06 Сәуір, 2012

Дүбірге толы дүние

370 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 6 сәуір 2012 7:52

Одақ басқаға қарсылық үшін құрылмаса жөн

Жақында ғана BRICS елдері басшыларының төртінші саммиті өтіп, ол сарапшылар талдауларының арқауына айналды. Олардың пікірінше, әлемдегі жетекші елдердің арасындағы қарым-қатынас біршама шиеленісе түскендей.

Алдымен бұл ұйымның атауына тоқтала кеткен жөн. Ол алғашында орыс­ша БРИК (Бразилия, Ресей, Үнді­с­тан және Қытай) аталған. Оған былтыр Оңтүстік Африка Республикасы қосылғаннан кейін (БРИКЮ) қиынға соқты да, ағыл­шын­ша BRICS атауына тоқталған.

 

Жұма, 6 сәуір 2012 7:52

Одақ басқаға қарсылық үшін құрылмаса жөн

Жақында ғана BRICS елдері басшыларының төртінші саммиті өтіп, ол сарапшылар талдауларының арқауына айналды. Олардың пікірінше, әлемдегі жетекші елдердің арасындағы қарым-қатынас біршама шиеленісе түскендей.

Алдымен бұл ұйымның атауына тоқтала кеткен жөн. Ол алғашында орыс­ша БРИК (Бразилия, Ресей, Үнді­с­тан және Қытай) аталған. Оған былтыр Оңтүстік Африка Республикасы қосылғаннан кейін (БРИКЮ) қиынға соқты да, ағыл­шын­ша BRICS атауына тоқталған.

Ұйымға кірген елдердің әле­уе­ті өте жоғары. Бес-ақ ел, олардың үлесіне бүкіл Жер шары аумағы­ның 30 пайызы тиеді. Ал халық саны тіпті зор – әлем халқының 42 пайызы. Рас, экономикалық көр­сет­кіштері төмендеу, әлемдік ІЖӨ-нің 18 пайызын өндірсе, әлем­дік сау­да­ның 15 пайызы осы елдердің үле­сін­де. Жер көлемі, ондағы бай­лық, ең бастысы – адам капиталы ұйым­ның жарқын болаша­ғын­дай, өрлеу, өркендеудің қай­нар көзіндей.

Бұл ұйымның мақсат-мүд­де­сін ашық сипаттау оңай болғанымен, көзге көрінбейтін ағысы барлығы да шындық. Осынау әлеуеті жо­ға­ры елдер ортақ мәселелерді бір­ле­се шеше отырып, жоғары қар­қын­мен дамуды көздейді десек, онда еш­қандай қайшылық жоқ. Сөйтсе де, бұл ұйымның пайда болуына да АҚШ бастаған жоғары да­мы­ған «Үлкен жетілік» елдерімен бәсе­ке­нің ықпалы күшті болды. Сол мық­тылар қатарына Ресей баса-көк­теп қосылып, оны «Үлкен сегіздікке» айналдырса да, Мәскеу онда жөнді жайғаса алмады. Оның сөзін ешкім тыңдамады деу артық болар, оның бастамашы бол­ғысы келген кейбір істерін басқалар мойындай қой­ма­ды. Сонда ол өзі мүше болып отыр­ған «сегіздікке» бәсеке болғандай ұйым құруға ұйытқы болуға кірісті.

Иә, БРИК-тің дүниеге келуі­нің басында Ресей тұрды. Бұл алып елдердің басын құраған ұйымның беделін көтере қойған жоқ. Басқаларға жол көр­сет­кен­дей үл­кен қабілет бұл елде тапшы. Оның экономикасы негізінен ши­кізатты экспорт­тау­ға негізделген, әлемдік үр­діс­те Ресей моделі өте әлсіз. Бұл әлсіздік жалпы ұжымның да сипатын аңғартады.

Дәл қазір бұл ұйымның басты тірегі – Қытай. Және ол өзінің же­текші орнын басқаға бере қой­май­ды. BRICS-тің бола­ша­ғын да жұрт Қытаймен байланыстырады. Қы­тай тауары, әсі­ресе, Еуропа ел­дерін­де, АҚШ-та өтімді болса, бұл ұйымның да беделі сақталады.

Бұл ұйымға мүше елдердің барлығы да «Жиырманың тобына» кіреді. Соған қарамай, өз­дерінің саммиттерінде көбіне өз­дерінің мүдделерін сол «Жиыр­ма­ның» мүддесінен бөліп қарай­тыны бар. Ол соңғы Нью-Делиде өткен саммитте де айқын аңға­рыл­ды. Онда халықаралық қар­жы институттарын, ең алдымен Халықаралық валюта қорын реформалау қажеттігі айтылса, ол BRICS-тің мүддесіне сай болуға тиіс деген пікір басым болды.

Сол саммитте доллар мен еуроның жолын кесу, өзара есептесуде ұлттық валюталарын қол­дану да көп сөз болды. Әрине, өз валюталарының беделін көтеру­ге ұмтылысты құптағанмен, ха­лық­аралық экономикалық байланыс­та екінші жақтың мүмкін­ді­гін шектеуді мақсатқа айналдыру жақсылыққа апара қоймайды.

