Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Алдымызда ауқымды міндеттер тұр

993 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1995 жылы Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан өзін демо­­кра­тия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жа­рия­лады. Сондықтан адам және оның өмірі, құқықтары мен бос­­тан­дықтары еліміздің ең басты құндылықтары болып саналады.

Алдымызда ауқымды міндеттер тұр

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық пен мем­лекеттік биліктің тұтастығы мен кепілі ретінде Конституцияның, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының негі­зін құ­райтын қағидалардың мыз­ғы­­мас­тығын кезекті мәрте дәлелдеді. 

Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және Қазақстанның әлеуметтік бағдардағы мемлекет ретінде дамуы басты міндет болып табылады және Елбасы оны ұдайы айрықша назарда ұстап келеді. Бұл мақсатқа тек Ұлттық қордан 2019-2021 жылдары 1 триллион 350 миллиард теңге бөлінеді. 

Мемлекет басшысы рес­пуб­ликаның дамуындағы жаңа кезеңді бастай отырып, халық­­тың қамтылуы төмен топ­тарын қолдау және табысы аз азаматтардың тұрғын үй мәсе­лелерін шешу жөнінде бірқатар ұсынысты атап өтті. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек алу құқығына ие көп балалы отбасыларды мақсатты түрде қолдау үшін көп балалы отбасылардағы әрбір балаға 21 мың теңгеге жуық ақы төленеді. Сонымен қатар осындай отбасылардың жалпы табысын есептеу кезінде жекелеген жәрдемақылар, оның ішінде, көп балалы отбасылар мен көп балалы аналарға берілетін мем­лекеттік жәрдемақы, балаларға арналған мүгедектік жәрдемақы, стипендиялар есептеуден алынып тасталады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларды тәр­бие­лейтін ата-аналарға, отбасы­лар мен қамқоршыларға көтерің­кі жәрдемақы берілетін болады. 

Қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын одан әрі арттыру мақсатында Мемлекет басшысы бюджет саласында еңбек ететін қызметкерлердің еңбекақысын 30 пайызға дейін көтеруді тапсырды. Сонымен қатар облыстық және аудандық деңгейдегі ат­қару­шы органдардағы төменгі деңг­ей­дегі қызметкерлерінің орта­ша еңбекақысы 25 пайызға көбейеді.

Дәрігерлік көмек көрсету са­па­­­сын жақсартуға назар аудары­лады. Әлемдегі дамыған ел­дер­дің тәжірибесін ескере отырып, денсаулық сақтау және ал­ғаш­қы медициналық-сани­тарлық көмекке жұмсалатын шы­ғындар ұлғайтылады.

Еліміздің барлық аумағын­да өмір сүру сапасын жақсарту үшін аймақтық саясатты іске асы­ру көзделіп отыр, ол облыстық және аудандық маңызы бар автомо­биль жолдарының жағдайын жақ­сартуға және аймақтық көлік инф­ра­құрылымының нысандарын жаң­ғыртуға мүмкіндік береді. 

Тұрғындарды сумен, газбен қам­­­­тамасыз ету және электрмен жаб­­­­­­дықтау секілді өткір пробле­ма­лары біртіндеп шешілетін болады.

Осы жобалардың бәрінде де ауыл тұрғындары назардан тыс қалмайды.

Мемлекет басшысы ал­да­ғы 10 жыл­да елдің әлеуметтік дамуы­­­ның негізгі бағыттарын белгі­­­ле­ді. Айтылған шаралардың бәрі пар­тияны дамытудың жаңа бағ­дар­­ла­масында көрініс табатын болады.

Депутаттар Елбасының ха­лық­­тың экономикалық өсуін және өмір сүру сапасын жақ­сар­ту­­ды көздейтін бастамаларын заң жү­зін­де бекемдеу үшін ауқымды жұ­мыс­тар атқа­ратын болады. 

Владимир ВОЛКОВ, 

Сенат депутаты