Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Қыранды қорлауға бола ма?..

1143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақсылық хабар құлағымызға тиген соң Астанаға жол түскен. Нағашы жұрттың ақ түйенің қарны жарылған шадыман шаттығы. Отыздан асып барып отау құрған ұлының үйлену тойы. 

 

Қыранды қорлауға бола ма?..

Тек мейрамханалар орна­ласқан кең көше екен. Шақыру билетіне жазылған атауы бо­йын­ша ат басын тіре­дік. Біздің қазақтың өзге жұрт­тан асып тұрған жалғыз ша­руасы – тойды тамаша қы­лып жасау шығар? Ертең ел-жұрт, көр­ген, қатысқан адам аузы­ның суы құрып айта жүре­тіндей етіп өткізгісі келеді. Еңселі мейрамхананың есі­гінің алдында жалаңтөс батырлар қарсы алды. Кәдімгі тор­ғайкөзді ақсауыт киген, жар­ты әлемді жауып тастай­тындай қалқан ұстаған, қолдарында үш құлаш ақ най­за. Сапарласымыздың бірі ел ағасы еді. Біртүрлі тік­сініп қалды. Қуанып келге­ні­мізде найза ұстап, қарсы ал­ғаны несі деп. Босағада тұр­ған қос батырдың жанында сары­а­ла тазылар жатыр екен. То­пыр­лап өтіп жатқан, дабыр­лай сөйлескен адамның бі­рі­не мойнын бұрып қара­май­ды да. Тазылардан әрі­рек, тұғыр үстіне бүркіт қон­­ды­рылыпты. Томағалы кө­зі тобырды көр­месе де, қыр астындағы қоян­ның жы­мын­дағы қимылды қалт жі­бер­мей еститін қыран емес пе, жүздеген аяқтың тарсылынан мезі болған сыңайлы. 

Әлгі көрініс біртүрлі әсер етті. Ескінің жаңарғаны, жо­ғал­ғанның табылғаны сипа­тын­дағы дүние. Бұл тек әуелгі көзкөрген, сырттай сұқтанған көрініс. Ал ішкі мазмұн ше?..

Той тамаша өтті. Тек бета­шары тым ұзаққа созылды. Асаба да алысқа сілтейтін ақ­табан екен, бес құлаш бет­а­шарды мүдірмей айтып шық­­ты. Алыстағы ағайын-туыс, жақындағы жұрағат, мыңжылдық құда-құдағидан аты аталмай қалған кісі жоқ-ау деймін. Сөйтсек, аты аталған адам ортадағы та­бақ­қа көрімдігін тастау керек екен ғой. Ал атын атамаса, топ ішінде тырп етпей тұра беруі де мүмкін. Ұлттық валютаның талай түрі қобырап табаққа түсіп жатты. Асаба да ағайынның әрқайсысын әрлеп, тілі жеткенше сипаттап таныстырды. Бірақ жас келін иіліп сәлем бермеді. Өзгесін былай қойғанда, ата-енесіне де. Аяғы бүгілмейтін ағаш аяқ келін екен. 

Тағы таң-тамаша қал­ға­нымыз, қара нәсілді азамат­тардың ән салғаны. Кәдімгідей қазақша, әлде әні мен сөзін жазып алды ма екен, әйтеуір, дуылдатып айтып шықты. Ал халық болса, қыран-топан. 

Көптен күткен той да тә­мам болды. Ертерек аттан­бақ болып көз байланбай тұ­рып шыққанбыз. Қос батыр ке­тіп қалыпты. Тазылар да жоқ. Жұртта қалғаны жалғыз бүркіт. Оның өзі тұғырда емес, жерде отыр. Қайтсін, қа­­зақтың тойы қашан бітеді деп тосумен қажыған шығар. Қы­­ран емес, қауырсынын жел қа­йыр­ған тауық кейпінде. Апыр­май, бір сәттік қызық үшін құс төресі – қыранды да дәл осылай қорлауға бола ма екен?! 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы