Көрме аясында Қазақстан мен Ресейдің мәдениет саласындағы қарым-қатынастарына арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосуда шығармашылық пен сурет өнеріне қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Отандық өнертанушылар Ресей Көркемсурет академиясының ғылыми қызметкерлерімен болашақтағы бірлескен жобалардың келешегі тұрғысында пікір алмасты. Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ баспасөз қызметінің жетекшісі Клара Исабаева қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған орамды ойларды мысалға келтіре отырып, музейдің қысқаша тарихы туралы баяндап берді. Ресейдегі ҚР Елшілігінің кеңесшісі Дәурен Дияров әр қилы мәдени оқиғалар мен екі ел арасындағы өзара байланыстар туралы атап өтті. Дөңгелек үстелде сөз алған Ресей Көркемсурет академиясының вице-президенті Виктор Калинин, РКА ғылым жөніндегі орынбасары Татьяна Кочемасова, өнертану кандидаты Ольга Юшкова, Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің директоры, Гүлмира Шалабаева және музейдің жетекші ғылыми қызметкері Күлжазира Мұқажанова ортақ мәдени құндылықтарды болашаққа жеткізу турасындағы бірқатар пікірлерін ортаға салды.
Профессор Гүлмира Шалабаева, музейлер мен өнертанушылар арасындағы байланыстың өте маңызды екенін, бұл айырмашылықтарды жоюға емес, керісінше қарым-қатынастарды одан ары нығайтып, бізді байытушы мәдениеттің осындай байланыстарды талап ететінін атап өтті.
«Мәдениеттер диалогы, Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара мәдени байланыстарды нығайту өнердің толық қызмет етуі, суретшілердің шығармашылық өсуі, мәдени институциялар болып табылатын музейлер мен академиялар арасында тәжірибе алмасу үшін өте маңызды. Бұл жемісті жұмыс, өзара байыту және одан әрі даму жолдарын түсінуге жаңа күш береді», – деді ол.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»