Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

Қазақстанның ауыр атлеттері бас жүлдені олжалады

955 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Ауыр атлетикадан АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан жасөспірімдердің әлем біріншілігіне Қазақстаннан небары бес өрені ғана қатысқан еді.

Қазақстанның ауыр атлеттері бас жүлдені олжалады

Америкаға сапар шеккен сол жас зілтеміршілеріміздің барлығы да керемет нәтижеге қол жеткізді. Атап айтсақ, Ақмолда Сайрамкез (61 кило), Сәпи Есенгелді (81 кило), Рақат Бекболат (96 кило) және Ольга Пастухова (81 кило) алтын тұғырға көтерілді. Ал 67 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Сайхан Тайсуев (67 кило) бас жүлдені олжалаумен қатар, әлемдік рекорд орнатты. Осындай толағай табыстың арқасында Қазақстан құрамасы айтулы жарыстың жалпы командалық есебінде алдына жан салмады. Қоржынында 2 алтын, 3 күміс және 1 қоласы бар Өзбекстан екінші орын алса, 2 алтын мен 1 қоланы еншілеген Вьетнам үшінші сатыға табан тіреді.

Бүгін аса ауыр салмақта өнер көрсететін ұлдар мен қыздар түрлі-түсті медальдарды сарапқа салады. Бұл сайыстарға біздің елден ешкім қатыспайды. Соған қарамастан жалпы есепте жерлестеріміздің ешбір мемлекет өкілдерінің қуып жете алмайтыны анық.      

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»