Аталған орталық алдағы уақытта аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балалары бар отбасылар үшін әмбебап-озық үлгідегі кешенді қызмет көрсете алатын патронажды медбикелерді дайындап шығаратын болады. Орталық жыл сайын мыңдаған патронажды медбикелерге, дәрігерлерге, әлеуметтік қызметкерлерге, сондай-ақ психологтарға балалардың толыққанды дамуы жайлы ата-аналарды ақпараттандыруға қажетті біліммен қамтамасыз етпек. Негізгі мақсаты – дұрыс білім беретін мекемелерді құру және денсаулық сақтау жүйесіне қажетті ана мен баланың денсаулығын қорғайтын медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің саны мен сапасын жақсартуды қамтамасыз ету.
Айта кетерлігі, орталық кіші жастағы балалардың толық дамуы саласындағы ЮНИСЕФ пен ДДСҰ-ның халықаралық стандарттарына сәйкес келетін озық білімі бар дәрігерлерді, патронажды медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлерді оқытып шығаруға қажетті құралдармен толықтай жабдықталған.
Сондай-ақ, орталықтың ашылуына орай Түркістан облысы әкімдігі мен ЮНИСЕФ-тің қазақстандағы өкілі арасында меморандум түзілді. Халықаралық ұйым өкілі Юрий Оксамитныймен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.
«Ресурстық орталықтың ашылуы біздің өңір үшін маңызды оқиға. Балалардың денсаулығын жақсарту – басты назарда болуы қажет. Балалардың денсаулығына барынша көмек көрсетуде біз қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Жақын арада орталықтың жұмысы біздің өңірдегі аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай бүлдіршіндері бар отбасылардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға оңтайлы әсер ететіндігіне сенімдімін», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Өз кезегінде ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі екіжақты келісімге ризашылығын білдіріп, орталықта алдағы уақытта білікті мамандар даярланатынын жеткізді.