– Қазіргі таңда мобильді топ қызметкерлері әрбір көпбалалы отбасына барып, олардың денсаулық жағдайы, жұмыс орны, отбасылық табысы енгізілген арнайы карталарды толтырумен айналыса бастады, – дейді Абай аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Сейфуллина. – Содан кейін барып, көпбалалы отбасы 1 сәуірден бастап алатын жәрдемақы мөлшері есептеліп шығарылады. Неге десеңіз, қазір әлеуметтік көмек төлемінің механизмі өзгерді. Аталған көмекті тағайындау критерийі күнкөріс минимумы тұрғысынан алғанда 50-ден 70 процентке көтерілген.
Бұдан бөлек аталған мобильді топ мүшелері тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек төлемдерінің жаңа механизмін түсіндіріп, сонымен қатар жұмысқа орналасу бойынша да ақыл-кеңестер беріп жүр.
Қарағанды облысындағы Абай ауданында тұратын көпбалалы ана Наталья Құлабекова мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінің артқанына бек қуанышты.
– Бұған дейін жәрдемақының мөлшері 12 мың теңге болса, енді сәуір айының 1-ші жұлдызынан бастап 103 мың теңге алатын боламыз, – дейді қуанышын жасыр алмаған төрт баланың анасы.
Натальяның жұбайы тек қана зейнетақыға қарап отырған мүгедек жан. Жұмыс істеуіне денсаулық жағдайы мұрша бермейді.
– Еліміздің Президентіне балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс айтқым келеді. Бұған дейін біз өзімізді көп нәрседен шектеп келдік. Балаларымыз үйірмелер мен секцияларға бара алмады. Үлкен қызымыз 15 жаста, кішісі – тоғыз айлық, – дейді Наталья.
Жылжымалы мобильді топ, сондай-ақ, төрт бала өсіріп отырған тағы бір отбасында болып, олардың хал-жағдайымен танысты. Сәуірдің бірінен бастап Индира Дианова да 91 мың теңге жәрдемақы алатын болады. Бұған дейін төрт баланың анасы ай сайын 10 мың теңге жәрдемақы алып келген-тін.
«Менің үлкен балам 9 жасқа келді, кішіміз 4 жастан асты. Елбасының арқасында жәрдемақымыз 10 мың теңгеден 91 мың теңгеге жетті. Бұл дегеніңіз, үлкен көмек. Балалар өсіп келеді: оларға жаңа киім, басқа керекті заттар алу керек. Олар да спорттық және көркемөнер үйірмелеріне барғысы келеді. Енді жағдайымыз жеңілдейтін болды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген алғысымыз шексіз!», дейді Индира.
Қазіргі таңда көпбалалы ата-аналарға жасалып жатқан жақсылықтың бірі – жеке бизнес жобаларын іске асыру үшін оларға қайтарымсыз грант беріле бастайды. Тиісті сала қызметкерлері тарапынан болашақ кәсіпкерлерге бизнес-жоспар жасауға көмек көрсетіліп, жан-жақты кеңес беріледі. Тіпті олар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер ретінде тегін курстарда оқытылатын болды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы