Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

761 бозбала Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүр

1034 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталғалы тек 380 бозбала жарамды деп танылған.

761 бозбала Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүр

Әкімдіктің отырысында өңірдегі әскерге шақыру науқанына тиісті деңгейде атқарылып жатқан жоқ деген баға берілді.

«Былтыр көктемгі әскерге шақыру науқанының жоспары өз межесіне жеткен жоқ.  Ал, күзгі маусым керісінше артығымен орындалды.  Биыл Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылғандар өте аз. Бұл жергілікті атқарушы органдардың өз жұмысын дұрыс орындамауынан туындап отыр», деп атап көрсетті аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Өңір бойынша  4156 азамат әскерге шақырылуы тиіс. Алайда, бұл көрсеткіш бірден 10 есеге азайып кеткен. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Алмаз Тілеухановтың айтуынша, әскерге шақырылғандардың тек 380-і көктемгі науқанға іліккен. Бұл–жоспардың 63 пайызы ғана. Есіл, Қызылжар, М.Жұмабаев, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласында жағдай сын көтермейді. Бүгінгі күні азаматтық борышын өтеуден қашып жүрген 761 бозбала іздестірілуде.

Сонымен қатар медицина комиссиясында білікті дәрігерлер жетіспейді. Әсіресе, аудандарда окулист, лор, дерматолог, психиатр, невропатолог тапшы.  Сол сияқты  әскери тізімге алынғандардың 40 проценті дімкәс, науқас болып шығады екен.

Әкімдік отырысында белгілі болғандай қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметкерлері әскерге шақыруды тұрғындардың үйіне әлі күнге дейін қағаз жүзінде ғана  жолдайды екен. Көп жағдайда азаматтар өздерінің мекен жайларын өзгертіп жіберетін көрінеді. Бұл ретте полиция департаментімен бірлесіп жұмыс істеу талап етілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы