14 Наурыз, 2019

Қолдау тетіктері түсіндірілді

1130 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкіметтің ақпараттық түсіндіру тобы Батыс Қазақстан облысына келді. Үкіметтің әлеуметтік блогының бірінші басшылары Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде жариялаған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары қалай жүзеге асырылатынын егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатымен екі күн бойы өңірде бірнеше ауданды аралап, түрлі мекемелерде болып, халықпен жүздеспек.

Қолдау тетіктері түсіндірілді

Әуелгі жүздесу Орал қаласындағы «Смарт Орал» халыққа қызмет көр­се­ту орталығында болды. Вице-пре­мьер Г.Әбдіқалықова мен Еңбек жә­не ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трі Б.Сапарбаев орталықты ара­лап, ха­лықтың ұсыныс-пікірлерін тың­дады.

Халыққа қызмет көрсету орта­лығы директорының орынбасары Бауыржан Канешевтың айтуынша, 2018 жылы өңірдегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 1 млн 240 мың қызмет көрсетілген. Ал биылғы екі айда тұрғындар орталық қызметін 231 мың мәрте пайдаланған. Орал қаласындағы жұмыспен қамту ор­талығы мен зейнетақы төлеу жөнін­дегі мемлекеттік орталығы бөлім­ше­сі­нің қызметімен танысқан жұ­мыс тобы мүшелері 2019 жылғы 1 нау­­рыздағы мәлімет бойынша мұнда 1491 адам жұмыс іздеп тіркеуде тұр­ға­нын білді.

Вице-премьер Г.Әбдіқалықова бастаған топтың облыс тұрғын­дары­мен, соның ішінде аз қамтылған, көп балалы отбасылармен кездесуі облыстық мәслихаттың үлкен залында өтті. Кездесуді жүргізіп отырған аймақ басшысы Алтай Көлгінов өңірде 6912 көп балалы аз қамтылған отбасы бар екенін, бұл шаңырақтарда 28253 бала өсіп жатқанын хабарлады. «Мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тұжырымдамасына сәйкес, былтырғы 16 мыңның орнына биыл 25 мың азамат мемлекеттен қолдау алады» деді облыс әкімі. Бұған қоса 18 жасқа толмаған мүгедек бала тәрбиелеп отырған 3 мың ата-ананың алатын жәрдемақысы 30 пайызға өспек.

Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова өз сөзінде мем­лекет тарапынан аз қамтылған отба­сыларға көрсетілетін кешенді көмек­тің үш бағыты туралы айтты. Әрі осы мақсатқа ел қазынасынан бөлі­нетін қыруар қаржының қатаң бақы­ла­натынын ескертті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев жаңа әлеу­меттік қамқорлық нәтижесінде елі­мізде 1 млн-нан аса адамның жала­­қысы өсетінін айтты. Олар не­гі­зінен төмен жалақылы бюд­жет қыз­мет­керлері, мұғалімдер мен дәрігер­лер, әлеу­меттік сала маман­дары бол­мақ. Сонымен бірге 2019 жыл­ғы 1 сәуірден кейін атаулы әлеумет­тік кө­мек төлеу тәртібі өзгеріп, респуб­лика бойынша 830 мыңнан астам адам АӘК-ке қол жеткізеді. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында АӘК алатын адам саны 16 815 болса, енді оның саны 24 481 адамға көбеймек.

Әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімді оқыту, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін ауылда тұратын көп балалы отбасыларға және жастарға мемлекеттік гранттар беру, ауылдағы көп балалы ана­лар мен мүгедектігі бар адамдар қатар­ындағы кәсіпкерлерге жеңілдікті микрокредит беру мәселелері де осы жиында егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мысалы, ауылда тұратын көп бала­лы отбасы өз ісін ашам десе, оған 500 мың теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін жеңіл несие беру ойластырылған. «Рес­­публика бойынша мұның игілі­гін 5 мың адам көре алады» дейді Б.Сапарбаев.

Білім және ғылым министрі К.Шәм­­­шидинова мектеп ғимарат­та­р­ын салу мәселесіне кеңірек тоқ­талды. Алдымыздағы үш жыл ішінде елімізде 190 мектеп ғимараты салынады. Облыста салынатын үш мектептің екеуі – апат жағдайындағы мектепті алмастырса, біреуі үш ауысымды мектептің жүгін жеңілдету мақсатын көздейді. 

