Тағы бір ел тәуелсіздігін жариялады
Сенбі, 7 сәуір 2012 8:02
Малидің солтүстік аудандарын бақылауына алған туаре тайпасының көтерілісшілері өздері басып алған аумақты тәуелсіз деп жариялады. Франс-пресс агенттігінің хабарлауынша, 6 сәуірден бастап бұл аумақ Азавад мемлекеті деп аталады.
Сенбі, 7 сәуір 2012 8:02
Малидің солтүстік аудандарын бақылауына алған туаре тайпасының көтерілісшілері өздері басып алған аумақты тәуелсіз деп жариялады. Франс-пресс агенттігінің хабарлауынша, 6 сәуірден бастап бұл аумақ Азавад мемлекеті деп аталады.
Малидің солтүстік бөлігінде тұратын туарегтер ұзақ жылдардан бері ел үкіметіне тәуелсіз мемлекет құру жөнінде өтініш білдіріп келген. Тіпті, олармен партизандық күрес те жүргізіпті. Нәтижесінде 4 сәуірде туарегтік көтерілісшілер Мали әскерлерімен шайқаста өздері талап еткен аумақты басып алған. Наурыздың соңында бұл елде әскери төңкеріс болғаны белгілі. Ең бастысы, ел президентінің көтерілісшілерді басып-жаншуға қауқарсыздығы.
Франциядағы АЭС-тен ақау шықты
Франс-пресс агенттігінің таратқан ақпараттары бойынша, Францияның солтүстігіндегі «Пенли» атом электр стансасында радиоактивті су тамшылаған. Кейбір ақпарат көздеріне қарағанда, 5 сәуірде АЭС-те екі өрт болған. Реактор жұмысын автоматты түрде тоқтатқан.
EDF компаниясы станса операторының айтуынша, радиоактивті судың тамшылап, өрттің шығуы реакторды салқындату үшін пайдаланылатын сорғы жүйесінің қосылатын жері бүлінуінен болған. Қазіргі кезде тамшылаған радиоактивті су арнайы резервуарға құйылуда, реакторды салқындату штаттық режімде өтуде. EDF компаниясы өкілдерінің хабарлауынша, қоршаған ортаға қазірге қауіп жоқ. «Пенли» АЭС-і 1990 жылы жұмыс істей бастаған. Онда жылына 2,7 мың мегаваттқа жуық электр энергиясы өндіріледі.
Президенттік сайлауға қатысқысы келеді
Бұрынғы Югославияның соңғы президенті және сербиялық оппозиция демократтарының лидері Воилав Коштуница Сербияда өтетін президенттік сайлауға қатысуға ниеттеніп отыр.
В.Коштуница Сербия демократиялық оппозициясы ұсынған кандидат болмақ. Оның негізгі идеясы – Сербияның саяси және әскери бейтараптығы болып табылады. Коштуницаның мәлімдеуінше, «Сербия үшін бостандық синониміне» байланысты бейтараптықты сақтау. Кандидаттың айтуынша, оның бұл ұстанымы сербтердің көзқарасына жақын келеді. Сондай-ақ саясаткер Сербияның Еуропалық одаққа кіруіне және Косованың Сербия құрамында болуына үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеген.
Ресейдің НАТО-дағы жаңа өкілі
Ресейдің НАТО жанындағы тұрақты өкіліне Ресей Федерациясы сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко тағайындалады. Мұны НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтері мәлімдеді.
Александр Грушко министрдің орынбасары ретінде жалпы еуропалық және еуроатлантикалық ұйымдар мәселесімен айналысады. Дерек көздері оның аталған мәселелерді жақсы білетінін айтады. «Грушко кәсіби маман ретінде НАТО-мен көптен бері айналысып келеді», – деп атап өткен дерек көздері. Ол Ресей сыртқы істер министрлігінде 1977 жылдан бері істеп келеді. Министрдің орынбасары қызметіне 2005 жылы тағайындалған. Бұл қызметті бұған дейін Дмитрий Рогозин атқарған еді.
Ең төменгі деңгейге түсті
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның рейтингі ең төменгі рекордтық деңгейге түскен. The Syn басылымының жазуынша, екі аптада үкімет басшысының рейтингі сегіз пайызға төмендеген, қазіргі кезде ол 30 пайызды құрайды. Бұл Д.Кэмеронның өз лауазымына кіріскеннен бергі ең төменгі көрсеткіш.
Дегенмен, премьер-министрдің басты бәсекелесі, лейбористер партиясының лидері Эд Милибэндті сұрау салғандардың 19 пайызы қолдаған. Үміткерлердің арасындағы ең төменгі рейтингтік көрсеткіш премьер-министрдің орынбасары, либералды демократиялық партиясының жетекшісі Ник Клеттке тиесілі. Оның рейтингі – 5 пайыздың төңірегінде. Дэвид Кэморон рейтингінің осыншалықты құлдырауы елдегі экономикалық саясатқа байланысты болса керек.
Жолаушылар тасымалдауға тыйым салды
Белоруссияның «Белавиа» ұлттық авиа компаниясы 13 сәуірден бастап Ресейдің барлық өңірлеріне (Мәскеу қаласынан басқа) жолаушылар тасымалдауға тыйым салады. Бұл жөнінде «Белавиа» бас директорының орынбасары Игорь Чергинец хабарлады.
Дерек көздеріне қарағанда, «Белавиа» компаниясы Мәскеу, Калининград, Санкт-Петербург, Екатеринбург және Сочи қалаларына жолаушылар тасымалдап келген. Авиакомпания жазда Новосібірге рейс ашуды жоспарлап отырған. Бұл ресейліктерге ұнамай қалса керек.
Қысқа қайырып айтқанда:
* АҚШ соты мексикалық есірткі картелінің басшысы Хосе Эрнандесті өмір бойы түрмеде ұстау жөнінде үкім шығарды.
* Ливияның бұрынғы басшысы М.Каддафидің түрмедегі ұлына шабуыл жасалды. Гаага халықаралық соты өкілінің мәлімдеуінше, оның зардаптары туралы әзірге нақты мәліметтер жоқ.
* Оңтүстік Африка республикасының қарулы күштері елдің ауыл және орман шаруашылығына тиесілі жеті кемені өз бақылауына алатындығын мәлімдеді.
* Украинаның бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Г.Филипчук өз өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды.
* Берлин әуежайының қызметкерлері ереуілге шығуының арқасында айлық жалақыларының көбеюіне қол жеткізді.
* Франция президенті Николя Саркози ел президенті болып қайта сайланған жағдайда Еуроодақтың жалпы бюджетіне жарна төлеуді тоқтататынын мәлімдеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.