Қазақстан • 12 Наурыз, 2019

Ерлан Қошанов елді мекендердегі қарларды шығаруды тапсырды

966 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында көктемгі су тасқыны кезеңі 20 наурыздан басталады деп күтілуде. Қазірдің өзінде барлық күш сақадай сай. Гидро нысандар мен қауіпті аймақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ерлан Қошанов елді мекендердегі қарларды шығаруды тапсырды

- Соңғы жылдары облыста 180 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, орнатылған. Жағалауларды бекіту мақсатында өзен арналарының 46 шақырымында жұмыс жүргізілген. Қазіргі таңда су жіберу құбырлары мен автомобиль жолдары бойындағы шеңберлерді тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Темір жол аумақтарында да көпірлер, су ағар арықтар қар мен мұздан, қоқыстан тазартылуда, - деді аппараттық жиында облыстық ТЖД басшысы Ибрагим Күлшімбаев.

Ол облыс бойынша 830 мың куб қар шығарылғанын атап өтті. 

Үлкен судың қаупінен қорғау үшін елді мекендерде алдын алу жұмыстары жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Су тасқынына мониторинг ғарыштан жүргізіледі. 

Облыстың ірі су сақтау қоймаларында су лақтыру жұмыстары жүруде. 13 наурыздан бастап өзендерді жару жоспарланған.

- Барлық су тасқыны қаупі бар жерлер ерекше бақылауға алынсын. Су өту құбырларын уақытылы тазалап отыру керек. Бірінші кезекте, елдімекендерден қар шығару жұмыстары ұйымдастырылуы тиіс. Бұл әкімдердің міндеті. Су тасқындарына дайындалу тәжірибесі бізде бар. Техника мен құралдар да дайын. Тек жағдайды үнемі назарда ұстау керек. Біз төтенше жағдайларға жол бермеуіміз керек. Біздің басты мақсатымыз – адамдарды қорғау, - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.