғын цехына инженер болып орналасады. 17 ер жігіттің ортасына түскен Еңлік, бұл ортаның шынайы құтқарушысы болды десек артық емес. Өйткені Еңлік келгенге дейін цех тек көлік қозғалтқыштарын жөндеумен шектеліп келген. Цех басшысы Алмас Кенжетаев пен Еңлік екеуі ақылдаса келе, шығын мен түсім, қызмет көрсету ақысына қатысты жаңа жоспар құрып, құрылысқа арналған, жол жөн­деуге және кен байытуға қа­жетті көліктерді тиімді бағада жөн­деуді ұйғарады. Осылайша бір жыл ішінде цех жұмысы қай­та жанданып, қызметкерлер саны 25 адамға дейін артыпты. Ол уақытта өндіріс құ­рылымын енді-енді жасақтап жат­қан «Қа­зақ­стан Парамаунт Ин­жиниринг» ЖШС зауытының ірге­тасы әлі қаланбаған кез-тұ­ғын. 

– Жаңа зауыт құрылатын болып, тәжірибелі мамандарды іздестіре келе, мені де кеңесуге шақырды. Компанияның серік­тесі Оңтүстік Африка Республи­касының азаматы Йохан Дел­порт өзі қабылдады. Сөзіне қа­ра­сам, ешқандай өндіріс жоқ. Қой­ған сұрақтарына жа­уап беріп, екіұдай оймен шығып кет­­тім. Артымнан Йохан мырза жүгіріп келіп, жұмысқа қа­луымды сұрады. Өйткені цехта жүріп біраз тәжірибе жинап қалған едім. Жалақысына кел­іскен соң, үй-ішімнің рұқса­тымен Астанаға қоныс аудардым. Бір жа­ғынан зауыттың ір­гетасын бір­ге қаласқан соң, өндіріс барысын бүге-шігесіне дейін білесің. Биыл төртінші жыл сонда жұмыс іс­теп келемін, – дейді инженер қыз.

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС – Орталық Азия аумағында брон­­­далған дөңге­лекті машиналарды шы­­­ға­ра­тын ірі кәсіпорын. Қазақстан ар­миясының жарақтандырып отырған зауытта машина кор­пусын кесу, ма­йыс­­тыру, дәне­керлеу, дайындау, бояу, сы­нау сияқты өндіріс үдерісі то­­­лық игерілген. 2016 жылдан бері кәсіпорын қазақстандық әс­керді, сонымен қатар елдің басқа да әскери ведомстволарын қаруландыруға отандық өндірістің «Арлан» және «Алан» брондалған дөң­гелекті маши­наларын табысты жет­кізіп ке­леді. Еңліктің айтуынша, мұн­дай көліктер жауынгерлік іс-қи­мылдар ошағына экипаж­ды жеткізуге арналған. НАТО стандарттары бойынша бал­лис­тикалық, оққа қарсы қорғаныс­пен қапталған көліктің салмағы ша­мамен 13 тонна болса, са­ғатына 110-120 шақырым жыл­­дам­дықпен жүйткиді. Ал дөң­гелектері 70 оққа дейін төтеп бе­ретін көрінеді. 

– Жобадан кейін көліктердің 3 D мо­делінің имитациясы жаса­лады. Дайын болған үл­гіні полигон алаңдарында іш­­­­­кі сынақтардан өткіземіз. Ар­найы құрылғы арқылы нақ­тылы өлшемдері алынады. Көп­мақсатты бронды машина­ның ең басты ерекшелігі, көлік ішін­дегі адамды жарылыстан аман сақтайды. V пішіндес кор­пусы түрлі жарылғыш зат­тарға төтеп береді, – деген инженер мұндай машиналардың көп­теген алдыңғы қатарлы елдерде қолданыста екенін айтады.

Шығарылатын техниканың бар­лық түрі -50⁰С-ден +50⁰С температурасына дейінгі қатаң климат жағдайында пайдалануға толығымен ыңғайланған. Тап­­сырыс берушінің қалауы бойынша қару-жарақтың бар­лық түрі, тіпті минометті қон­дыр­ғы және танкке қарсы бас­қары­латын ракета жүйесін ор­натуға мүмкіндік бар. 

«Өңкей ер адамдармен жұ­мыс істей келе ер мен әйел­дің табиғатының мүлде бөлек еке­нін ұқтым. Ер адам – күш­тің, әйел адам – сезімнің, пара­саттың иесі. Бұл табиғат заң­дылығы. Сондықтан ер мен әйел­дің мүмкіндігін салыстыра алмаймыз, керісінше бір-бірін толықтыру арқылы тамаша механизм құрады», дейді біздің кейіпкеріміз. 

Биік тауда өсетін еңлік гүлін француз халқы Альпі жұлдызы десе, Италияда күміс жартас гүлі деп атайды. Ал аты да, заты да көркем біздің Еңлікті ең­бекке деген құлшынысы мен­ орнықты мінезі талай биік­ шыңдарға шығаратынына сене­міз. Дәл осындай жандар игілік­ті қоғамның жаршысы болмақ!

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»