Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Педагогикалық музей қайта ашылса игі

1268 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2015 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия интернатында КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, шын мәніндегі ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаева атындағы музей ашылған-ды. Отыз жылдан астам уақыт табан аудармай еңбек еткен оқу ордасында, өзі маңдай терін төгіп жұмыс істеген жерде ірге көтерген музейдің ерекшелігі, еліміздегі ұстаз құрметіне ашылған тұңғыш педагогикалық музей болуын­да еді.

Педагогикалық музей қайта ашылса игі

Жыл сайын 500-ден астам мұғалім келетін

Музей жұмысын бастаған кезде сол кездегі облыстық бі­лім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев нысанды жаб­дықтауға 2 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырса, білім басқармасының кейінгі басшысы Айжан Садықова музейге музей жетекшісі және экскурсия жүргізушісі деген екі штат бөлуге көмектесті. Со­­дан не керек, жұмыс қыз-қыз қайнап жатқан күндердің бірінде төтенше тексеру ке­ліп, мұның соңы штаттың қыс­қарып, музейдің қарапайым оқу-кабинетіне айналуына әкеп соғыпты. Музейдің бар бол­ғаны екі жыл ғана қызмет атқарып, жұмысын тоқтатқанын жақын­да аталған мектепте өт­кен ша­раның біріне барған кезімізде естіп, білдік. 

«Қазір елімізде Елбасының өзі бас болып, ұстаз мәртебесін көтеру жайы қоғамда қызу талқыланып жат­қанда рес­публикадағы тұң­ғыш педаго­гикалық музейдің осылай әрі-сәрі күй кешіп тұр­ға­ны жанымызға батады. Қа­нипа Бітібаеваның көзі тірі­сінде Қазақстанның түкпір-түк­пірінен жылына 500-ден ас­там мұғалім келіп, ол кісінің тә­жірибесімен танысып, ақыл-кеңес сұрайтын. Қазір музей рес­ми түрде жұмыс істемесе де, «ұлағатты ұстаздың еңбек ет­­кен шаңырағын көрейік» деп тұлғаға тағзым ете келетін жұрт қатары аз емес. Облыстық бі­лім басқармасы, «Шығыс», «Да­рын», қосымша білім беру орта­лықтары сырттан қонақ келсе, «Бітібаеваның зертханасын, му­­зейін көрсетеміз» деп ауыз толтыра айтып, әуелі осында бастап әкеледі. Ел қайдан білсін?! Музей жұмыс істейді екен деп ойлап келеді. Қазір бұл жай ғана кабинет. Десек те біз ұстаз есімін ұлықтау бағы­тындағы жұмыстарымызды жал­­ғастырып жатырмыз. Осы рет­те «Қанипатану» авторлық бағ­­дарламасы жазылғанын, ұлт жанашырының әдістеме сала­сындағы жаңашыл идеялары мен соңында қалған мол мұ­расын сақтау, қорғау, дәлелді түр­де иелік ету үшін мұрагерлік құ­қық алынып, арнайы мөрі жасал­ғанын сүйіншілеп айт­қым келеді. Ұстаз атындағы зерт­хана филиалдарының са­ны да жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Көзі тірісінде 9 зертхана болса, қа­зіргі таңда оның саны 16-ға жет­ті. Республикалық зертхана халықаралық ЮНЕСКО клу­бының атағын алды. Қа­ни­па Омарғалиқызының педа­гогикалық еңбектері орыс тіліне аударылуда. «Қанипа әлемі» ат­ты 3D журнал шығару ойы­мызда бар. Музей-кабинет рес­пуб­ликалық инновациялық-педа­гогикалық фестивалінде 3-орынды иеленді. Жоспар көп,­ атқарылар жұмыс ауқым­ды. Сондықтан музей қайта ашылса, арнайы штат бөлінсе жақсы-ақ болар еді», дейді Жам­­был атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гим­назия-интернаты директо­рының инновациялық жұмыс­тар жөніндегі орынбасары Бақытгүл Ауғанбаева. 

«Таңды «мектеп» деп аты­рып, түнді «мектеп» деп ба­тырып жүргенімде 45 жыл­дың қалай өткенін білмей де қалдым. 45 минуттан 45 ми­нутқа жалғасып жатқан ғұмыр ке­шіппін. Осы 45 минуттарда өмірімнің ең сәулелі, ең ба­қытты сәттері жатыр. Осы 45 минуттарда иірімі мен ире­леңі, етегі мен шыңы, жайлауы мен шөлі қатар келіп жа­­татын маңдайға жазылған тағ­дырым да жатыр екен. 45 минут мені дәулет, байлық биігіне көтермесе де, рухани байлық сыйлады, есімімді ел­ге аңыз етіп таратты. Осы 45 жылда мен халқымның қазір өмір­де жоқ асыл сөз иелерін ті­­рілтуге, тірісін ұлықтауға тер төктім» деп толғаныпты дә­­уірдің дара ұстазы өзінің «Егіз өрім» атты кітабында. Мек­­­теп ішіндегі Қанипа Біті­баеваның музей-кабинетіне аяқ бассаңыз, «45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұ­мыр кешкен» дара тұлғаның ең сәулелі, ең бақытты сәттерін көз алдыңыздан өткергендей боласыз. Расында, бұған дейін музей ретінде жұмыс істеп, бүгінде оқу кабинеті болып тұрған жер­ді ешкім оқу кабинеті деп ойламайтыны анық. «Ұстаздар падишасы жаңа ғана бір жаққа шығып кеткендей, міне-міне, кіріп келетіндей әсер етеді» деп бір әріптесіміз жазғандай, бұл жерде әйгілі ұстаздың ая­лы алақанының табы қалған, күні-түні көз ілмей, «жүрек майы­ның шамын жаға отырып» (С.Торайғыров) жазған құнды дү­ниелері көп. Тұлғаның жұмыс үстелі, онда жатқан дәптердің ашық парақтары, қаламы мен көзілдірігі шынында да батыр мінезді ұстаз маңғаздана ба­сып кіріп келетіндей әсер қал­дырады. 

1555 жәдігер, 8 мыңға жуық дидактикалық материал бар

Музейдің бұрынғы жетекші­сі, мектептің қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі Қар­лығаш Сағиеваның айтуынша, оқу кабинеті «Аңызға бастар қайнарлар», «Ұстаздық еткен жа­лықпас», «Ғалымның хаты өл­мейді» деген үш бөлімнен тұрады. 

«Мұндағы бір үлкен, екі кіші экспозиция бөлмесінде ұзын саны 1555 жәдігер бар. Ұстаздың өз қолымен жазған са­бақ жоспарлары, дәріс барысында пайдаланған көрнекілік құ­ралдары, қазақ тілі мен әде­биеті пәніне арналған 8 мың­ға жуық дидактикалық материалдары, 100-ден астам ғы­лыми мақалалары, электронд­ы оқулықтары, алғашқы монографиясы, қолжазбалары, жаз­ған өлеңдері, афоризмдері, 41 кітабының 27-сі осында сақ­таулы. Біртуар тұлғаның әр жыл­дары алған түрлі марапаттары, киген киімдері, тұтынған заттарының бәрін осы жерден көруге болады. Халықаралық мәртебеге көтерілген ұстаздың атаулы ғылыми-әдістемелік зерт­ханасы, оның филиалдары жайындағы мәліметтер, атаулы мек­тебі мен авторлық сыныбы туралы құжаттар да осы залдан орын алған», дейді ол.

Музейдің оқу кабинетіне айналғанына өңірдегі зиялы қауым өкілдері де алаңдаулы. «Осы музейдің ашылу салтанатына өзім де қатысып едім. Қанипа Бітібаеваның педа­гогикалық музейі ашылған­да ұстаздардың барлығы қуан­ды. Ол кісінің атаулы­ зерт­ха­насының филиалдары, оқу кабинеттері облыс­ты қойып, республиканың көптеген өңір­лерінде ашылып, жұмыс істеп жатыр. Оқушылар арасын­да­ғы дәстүрлі Қ.Бітібаева атын­дағы республикалық олимпиада енді халықаралық деңгейде өтеді деп жоспарлануда. Сонау Кеңес заманында Мәскеуге бар­­ғанында «менің ең нашар оқушыларым Пушкинді жат­қа білгенде, Мәскеудің ең үз­дік оқушылары Абайдың кім екенін білмейді» деп қасқайып сөйлеген қайсар тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.­ Ол кісінің құрметіне мектеп­ ішінен музей ғана емес, Орал­дағы Қадыр Мырзалиев орта­лығы секілді жеке орталық ашып қойса да, артықтық етпес­ еді.­ Сондықтан облыстық бі­лім бас­қармасы бұл мәселені назар­ға алып, тиісті шешім шығарар деп ойлаймыз», дейді ұстаздың шә­кірті, қоғам қайраткері Түсіп­хан Түсіпбеков. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

ӨСКЕМЕН