Әу баста, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде аграрлық сала бойынша әзірленген ғылыми жоба 2016 жылы «Ғылым қоры» АҚ-ның грантын ұтып алған болатын. Ал, осы қағаз бетіндегі жобаны кәсіпкерлік ныснаға айналдырушы аталған оқу ордасының серіктесі «АлиКа групп» компаниясы.
Цехта жүгеріні терең өңдеу арқылы қант алмастырушы табиғи шәрбат шығарылады. Ол сиропты кондитерлік өнім өндірісінде, сусын шығаруға қолданады. Серіктестік қалдықсыз технологияны іске қосып, өндірістен қалған сығындылардан биожем шығаруда.
«Елбасы үнемі кәсіпкерлер мен ғалымдар біріге жұмыс істеу керек деп айтып келеді. Бұл жоба сол екі тараптың бірлесіп, еңбек етуінің жемісі. Аталған цех үш жылға жуық уақытта өнім өндіретін жағдайға жетіп отыр», дейді «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин Otrar.tv арнасына берген сұхбатында.
Өндіріске қажетті шикізат Отырар ауданынан тасымалданады. Мұнан бөлек, серіктестік биыл ауыл шаруашылық бағытындағы жер телімін алып, жүгері егуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз өңірдегі жүгері шаруашылығының дамуына зор серпін бермек. Қазіргі таңда зауытта күніне 2 тоннаға жуық өнім өндіреді. Шымшаһарға қарасты «Тассай» индустриалды аймағында орын тепкен өндіріс орны алдағы уақытта тек жергілікті өндірушілермен шектеліп қалмай шетел нарығына шығуды, өнімін саудалауды жоспарлап отыр.
«Жаңа жобаны 2017 жылы өндіріске енгіздік. Жүгеріден алынатын глюкоза-жеміс шәрбаты кондитерлік өнімдерге, джем, конфитюр, сусын өндірісіне таптырмас шикізат болып табылады», дейді Глюкоза-жеміс шәрбаты зауытының директоры Азамат Батырбеков Otrar.tv арнасына берген сұхбатында.
Ғылми жұмысқа бөлінген гранттың көлемі 184 млн. теңге болып, қаржы құрал-жабдық сатып алуға, ферменттерге жұмсалған. Ал өндірістің жалпы құны 400 млн. теңге. Кәсіпорын жауаптылары бизнес жоба 4 жылда кеткен шығынды ақтайтындығына сенімді. Анығында, мұнда өндірілген өнімге сұраныс өте көп. Бүгінде өндіріс орнында 20-ға тарта адам еңбек етуде. Олардың жалақысы орташа есеппен 70-80 мың теңге.
Кәсіпорынның бас технологы Әлім Мизамходжаевтың айтуынша глюкоза-жеміс шәрбаты таза табиғи өнім болып, шикізатты тек жаңа технологияның көмегімен өңдеуде екен. Тіпті, зауыт аймағына қажетті құрал-жабдықтарын арнайы сызба арқылы өздері жинап, құрастырыпты.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент