Бұл жоба ҚР Білім және ғылым министрлігі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің химиялық технология және шикізаттық кешенді өңдеу ғылыми зерттеу институтының бір топ ғалымдары мен «АлиКа групп» ЖШС-нің үш жақты келісімімен жүзеге асырылып отыр. Жоба 2016 жылы «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырған ғылыми жұмыстар байқауында грант жеңіп алған.
Қазақстандағы алғашқы глюкоза-фруктоза шәрбәтін шығаратын биотехнологиялық кешеннің ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Ғылым қоры» АҚ төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин қатысты.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ химиялық технология және шикізаттық кешенді өңдеу ғылыми зерттеу институтының директоры Абдуғани Азимов айтуынша, қант қоспасынсыз шығарылатын отандық өнім алдағы уақытта нарыққа шығарылады. Биотехнологиялық кешеннің қуаттылығы тәулігіне 3 тонна глюкоза-фруктоза шәрбәтін, 6 тонна сусын, 4 тонна кондитерлік өнім мен жеміс консервілері, 2,5 тонна биокорм өндіруге жетеді. Шикізатқа өңіріміздің өнімдері қолданылады. Айта кетейік, жаңа кәсіпорында 40 жұмыс орны ашылып отыр.