Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы К.Ақышев атында археология институты мен «Бозоқ» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» арасындағы меморандумға қол қою рәсімі оқу орнындағы Кемел Ақышев атындағы музей-кабинетте өтті. Шағын дөңгелек үстел форматындағы екі жақты кездесуге Институт жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марал Хабдулина, «Бозоқ» музейінің директоры міндетін атқарушы Сәуле Бөрібаева, Гумилев атындағы ұлттық университеттің Тарих факультетінің деканы Тілеген Садықұлы және Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиұлы, сондай-ақ, музейдің, институттың ғылыми қызметкерлері мен Тарих факультетінен докторанттар, магистранттар, студенттер қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Кездесуде Тілеген Садықұлы Бозоқ қалашығын зерттеген Кемал Ақышұлы туралы естелігімен бөлісті.
«Осыдан 20 жылға тақау уақыт бұрын Еуразия ұлттық университетіне келгенімде танысқан ғалымдардың бірі осы Кемал аға болды. Ол кезде Кемал аға Бозоқтың алғашқы экспедициясын бастап жатқан болатын. Ол тұс Кемал ағаның ғылымға жаңа бір серпіліс әкелген кезі еді. Есілдің айналасын арлы-берлі зерттеп жүрген. Біз неліктен ерекше назар аударды екен деп ойлағанбыз. Әңгімелескенімізде, ол кісі: «Жұрттың ойында әлемдік үлкен мәртебеге ие болып отырған Астана бір күнде пайда болды деген ұғым тумауы керек. Астана заманауи қала болғанымен, терең тарихы бар. Бұл жерде үлкен мәдениет пен ескерткіштің болғанын әлем білуі қажет. Оны біз дәлелдейік» деген еді.
Міне, ортағасырлық Бозоқ қалашығы – соның дәлелі. Сондықтан Кемал ағаның бұл салада істеген еңбегі өте зор. Әлі де жалғасып жатыр. Жалғастырушы - Тарих факультеті, Археология және этнология кафедрасы, оның ішінде Кемал аға атындағы институт, институт басшысы Кемал ағаның жары, профессор Марал Қалымжанқызы», - деді Тілеген Садықұлы Бозоқ қалашығын зерттеудің маңызына тоқталып.
Институт жетекшісі, т.ғ.д., профессор Марал Хабдулина Бозоқ қалашығын зерттеу туралы хронологиялық презентациясын көрсетіп, марқұм академик К. Ақышевтің алғашқы болып Бозоқ қалашығын музей ретінде жасауды ұсынғанын атап өтті.
«Бозоқ жөнінде сіздердің орталық құрылмай тұрғанның өзінде, археологтар бірнеше маусым далалық қазба жұмыстарын жүргізді, бірқанша кітап, зерттеу еңбегі жазылды. Музей ашу туралы бұған дейінгі әр Мәдениет министрі мен Астана қаласы әкімдеріне жүгіндік. Енді, міне, сәті туып, жұмыс басталып жатыр. Археологтардың талпынысы жүзеге асып, үміті ақталды. Болашақ ұрпақ үшін тарихымызды тереңдей танып-білу өте маңызды», - деді Марал Қалымжанқызы.
Өз кезегінде «Бозоқ» музейінің директоры міндетін атқарушы Сәуле Бөрібаева екі жақты байланысты дамытып, археолог ғалымдармен бірге жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті.
«Тарихи-мәдени мұраның ескерткіштерін сақтау - қазіргі уақытта мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі. Өткеннің ескерткіштерін сақтауда мұражайдың жөні бөлек. Археология ескерткіші өзіндік демонстрация нысанына айналған «ашық әуе мұражайларын» құру біздің еліміздің тарихына тек отандастар ғана емес, туристер де қызығушылықты арттырады», - деді.
«Бозоқ» музей-қорығының ғылыми-шығармашылық байланыстарын кеңейте түсу мақсатында Меморандум негізінде бірлескен ғылыми-ынтымақтастық мүмкіндігі қарастырылған. Ынтымақтастық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді, мәдени және білім беру мен көрмелік жобаларды, қорық-музей аясында студенттерді далалық және музейлік тәжірибеден өткізуге, ғылыми ақпараттар мен әдебиеттер алмасуға жүзеге асыруды дамытатын болады.
Айта кететін болсақ, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 31 наурыздағы №150 Қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны құрылған болатын. Кәсіпорын ғылыми-зерттеу, мәдени және білім беру және мәдениет алаңында туризм қызметті ақпараттандыруды, сондай-ақ, тарихи мәдени мұраны сақтау мен насихаттауды жүзеге асырады.
Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» Мемлекеттік тарихи- мәдени музей-қорығы РМҚК қазіргі таңда ғылыми тұжырымдамаға сәйкес сәулет және алдын ала жобалау жұмысын іске асырып жатыр. Энеолит дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі бес қоныстан тұратын Археологиялық парктің ғылыми негіздемесі үшін және жемісті ынтымақтастықты жолға қою мақсатында Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен меморандумдар жасасу бойынша жұмыс бастады. Еліміздегі тұңғыш ашылғалы отырған аспанасты музейін жасақтап, Ұлы Даламыздың тарихи-мәдени мұрасын қалпына келтіру мақсатында белгілі қазақстандық және шетелдік ғалымдармен бірігіп жұмыс жүргізу өте маңызды.