Бұл жеңістен бөлек, әлемнің бес дүркін чемпионы Ронни О'Салливан снукер тарихында бұрын-соңды болып көрмеген нәтижеге қол жеткізіп, өзінің спорттық мансабындағы бір мыңыншы сенчури-брейкті жасады. Еске салсақ, снукерде ойыншы бір фреймде (партия) 100 және одан да көп ұпайдан тұратын серия жасаса, мұны «сенчури-брейк» немесе «жүздік серия» деп атайды.
Мына бір қызықты дерек те назар аударуға тұрарлық. «Жүздік серия» бойынша екінші орында тұрған әлемнің жеті дүркін чемпионы Стивен Хендридің еншісінде 775 сенчури-брейк болғанымен, ол снукермен осыдан жеті жыл бұрын қош айтысқан. Ал бұдан кейінгі орындарға жайғасқан қазіргі ойнап жүрген снукершілердің 2019 жылдың 11 наурызына дейінгі көрсеткіштері мынадай:
3. Джон Хиггинс - 745;
4. Нил Робертсон - 621;
5. Джадд Трамп - 596;
6. Марк Селби - 570...
Ронни О'Салливан аталған турнирдің жеңімпазы ретінде 125,000 фунт стерлинг мөлшерінде сыйақы алды. Бұл дегеніңіз, шамамен алғанда 61 604 248,34 теңге.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды