Әскери әріптестіктің әлеуеті зор
Сейсенбі, 12 маусым 2012 7:29
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Армения Республикасы мен Италия Республикасы қорғаныс министрлерінің шақыруымен аталған мемлекеттерге ресми сапармен барып қайтты, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Армения Республикасына жұмыс сапары барысында қорғаныс ведомствосының басшысы әріптесі – Қорғаныс министрі генерал-полковник С.Оганянмен және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Багдасарянмен кездесті.
Сейсенбі, 12 маусым 2012 7:29
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Армения Республикасы мен Италия Республикасы қорғаныс министрлерінің шақыруымен аталған мемлекеттерге ресми сапармен барып қайтты, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Армения Республикасына жұмыс сапары барысында қорғаныс ведомствосының басшысы әріптесі – Қорғаныс министрі генерал-полковник С.Оганянмен және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Багдасарянмен кездесті.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметі арасында әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
– Біздің мемлекет басшыларының күш салуының арқасында Қазақстан мен Армения арасында оң саяси үнқатысуға қол жеткізіліп отыр, – деді Әділбек Жақсыбеков. – Оған куә ретінде бүгінгі маңызы жоғары құжаттарды айтуға болады, бұл екі жақты ынтымақтастықтың белсенділігін арттырудың заңды негізін салмақ және қорғаныс саласындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін ашпақ.
Өз кезегінде Сейран Оганян Армения Қазақстанмен арадағы достық қарым-қатынастарды жоғары бағалайтындығын және оның өңірлік, әлемдік қауіпсіздікке зор үлес қосып отырғандығын атап өтті.
Сол күні қазақстандық әскери делегациясы Армения Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери институтын аралады. Мұнда оқу орнының курсанттары жауынгерлік кезекшілік пен бітімгерлік қызметтің оқу-жаттығу сабақтарынан көрсетілімдер ұсынды. Кездесу барысында әскери білім, әскери-техникалық персоналды оқыту және басқа бағыттарды дамыту туралы екі жақты келісімдерге қол жеткізілді.
Римде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Италияның Қорғаныс министрі Джампаоло ди Паоломен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Италия Республикасы Үкіметі арасында әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Кездесу барысында Италия қорғаныс ведомствосы басшысы өз елінің Қазақстанмен әскери және әскери-техникалық ынтымақтасуына баса назар аударатындығын айтты. Оған дәлел ретінде Италия Республикасы Қорғаныс министрлігінің шешімімен Қазақстанда әскери атташат ашылғандығы.
Ресми сапар барысында қазақстандық әскери делегация заманауи қару-жарақ пен техника шығаратын италиялық компанияларды аралады, халықаралық бітімгерлік миссияға қатысып жүрген Италияның әскери полиция офицерлері училищесінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Қазақстан қорғаныс ведомствосы қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі Қарулы Күштердің бітімгерлік әлеуетін арттыру болып табылады. Қорғаныс министрі италиялық әріптестерді халықаралық «Дала қыраны» бітімгерлік жаттығуына қатысуға шақырды.
Суретті түсірген Ермек САРБАСОВ.