05 Сәуір, 2012

Лаңкестік әрекеттің алдын алды

482 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Лаңкестік әрекеттің алдын алды

Бейсенбі, 5 сәуір 2012 7:39

Ингушетияда жанкештілердің қатысуымен орын алуы мүмкін делінген лаңкестік әрекеттерге тосқау­­ыл қойылды. Республиканың құқық қорғау органдарына жергілікті тұрғындардан ақпарат келіп түсіп, онда «жан­кештілердің өзін өзі жару арқылы бірнеше лаң­кес­тік актілерге баруы мүмкін» екендік­­тері ескертіліпті.

 

Бейсенбі, 5 сәуір 2012 7:39

Ингушетияда жанкештілердің қатысуымен орын алуы мүмкін делінген лаңкестік әрекеттерге тосқау­­ыл қойылды. Республиканың құқық қорғау органдарына жергілікті тұрғындардан ақпарат келіп түсіп, онда «жан­кештілердің өзін өзі жару арқылы бірнеше лаң­кес­тік актілерге баруы мүмкін» екендік­­тері ескертіліпті.

Осыған орай, Ресейдің Федералды қауіпсіздік кеңесінің жедел құқық қорғау органдары қызметкерлері лаңкестердің көліктері мен олардың қозғалу бағыттарын анықтаған. Со­ның нәтижесінде 3 сәуір күні кешкі сағат тоғыз шамасында республиканың Федералды қауіпсіздік кеңесі мен Ішкі істер министрлігі қызметкерлері Назрань көшесінде өзде­рі­не қарсылық көрсеткен 5 бірдей жанкештінің көзін жойған.

Өлімнің себебі анықталу үстінде

Франциядағы Саяси зерттеулер инс­титутының жетекшісі Ришар Дескуэн­нің өлі денесі Нью-Йорктегі қонақ үй­лер­дің бірінде табылған. 53 жастағы сая­саткер сейсенбі күні таңертең Колумбия университетінде ұйымдас­ты­рыл­­ған конференцияға қатысуы тиіс екен.

Алайда, ол іс-шараға келмегеннен кейін саясаткердің әріптестерінің өтініші бойынша қонақ үй қызметкерлері оның бөлмесіне көтеріліп, Ришар Дескуэннің өлі денесін көрген. Нью-Йорк полициясы саясаткер өлімінің кездейсоқ еместігін айғақтап отыр.

 Шекаралық бақылау күшейе ме?

Германияның Ішкі істер министрі Ханс-Петер Фрид­рих Шенген келісіміне мүше елдерге қатысты шекаралық бақылауды енгізу жөнінде ұсыныс айтты.

Фридрихтің пікірінше, Еуропада шекаралық бақылауды тек ауқымды іс-шаралар, мәселен, футбол жарыстары мен сая­­­­си конгрестер кезінде ғана енгізбеу керек. Мұндай бастама Шенген аймағының шекарасында тұрған елдер өзара келісімді сақтамаған жағдайда және заңсыз иммиграция тол­қынына тосқауыл қою үшін қажет, деп санайды саясаткер. Неміс министрі шекараның ашық болуы біртұтас Еуропа үшін үлкен маңызға ие екендігін, алайда, қауіпсіздік мә­се­лесін де назардан тыс қалдырмау қажеттігін алға тартады.

Үшінші рет сайлауға түспекші

Сербия президенті Борис Тадич өзінің өкілетті­гінен мерзімінен бұрын бас тартты. Бұл туралы Президент өзінің биліктен бас тартуын елде 6 ма­мыр­да өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға алдын ала дайындық жүргізуге мүмкіндік беруімен байланыстырған. Бір айта кетерлігі, бұл сайлау парламенттік және муниципалдық сайлаулармен бір мезетте өтетін болады.

Тадичтің өкілеттік мерзімі тек 10 айдан кейін ғана, яғни 2013 жылдың 15 ақпанында аяқталуы тиіс болатын. Жаңа сайлауда тағы да сайлауға түсуге ниеттеніп отырған ол егер де жеңіске жетсе, үшінші рет президенттік өкілеттікке ие болмақ. Тадичтің президенттік сайлаудағы басты қарсыласы оппозициялық Сербия прогресшіл партиясының лидері Томислав Николич болуы мүмкін.

Басқарма бастығы парамен ұсталды

Косовоның Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес басқармасының бастығы Назми Мустафиге өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және пара алды деген айып тағылып отыр.

Мемлекеттік прокурор Исмет Кабаши Мустафиге қатысты хабарламада: «Бұл оқиға Косовоның барлық заң жүйесіне нұқсан келтірді», деп мәлімделген. «Менде бұл азаматтың қатысуымен болған басқа да осы тектес әрекеттер жөнінде ақпарат бар. Арнайы зерттеулер жүргізу үшін тағы да қосымша ақпараттарға ие азаматтардың бізге хабарлауын сұраймыз», депті Исмет Кабаши. Жергілікті Zeri газетінің хабарлауынша, Мустафи параларды делдалдар жүйесі арқылы алып отырған.

Қастандық әрекетіне еш өкінбейді

2011 жылдың жазында Норвегияда 77 адамның өмі­рін қиып, екі бірдей ауыр лаңкестік әрекетке ба­р­ған Андерс Беринг Брейвик «психикалық аурудан ем­делу өлімнен де жаман», деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы ол өзінің 38 беттен тұратын ашық хатында жазған.

«Саяси белсендіге психикалық ауру деген диагноз қойып, оны емдету үшін ауруханаға жіберу – бұл барып тұрған, тіпті оны өлтіргеннен де артық қатыгездік! Мұндай тағдыр өлімнен де жаман», деп жазған өз хатында Брейвик. Хатында лаңкес медициналық сарапшылардың өзіне жаса­ған қорытындысын «жіліктеп шағып берген». Сондай-ақ, ол медициналық қорытынды жасау кезінде дәрігерлердің эмоцияны басшылыққа алғандығын, бұған өзінің асқан қатыгездікпен жасаған әрекеттері себеп болғандығын, ал өзінде ешқандай ауытқушылық жоқ екендігін мәлімдеген. Брейвик өзінің қастандық іс-әрекетін «Еуропаны исламданудан құтқару үшін жасадым» деп түсіндіруде көрінеді.

Талабын ескермей тастады

 Халықаралық қылмыстық сот Палестина автономиясының Израильге қатысты талабын қараудан бас тартты. 2011 жылдың шілде айында Палестина ұлттық автономиясы жетек­ші­лері Ха­лық­аралық қылмыстық соттан Из­раиль­д­ің қарулы күштерінің жасаған әскери қылмыстарына зерттеу жүргізуді талап еткен болатын.

Палестина басшыларының пікірінше, бұл қылмыстар 2008-2009 жылдары Газа секторында орын алған. Алайда, Халықаралық қылмыстық сот бұл талаптың ескерілмеуін Палестина ұлттық автономиясының әзірге БҰҰ-ның толыққанды мүшесі еместігімен, сәйкесінше, Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясы Палестина жерінде таратылмайтындығымен түсіндірген.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.