Спорт • 13 Наурыз, 2019

Қазақстан ҰОК пен ЮНЕСКО әріптестік туралы келісімге келді

1070 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен ЮНЕСКО ресми түрде әріптес атанды. Қазақстан ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков және ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша кластерлі бюросының директоры Криста Пиккат құжатқа қол қойды. Меморандум Орталық Азияда қабылданған алғашқы құжат. 

Қазақстан ҰОК пен ЮНЕСКО әріптестік туралы келісімге келді

Тараптар меморандум аясында допингпен күрес кезінде күш біріктіріп, дене тәрбиесі мен спортты насихаттауға мән бермек. Одан бөлек, қазақстандықтар арасында олимпиадалық қозғалысты дамытуға, жалпыға ортақ және теңдей спортты қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Жалпыға арналған спорт, білім және гендерлік теңдік жөніндегі бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттары да белгілі болды. 

Таза спортшыларды қорғап, допингпен күресу әлемдік олимпиадалық қозғалыстың, оның ішінде Қазақстанның да басты мүдделерінің бірі. Олимпиадалық хартия, Бүкіләлемдік допингке қарсы Кодекс пен спорттағы допингпен күресу жөніндегі Халықаралық Конвенция допингпен күрес жолындағы басты құжаттар саналады. Айта кетелік, Бейжің Олимпиадасы ЮНЕСКО аясындағы допингпен күресу жөніндегі Халықаралық конвенция күшіне енген соң өткізілді. Қазақстан бұл құжатты 2009 жылы ратификациялады.  

«ҰОК президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайтуды мықтап тапсырды. Оның үстіне, Халықаралық Олимпиадалық комитет мен ЮНЕСКО қарым-қатынасының кірпіші баяғыда қаланған. Көптеген салаларда бір-біріне қолдау көрсетеді. Біз өз еліміздегі әріптестікті дамытып, көрсетілген бағыттар бойынша белсенді түрде қызмет етуге дайынбыз. Бүгіннен бастап ресми түрде әріптес атандық. Бұл қадам біздің бірлескен жұмысымызға жаңа серпін беріп, ортақ мақсатқа жету жолында көмектесері сөзсіз», - дейді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков. 

Меморандумға қол қою сәтінде Пиккат ханым әріптестік орнатылғаны туралы былай деді. 

«Біз Қазақстан ҰОК-пен әріптестік орнатқанымыз үшін қуаныштымыз. Себебі, ЮНЕСКО үшін спорт жай ғана жарыс немесе дене тәрбиесі емес. Спорт – толерантты, әділетті және бейбіт қоғам қалыптастырудағы негізгі құралдардың бірі, ол адамдарды жынысы мен сеніміне, нәсіліне қарамастан біріктіреді. Арамыздағы әріптестік спортты дамытуға жаңа күш беріп, Қазақстандағы олимпиадалық қозғалысты насихаттай түсері анық»,- деді ол. 

Бүгінге дейін Қазақстан ҰОК пен ЮНЕСКО-ның бірлесе дайындаған бірнеше жобасы өткізілді. Соның бірі – өткен жылдың аяғында ұйымдастырылған “Girls Power” Women Athletes' Career Transition Program" бірлескен семинар-тренингі. Бағдарлама спортшы қыздар мен спорттық мансабын аяқтаған немесе аяқтауға жақын жанжардың өзге де әлеуметтік салаларға ауысуына бағытталған. Қазақстанда алғаш рет өткізілген жоба атлеттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырғандықтан, болашақта да жалғасын табары сөзсіз. 

Айта кетейік, қазақтың ұлттық ойыны «Асық ату», «Қазақ күресі», «сұңқармен аң аулау» деген саятшылық өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.