Архив • 01 Қазан, 2024

Архивке арналған пошта маркасы

122 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1-4 қазан күндері Алматы қаласында өтетін «Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» II конгресі қарсаңында Президент Архивінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы арнайы таныстырылды. Салтанатты рәсім Президент архивінің ғимаратында өтті. Арнаулы пошта маркасын таныстыру рәсіміне Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина мен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова қатысты.

Архивке арналған пошта маркасы

Жиында Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина сөз алып, архивтің өткен тарихы мен бүгінгі ахуалы жөнінде атап өтті. Сондай-ақ ол Президент архивінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасын шығару бұл өткенге құрмет және оны насихаттауға ұмтылыстың көрінісі екенін тілге тиек етті.

«Мерейтойлық пошта маркасын шығару архивтің «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңында бекітілген құжаттық мұраны қалыптастыруда рөл атқа­ратын стратегиялық ақпараттық ресурстардың бірі ретіндегі ерекше мәртебесін көрсетеді», деген Ә.Мұстафина пошта маркасын шығарған «Қазпошта» басшысы Әсел Жанасова мен ұжымына зор алғысын білдірді.

Мерейтойлық пошта маркасын шығару отандық архившілердің жұмысына деген үлкен ықыластың белгісі деуге болады. Өйткені отандық пошта маркасы алғаш рет архив саласына арналып отыр. Марка 1 қазаннан бастап айналымға шығады. Жалпы тиражы 5 мың дананы құрайды. Пошта маркаларындағы суреттер – маңызды тарихи оқиғалар мен жетістіктердің шежіресі. Арнайы мөртабанмен белгіленгеннен кейін коллекциялық құнды­лық­қа ие болады, архивте сақ­талған тарихи, маңызды құ­жат­тар сияқты есте қаларлық нысанға айналады. Президент архивіне арналған алғашқы мерейтойлық марка еліміздің даму тарихын зерттеушілер мен филателистердің топтамаларында лайықты орын алып, нағыз сирек кездесетін құндылыққа айналатыны сөзсіз.

 

АЛМАТЫ