Аймақ туризмді дамытуға қолайлы өлке ретінде танылып, бұл тұрғыда ақпараттық материалдар дайындалып, халықаралық конференциялар мен көрмелер ұйымдастырылуда. Арнайы мақұлдаудан өтіп, жасақталған ондаған туристік маршрут бар. Алайда, осы күнге дейін Маңғыстау облысының туристік маршруттар санатына қосылған, міндетті түрде баруға ұсынылатын маңызды рекреациялық аймақтарда тазалық сақтау жүйесі ұйымдастырылмаған. Көктемгі-жазғы мезгілден соң, туристік нысандар күрделі антропогендік ықпалдың әсеріне ұшырайды. Демалыс орындарының аумағы түрлі тұрмыстық қалдықтарға толып кетеді.
«Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы – коммерциялық емес және мемлекеттік емес ұйым. «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, қоршаған ортаны сауықтыруға, оның ресурстық әлеуетінің келешек ұрпақ үшін сақталуы бағытында азаматтарды оқыту, азаматтық белсенділігін арттыру, табиғатты қорғауға бағытталған бұқаралық шараларды ұйымдастыру арқылы және қоғамның экологиялық және әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыруға қатысуына ықпал етеді. «Эко Маңғыстау» сегіз жылдан бері «Саура» шатқалы, «Самал» бұлағы, «Тамшалы», «Көгілдір қойнау», «Ақмыш сай», «43 км», «Жығылған» мүйісі, Шерқала тауы сынды рекреациялық орындарының санитарлық жағдайын ұстап тұруға ұмтылып келеді.
– Қызметке кіріскеннен бергі 8 жылда осындай жүйені іске қосу туралы бірнеше рет ұсыныс жасадық. Алайда табиғи орындар аудандар аумағында орналасқанмен, аталған мақсаттарға бюджеттен бөлінетін қаржы болмай қалады. Біз қалдықтардың кей түрлерін өңдеумен айналысатын кіші бизнес өкілдері, жеке кәсіпорындар тарапынан осы бағытта бірге жұмыс жасауға деген қызығушылық оянады деп үміттенеміз. Өзара ынтымақтастық демалыс орындарынан қалдықтарды жинау мен шығару мәселесін шешу мүмкіндігіне ықпал ететін болады. Сонымен қатар біз демалыс маусымы кезінде аудандардың коммуналдық қызметтері де қалдықтарды жинап, шығару бағытында жұмыстанғанын қалаймыз, – дейді «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ-ның директоры Кирилл Осин.
Аталмыш жобаны жүзеге асыру барысында еріктілердің қатысуымен кейбір рекреациялық аймақтарды күрделі тазарту ұйымдастырылмақ. Демалушылар үшін табиғатта өздерін қалай ұстау жөніндегі ескерту ережелері жазылған ақпараттық тақтайшалар орналастырылып, табиғатты қорғау заңнамасына сай құқық бұзушыларға қолданылатын жаза туралы ескерту ақпараттар ілінеді. Кейбір аумақтарда қалдықтарды жинауға арналған көлемді бокстар орнату көзделіп отыр, сондай-ақ түрлі қалдықтар үшін арнайы бөлек орындар болады, мысалы пластик немесе шыны қалдықтарын және өзге қалдықтарды бөлек жинақтау мүмкіндігі қарастырылады. Жыл басынан бері қалдықтарды көму полигонына кейбір қалдықтар түрінің қабылдануы тоқтатылғандықтан қалдықтардың әрқайсысын бөлек жинау өзекті, әрі қатты тұрмыс қалдықтары жүйесін басқарудың қажетті шарттарының бірі болып табылады.
– Қоғам белсенділерінің бастамасымен қолға алынып жатқан бұл жоба өте өзекті мәселені көтеріп отыр, ол еріктілерді іске тартумен Маңғыстау облысының рекреациялық орындарын тазалау және қалдықтарды бөлек жинау арқылы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне оң әсер етіп, өзіндік үлесін қосары анық. Біз осы бастаманы қуана қолдаймыз, дейді ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Р.Артығалиев.
Қоршаған ортаның тазалығы – оның сақталуына, қауіпсіздігіне негіз болумен қатар, туристердің лайықты демалуына жасалған жағдай болары анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazagstan»
Маңғыстау облысы