Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ даласында өмір сүрген ежелгі көшпелі халықтардың жеті қазынасын атады. Маңғыстауда Амал мерекесі – жергілікті тұрғындардың көнеден келе жатқан дәстүрі, көктеммен бірге келетін табиғат мейрамы. Отпан таудағы шараның басты мақсаты – халықтың бірлігі мен тұтастығын нығайту, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу болып табылады.
Көшпелі халықтарға құрмет ретінде Амал мерекесінің алғашқы күнінде, яғни 13 наурыз күні «Ұлы дала көші» атты театрландырылған және мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, оған ұлттық киім киген 300-ге жуық шабандоз қатысты. Алдымен ерлер арасында аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындар өткізілді. Сонан соң жұртшылық назарына «Амал келді - жыл келді» театрландырылған қойылымы ұсынылды.
Ақшұқыр ауылында жалғасын тапқан әсерлі шара ауыл тұрғындары мен жастардың атсалысуымен жалғасын тауып, көш Отпан тауға аттанды және 13-і күні түнде Отпан тауда Бірлік оты жағылды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazagstan»
Маңғыстау облысы