«Аталған заң жобасының мақсаты - Мемлекет басшысының «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт мөлшерлерін 2019 жылы 250 млрд теңгеге ұлғайту. Біз аталған заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайынбыз» деді Қаржы және бюджет комитеттің төрайымы, депутат Гүлжан Қарақұсова Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар, Мәжіліс қарауына «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да алынды. «Жоба 2019-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының нақтылануына байланысты әзірленді. Сондай-ақ, ол Елбасы тапсырмаларын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған» деді Г. Қарақұсова.
Бұдан бұрын хабарланғандай, осы аптадағы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2019 жылы республикалық бюджет кірісі 200 млрд теңгеге жоғары болатынын мәлім етті. Мұнымен қоса, жаңа бастамаларды қаржыландыру үшін тиісті өзгерістер ұсынылды. Бұл тұрғыда Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 250 млрд теңгеге ұлғайтып, 2 700 млрд теңгеге дейін жеткізу ескерілген.