Денсаулық сақтау министрі Е.Бір­танов Елбасының «Бюджет саласында жұмыс істейтін төмен жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға ұлғайту керек…» деген тапсырмасы орта және төмен буынды медицина қызметкерлеріне тікелей қатысты екенін айтты. Министрдің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша 1078 дәрігер, 3618 орта буын персоналы, 2386 кіші буын мамандары және 3426 басқа да қызметкер – барлығы 10509 ма­ман­ның жалақысы өседі екен. 

– Президенттің тікелей тап­сыр­масы бойынша алдағы үш жыл ішін­де елімізде жаңадан 595 амбула­тория, емхана салынады. Олар­дың басым көпшілігі ауылдарда бой кө­тереді. Батыс Қазақстан облысында осындай 22 денсаулық сақтау ғимараты құрылысы қолға алынады, – деді министр.
Жиынға келген көп балалы отба­сылар Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетовтің сөзін ықыласпен тыңдады.

– Елімізде 340 мың көп балалы отбасы бар, соның 28,1 мыңы тұрғын үй кезегінде тұр. Соңғы екі жылда 1193 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Енді Президент тапсырмасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаржы бөлініп, көп балалы отбасыларға 6 мың пәтер салынуы тиіс. Сөйтіп 7 жыл ішінде көп балалы отбасылар 40 мың пәтерге ие болмақ. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында жыл сайын 2,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 242 пәтер берілетін болады, – деді М.Жайымбетов.

Кестеге көз салсақ, облыста көп ба­лалы 1134 отбасы тұрғын үй ке­зе­гінде тұр екен. Жергілікті әкім­дік облыстық және республика бюд­жетінен бөлінетін қаржыны қосқанда 2019 жылдың алғашқы бөлігінде 180 пә­терді, жыл соңына дейін тағы 1263 пәтерді тұрғын үй кезегіндегі көп ба­лалы отбасыларға беруді жос­пар­­лаған. Бұл республика бойынша төр­тінші орындағы көрсеткіш бол­мақ.

– Еліміз бойынша мамыр-маусым айына дейін көп балалы отбасы­ларға кемінде 2 мың пәтерді тапсыруы­мыз керек, – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.

М.Жайымбетов сондай-ақ тұр­ғын үй сатып алу үшін берілетін жеңіл­детілген несие жайында да хабар­дар етті. 19 жылға дейін берілетін, жыл­дық өсімі 2% болатын мұн­дай не­сие­нің шарттары аз қамтыл­ған, әлеу­мет­тік жағдайы төмен от­басыларға тиімді болары сөзсіз. 

Бұдан кейін ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері халықтың нақты сауалдарына жауап беруге көшті. 

4 баланы жалғыз тәрбиелеп отыр­ған Данагүл Бекесова жергілікті бас­шылардың көмегімен уақытша бір бөл­мелі жатақхана берілгенін, үй кезе­гінде 7 мыңыншы болып тұрға­нын айта келіп, тұрғын үй мәселе­сін шешуге көмек сұрады. Ол қайырым­ды жандардан көмек сұрап, үш бөл­ме­лі пәтердің жарты құнын жинап отыр­ғанын айтты.

Бәйтерек ауданы Макаров ауылында тұратын Гүлдана Боран­баева­ның үйі 1957 жылы салынған екен. Әб­ден тозып, құлағалы тұрған үй ар­найы комиссия шешімімен «апатты» деп танылған. «Бес баламыз бар, екеуі ақылы бөлімде оқып жатқан сту­­дент, пәтер жалдап тұрады. Өзім 50 мың теңге, күйеуім 41 мың теңге жала­қы аламыз. Бес балаға берілетін жәр­демақы – 10500 теңге. Біздің бар кірісіміз – осы. Айтайын дегенім, үйі­міз күннен-күнге шөгіп, құлағалы тұр. Аудан әкімі Асхат Шахаров «Ма­­каров ауылында жаңа үй салу қарас­­ты­рылмаған. Жаңа үйлер аудан ор­та­лығы Переметный ауылында са­лы­нады. Бірақ оны алу үшін сіз Пере­мет­ный ауылына тіркеуге отырып, қай­тадан үй кезегіне тұруыңыз керек» дей­ді. Өңір басшысы бұл мәселені ше­шу жолы қарастырылып жатқанын айтты.

«Күміс алқа» иегері Айнұр Бірә­лиева Елбасының тапсырмасынан кейін атаулы әлеуметтік көмекке қолы жететінін айтып, ризашылығын білдірді. 
Айта кетейік, Үкіметтің әлеу­­меттік блогының бірінші басшы­лары­нан құралған жұмыс тобы бүгін де облыстың біраз ауданын аралап, ел-жұртпен кездеседі.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы