14 Наурыз, 2019

Қаламгерлер кітабы Түркияда жарық көрді

1076 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білімдар әдебиетші, дарынды сыншы, ұлт алдындағы қарызы мен парызын телқоңырдай тең ұстаған Сағат Әшімбаевтың «Әдеби сын мақалалары», сол секілді өзіндік қолтаңбасы бар, қазіргі қазақ әйелдер прозасының белгілі өкілі Шәрбану Бейсенованың «Бір махаббат баяны» және «Сүзгенің соңғы күндері», «Бозоқ аруы» атты екі жинағы бір кітапқа біріктіріліп түрік тілінде жарық көрді.

Қаламгерлер кітабы Түркияда жарық көрді

Осы іргелі туындылардың тұсаукесер рәсімі бауырлас тү­рік жұртында өтіп, оған Қазақ­станның Түркиядағы Тө­тенше және өкілетті елшісі А.Са­пар­­бекұлы, Түркия Респуб­ли­ка­сы Президентінің Бас кеңес­шісі Я.Топчу, Түрксой Бас хатшысы Д.Қасейінов, Еура­зия Жазушылар одағының төр­ағасы Я.Өмероғлу, өзге де қоғам, қалам қайраткерлері, Түр­кияда білім алып жатқан қа­зақ жастары, қазақ диаспорасы өкілдері, оқырман қауым қатыс­қан. Елші А.Сапарбекұлы түбі бір түркі жұртымен қарым-қатынастың жақсы екенін, әр жыл сайын Алғыс айту күніне орай осындай іс-шаралардың өтіп тұратынын тілге тиек етіп, С.Әшімбаев пен оның жары Ш.Бейсенованың түрік тілінде жарық көрген кітаптарына шо­­лу жасап, мұндай игі қадам алдағы уақытта да жалғаса бере­тінін жеткізген. 

Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Я.Топчу мырза түрік жұртымен қазақ халқының ара­сындағы берік достықты, ізгі ниеттестікті тарата айтып, бұған екі ел президенттерінің ерек­ше мән беріп отырғанын, Түркі әлемінің, жалпы Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің қарым-қатынасын дамыту ісіндегі оң қадамдарға жете мән берген. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Я.Өмероғлу қазақ пен түрік жазушылары мен ғалымдарының терең байланыста екенін, әсіресе жазушылар шығармаларын аудару ісінде тың қадамдар жасалып жатқанын алға тартып, қазақ сыншысының білімдарлығы мен парасат-пайымына тәнті бол­ғанын жеткізіп қазақ аруларын өз шығармасына арқау еткен Шәрбану Бейсенованың екі кітабына ерекше мән бе­ріп, тарихи тұлға дәрежесіне кө­терілген Сүйімбике, Сүзге, Бо­зоқ арулары жайлы жан-жақ­ты сөз қозғады. Кітаптарды аударған Ж.Кынажы тарихи туындылардағы оқиғалардың түр­кі халықтарының басы­нан өткен қилы кезеңдер еке­нін еске салып, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бар­лық түркі халықтарына ортақ тұл­ғаларды таныту жөніндегі идеясын бауырлас елде мүлтік­сіз орындау барысындағы елші А.Сапарбекұлының ұйым­дас­тырушылық қабілетін жо­ғары бағалады. Осы арада жазушы Шәрбану Бейсенова Халық­ара­лық Шыңғыс Айтматов меда­лімен марапатталғанын, оны TURKSOY ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейінов тапсырғанын айта кетсек дейміз.

Кітаптардың авторы Шәр­бану Бейсенова мұндай іс-шараға шынайы ілтипатын білдіріп, қа­зақ әдеби сынының өкілдері, со­ның ішінде жары Сағат Әшімбаев туралы да тереңнен ой қозғап, өз кітаптарының бас­ты кейіпкерлері қаһарман қазақ қыздары екенін атап айтты. «Балдырған» журналының бас редакторы Д.Мағлұмов өз кезегінде тәуелсіз қазақ елі­нің өткені мен бүгінінен деректер келтірді. Сыншы Сағат Әшім­баевтың өмір жолы мен шығармашылығын жиналған жұртқа таныстырып, мұндай тағылымды іске ұйытқы болған азаматтарға ілтипатын білдірді.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»