Спорт • 13 Наурыз, 2019

Садриддин Ахмедовтің қарсыласы анықталды

1391 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

24 наурызда «Алматы Аренада» өтетін кәсіпқой бокс кешінде Қазақстанның жас жұлдызы Садриддин Ахмедовтің кіммен күш сынасатыны белгілі болды. 

Садриддин Ахмедовтің қарсыласы анықталды

Жастар арасында әлем чемпионы атанғаннан кейін кәсіпқой рингте жұдырықтасуға бел буған қандасымыз осы күнге дейін өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантып келеді. Бір жылға жетер-жетпес уақыт аралығында жеті мәрте шаршы алаңға көтерілген 21 жастағы Садриддин барлық жекпе-жегін нокаутпен аяқтады. Үстіміздегі жылдың 24 қаңтарында Канаданың Монреаль қаласында мексикалық Абрахам Хуаресті ұрып жығып, WBC нұсқасы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атанды. 

Алматыда өтетін бәсекеде жоғарыда аталған нұсқаның Азия чемпионы атағы сарапқа салынады. Бірінші орта салмақтағы Садриддин Ахмедов Джон Рубамен айқасады. 25 жастағы индонезиялық боксшы 23 жекпе-жек өткізіп, 17 рет жеңіске жетті. Бес рет ұтылып, бір кездесуде тең есеп тіркелді.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»