В.В.Бартольд, А.Ю.Якубовскийлер Сығанақ қаласына қатысты деректерді молынан қалдырған, тіптен ғылыми еңбек те жазған. Оның «Развалины Сыгнака» атты зерттеу еңбегін қазақ тіліне аударып, оқырмандарға кезінде ұсынған да болатынмын.
Ал «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Керім «Сығанақ саңлағы» атты монографиялық еңбек жазды. Осы ғылыми еңбегінде, Ш.Керім: «Сығанақ, Сиғнақ, Суғнақ, Сунақ – бір сөздің фонетикалық нұсқалары болса керек, – деп жазған.
Сығанақта қазба жұмыстарын жүргізіп, арнайы зерттеген, белгілі зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәйден Жолдасбайұлы да Сығанақ қаласына қатысты көптеген деректі алға тартады. Күні кеше республикалық ««Egemen Qazaqstan»» газетінде жарияланған мақалада Жаңақорған кентіне жақын орналасқан Сығанақтың тарихи орнының ерекшелігі де айқын көрініс берген. Оған қоса осы орталық басылымда ескімізді есте сақтап, рухымызды асқақтату үшін Жаңақорған ауданының аты Сығанақ ауданына өзгертілсе деген пікір де айтылған.
Менің әлі де есімде, Жаңақорған ауданы орталығында «Сығанақ тарихы» музейінің ашылуы кезінде (18 мамыр 2017 жыл) Хусам ад-Дин әс-Сығнақи – энциклопедист ғалым» атты баяндамасында «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам мәдениеті университетінің ұстазы, ғалым, PһD докторы Қайрат Құрманбаев Қазақстан тарихы оқулықтарындағы әл-Фараби, Баласағұни, Махмұт Қашқари секілді қазақ даласының ойшыл ғалымдарының қатарына дін, құқық, тіл салаларында құнды еңбектерімен танылып, көпшілік еңбектері осы күнімізге дейін жеткен Хусам ад-Дин ас-Сығнақидың да рухани мұрасын енгізу қажет. Сондай-ақ мектеп, медресе немесе орталықтарға және көшелер мен аудандарға ғалымның атын беру арқылы да ас-Сығнақи мұрасын жаңғыртып, жалпы халыққа таныту қажеттігін атап кеткен еді.
Міне, енді Сығанақ қаласының атын Жаңақорған ауданының атына берудің де уақыты пісіп жетілді деп ойлаймын.
Сұлтан САРТАЕВ,
академик, заң ғылымдарының докторы, профессор