Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтетін шығармашылық кеште «Айгүл» ансамблінің бірнеше буыны қатар өнер көрсетіп, шоқтығы биік әндерді орындамақ.
Осыдан жарты ғасыр бұрын тыңдармандарының риясыз қошеметіне бөленген «Айгүл» ансамблі қалай дүниеге келіп еді?
Ендеше «Қазақ қыздарының парасат мектебі» деп ат қойып, айдар таққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 75 жылда жоғары білікті педагог мамандар даярлап қана қоймай, өнер мен мәдениет саласының дамуына да елеулі үлес қосты. Осы жылдар аралығында қарашаңырақ оқу орны талай таланттың томағасын сыпырып, дарынын ұштады. Ұлағат ұясында мыңдаған жас білім алып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Шығармашылық шыңдарды бағындырды.Еліміздегі мәдениет қызметкерлері мен ұстаздардың үлкен тобы осы ұлағат ұясынан шыңдалып шығып, бүгінде ұлан-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жатыр.
Осы орайда оқу орнының студенттерінен құралған «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы қазақ өнерінің тарихындағы айтулы құбылыс болғандығы белгілі. Ансамбль әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты.
Әлемнің 10-нан астам елінің үлкен сахналарында өнер көрсеткен «айгүлдіктердің» ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, «Халықтық шығармашыл ұжым» атағына ие болды. Бірнеше байқауларда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, үздік атанды. Аты аңызға айналған топ құрамында өнер көрсеткен әншілер бүгінде есімі елге танымал тұлғалар.
Сонымен бүгін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтетін концертте «Айгүл» ансамблінің кешегі арулары 50 жыл бұрынғы тыңдармандарымен қайта қауышады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