Қандай одақ, ұйым оған мү­ше елдердің жолын кеңейтуге, бас­қалармен байланысын кү­шей­туге бағытталса ғана жақ­сы­лыққа бас­тайды. BRICS те Еуро­одақ, «Үл­кен сегіздік» сияқты құ­ры­лым­дармен, әлемдегі жетек­ші елдермен байланыстарын кеңейтуді көздесе ләзім. Ал қалайда оларға қарсы әрекеттерді мақсат тұтар болса, бұл ұйымның болашағы күмәнді.

 

Мьянмадағы жаңа дәуірдің басы

Соңғы кездерде әлемдік ақпарат құралдарының басты та­қы­рыбының бірі Мьянмадағы қосымша сайлауда демократтардың жеңісі болды. Әсіресе, телеарналарда ел астанасы көшесіндегі қаранөпір халықтыңқұрметіне бөленген оппозиция жетекшісі, Нобель сыйлығыныңлауреаты Аун Сан Су Чжи қайта-қайта көрсетіліп жатты. Халыққуанышында шек жоқтай.

Нақтылап айт­қанда, Демократия жолындағы ұлт­тық лига мен оның кө­се­мі Аун Сан Су Чжидің пар­ла­мент­­тегі жеңісі тым үл­кен де емес еді. Осы қосымша сайлау арқасында 440 орындық парламентте олар бар-жоғы 40-ақ орын алып отыр. Әңгіме басқада: демократтар кү­ресуге мүмкіндік алды, алғашқы жеңіске жетті.

Жалпы, бұл елде әскери хунта жарты ғасыр бойы, 1962 жылдан билік басында. Тек был­тыр­ғы нау­рызда ғана олар билікті азаматтық қоғамға берген болды, бірақ онда да өз ықпалындағы «Ынтымақ пен даму жолындағы одақ» партиясын таңдаған. Бәрі­бір әске­ри­лердің елдегі ықпалы күшті. Бас­қасын былай қойға­н­да, парла­менттегі 110 орын әскерилердікі.

Дегенде, әскерилердің, олар­дың басшысы генералиссимус Тан Швенің, сондай-ақ олардың ық­па­лындағы саяси күштердің ел­дегі саяси жағдайды бағалай біл­ген­дігін атап өткен жөн шығар. Елді тұйыққа тіреген әскери хунтаны ақтағалы отырған жоқпыз. Жарты ғасырлық диктатураны айыптайтын айғақ жетіп артылады. Соңы­на дейін биліктен айырылмаймыз деп қасарысар болса, ол сөзсіз «араб революциясы» жағ­дайына апарып соқтырар еді, қан төгілер еді. Олар белгілі дәреже­де бітім, келісім жолдарына жүгінді.

Билікке келген азаматтық үкі­мет те енді демократиялық талап­тар­ға құлақ асуға мәжбүр. Бұл ең алдымен Еуроодақ пен АҚШ-тың санкцияларынан құтылудың да жолы. Тек Қытай экономикасына ғана тәуелді болу бұл елді тұ­йық­қа тіреді. Сонан соң әлемдегі саяси жа­ғ­дайдан хабардар ха­лықтың шыдамы да шегіне жетіп отыр. Соның алдын алу­дың бір жолы қо­сым­ша парла­мент­тік сай­лау­ға оппозицияны шақыру еді.

Иә, бұл үлкен пар­ламент сайлауы емес, биліктегі пар­тия­ның біраз мү­ше­лері үкімет құрамы­на, яғни министр жә­не сондай дәре­же­де­гі қызметтерге та­ғайын­далуы­на байланысты 48 де­путаттық орын босап, соған сай­лау өткен. Сол 48 орынның 40-ын оппозиция өкілдері жеңіп алды!

Бұдан жұрт үлкен қоры­тын­ды жасап отыр. Бұл қосымша сайлау емес, нағыз парламенттік сайлау бол­ғанда да 20 жыл бойы үйқа­мақ­та отырған Аун Сан Су Чжи бас­та­ған оппозиция сөзсіз жеңіске жетер еді дегенді айтады. Биліктегілер де, парламент­тегі айқын басымдығына қара­май, елде жаңа жағдай қалып­тас­­қанын іштей мойындағандай. Көшені кернеген халық шеруінің дүмпуі еріксіз мойындатқандай. Ал оппозиция жаңа дәуір бас­тал­ғанын ұран етіп көтеріп, халықтың қол­дауын айқын сезініп отыр.

Бұл жеңістің жаңғырығы ха­лық­аралық ауқымда да айқын ес­тілді. Еуроодақ өкілі Дэвид Лип­ман: «Мьянмадағы осынау мүмкін еместей өзгерістерді қол­дай­тын боламыз», деп мәлімдеп үлгерді. Ал күні кеше саммитке жиналған АСЕАН елдерінің басшылары Еуро­одақ пен АҚШ-қа Мьянмаға жасалған санкцияларды тоқтатуға шақырды.

Әскери биліктің жосықсыз сая­сатының салдарынан 50 миллион халқы бар Мьянма өзінің тағдыр­лас көрші елдерінен даму жолында көш кейін қалып қой­ды. Ерекше ел Сингапурды айт­па­ғанда, Малайзия, Таиланд, Индонезиямен са­лыс­тырғанда, Мьян­мадағы жағдай өте төмен. Ол әлемдегі ең кедей ел­дердің сапында. Халықтың тұр­мыс жағдайы жөнінде 132-ші орында. Елдің еңсесін көтеру үшін батыл саяси да, экономикалық та реформа керек. Осындай ұран көтерген оппозицияны халық қолдап отыр.

Мамадияр ЖАҚЫП.