«Қансонар» қауымдастығы құрылған сәттен бастап, аңшылық саласындағы іс-әрекеттердің құқықтық, заңнамалық базасын жетілдіру, осы кәсіпке минимум бағдарламасы бойынша азаматтарды оқыту, оларды құжаттандыру, тіркеу және қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында жұмыстар жүргізіп келеді.
Бұл жолғы жиын барысында сала бойынша қордаланып қалған мәселелер талқыланды. Алғашқы болып баяндама жасаған Қауымдастықтың бас директоры Хаирбек Мұсабаев, болашақта еліміздегі аңшылық шаруашылығын цифрландыру жайы жедел түрде қолға алыну қажеттілігіне тоқталды.
Жалпы, аталмыш сала бойынша шешімін таппаған дүние көп екен. Мысалы, көп жерлерде аңшылық кәсібі жеке монополиялар бақылауында. Бұдан құтылудың жолы – аңшылықпен айналысатын тұлғаларға фермерлік құқық беру қажет дейді мамандар. Бұл шетелдерде бар тәжірибе. Одан кейін қазіргі таңда республика көлемінде аңшылық-шаруашылықпен айналысатын 700-ден астам құрылым бар. Бұларға үкімет тарапынан ешқандай қолдау-көмек жоқ. Көбі әупірімдеп өз күнін өздері көріп отыр.
– Қордаланып қалған түйткілдерді шешудің жолы, – дейді «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі мен аңшылық-шаруашылығы субъектілері республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімұлы. – 2012 жылғы 29 қаңтарда қабылданған «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» және «Агроөнеркәсіп кешенін реттеу туралы» заңдарға өзгеріс енгізу қажет. Осылай ішкі шаруашылық субъектілерін заңдық тұрғыдан ретке келтіруге болады.
Яғни, алда құрылуы мүмкін фермерлік ұйымдар өзін өзі қаржыландыруы тиіс. Нәтижесінде, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнес дамиды, жаңадан жұмыс орындары ашылады, ауыл тұрғындары еңбекпен қамтылатын болады. Одан кейін даланың қоңыр аңдарының санын өсіріп, аңшылық кәсіпті туристік мақсатқа қолдануға кең жол ашу керек. Өйткені аңшылық туризм – табыс көзі.
Шет мемлекеттерде туристік аңшылық мәселесі жақсы жолға қойылған. Әсіресе Еуропа елдерінде даланың қоңыр аңдарының етіне деген сұраныс көп. Дала жануарларының етін сататын дүкендер, арнайы тапсырыспен ас дайындайтын мейрамхана, қонақүйлер саны күн сайын артып келеді.
Сондай-ақ бүгінгі таңда елімізде 170 мыңдай адам аңшылықпен айналысуға ниет білдірсе, осылардың 80 мыңы тұрақты қатысып жүр. Олардың арасында заң бұзушылық та орын алуда. Бұлармен күресуге ауыл инспекторы қауқарсыз. Мәселені шешудің жолы ретінде жиынға қатысушылар Кеңес кезінде заң бұзушыларға салынған айыппұлдың 30 пайызы инспекторларға берілетін, осыны жаңғырту керек, дейді.
Сонымен қатар басқосу кезінде көтерілген тағы бір дүние, ұлттық саятшылық ісін дамыту жайы. Соның ішінде қазақы төбет пен тазы тұқымын сақтап қалу мәселесіне мән берілді. Ол үшін кинология орталығын құру күн тәртібінде тұр. «Бұл істі Астана қаласында орналасқан С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық университетінің базасында құруды жоспарлап отырмыз», дейді О.Әбдікәрімұлы.
Жиын барысында естіген тағы бір таңданарлық жағдай, қазіргі таңда үлкен қалалардағы қаңғыбас иттерді қорғау үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді де, ал ұлт байлығы қазақы төбет пен тазыға соқыр тиын қарастырылмаған. Қызық!..
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»