Қазақстан • 11 Наурыз, 2019

Ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады

1427 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жер кадастры бойынша 37 қызмет түрін көрсетеді. Оның ішіне жер аумағын, құрылымын, топырақ құрамын анықтау бойынша жұмыстар кіреді. Бұлардың қатарындағы төртеуі мемлекеттік қызметтер. Атап айтқанда, жер учаскелерінің кадастр құнын анықтау, жер телімінің сәйкестендіру құжаттарын әзірлеу және беру, мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін ұсыну және жобаланатын жер учаскесін келісу сияқты қызметтер мемлекеттік корпорацияның облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы филиал қызметкерлерімен атқарылады.

Ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады

«Бүгін біз бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры жобасын әзірлеп жатырмыз. Ол бірнеше ақпараттық база мәліметтерін біріктіріп, мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне ықпал етеді. Жер кадас­тры бойынша мәліметтер неғұрлым дәл болу үшін біз ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алдық. Ол жердің 1:10 000 рұқсаттағы цифрлы карталарын әзірлеуге көмектеседі. Себебі әуеден түсірілген бірнеше сантиметрге дейінгі нақты карталар қазір жоқтың қасы», – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов. 

Қазір жерге қатысты мәлі­мет­тер базасы GPS, спутник навига­то­ры, қашықтан зондтау және геоақ­па­раттық жүйелер сияқты цифрлы техно­логия­лар­дың көмегімен жасақталуда. 

Мемлекеттік корпорация ұшқыш­сыз ұшу аппаратының екі данасын қолданысқа енгізіп, оларды басқара алатын мамандарды арнайы оқытады. Ұшқышсыз ұшу аппараттары мен арнайы бағдарламалардың көмегімен жердің 2D, 3D модельдегі карталарын әзірлеуге болады. Әуеден түсірілген су­рет­тер цифрлы форматтағы то­по­­г­рафиялық карта мәліметтерін жылдам жаңартып отыруға көмек­те­седі. Түсірілім барысында жердің гео­графиялық координаттары бірден еске­ріліп, жер бедерінің ерекшеліктері нақты жазылады. 

2018 жылы наурыз айының екінші сен­бісі жерге орналастырушы, геодезия және картография мамандарының кәсіби мерекесі деп белгіленген. Биыл екінші рет атап өтіліп жатқан мереке қарсаңында мемлекеттік корпорация төрағасы әріптестерін кәсіби мейрамымен құттықтады. «Былтыр корпорация­мыз мемлекет тапсырысы бойынша 7 млн га аумақта топырақ құрамын зерттеп, дәл сонша мөлшердегі аумақтың электронды картасын әзірледі. 10 млн га жерге мониторинг жүргізді. Еліміз цифрлы технологияларға бетбұрған заманда жер кадастры сияқты саланың да электронды форматқа ауысуы заңды. Осы жұмысты сапалы атқаруға шақы­ра­мын», – деді А.Оспанов.

Айта кетейік, «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құра­мында жер кадастры бағыты бойын­ша 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»