Вице-Премьер Гүлшара Әбдіқалықова көп балалы анаға мекен-жай әлеуметтік көмегі мен тұрғын үй көмегін алу ережелерін түсіндіру керектігін айтты. Зульфия Атырауда басталып жатқан «Іскер ана» жобасына қатысады.
-Курсқа қатысу арқылы жаңа мамандықты меңгеріп қана қоймай, өзіңізге ұнаған кез келген мамандық бойынша қайта оқуға болады. Алдағы күндері жеке кәсіп ашуға бір реттік қайтарымсыз ақшалай сертификат беруді бастаймыз. Мамыр айынан бастап көп балалы отбасыларға жалға берілетін үй, тиімді шарттармен ипотекалық несие беріледі, осы шаралар елдің әл-ауқатын көтеріп, проблемаларды шешеді деген сенімдеміз, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Үкіметтік комиссия барған көп балалы отбасылардың басым бөлігін тұрғын үй мәселесі, жұбайлардың бірінің жұмысы болмауы, мемлекеттік қолдау туралы насихаттың аздығы толғандырды. Ауылдан көшіп келгендер үшін қалаға тіркеуге тұру мәселесі де өзекті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әр анамен жеке сөйлесіп, жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер туралы түсіндірді.
-Атырау облысына басшысының тапсырмасымен жаңа әлеуметтік реформаны түсіндіру мақсатында келдік. «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасының арқасында ешбір отбасы назардан тыс қалмайды, осы мақсатта республикалық бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Біздің міндетіміз – әр қазақстандықтың мемлекеттен нақты көмек алуын қамтамасыз ету,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Жұмыс сапарының соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен Бердібек Сапарбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
Атырау