Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

Чемпиондар лигасы: Сегіз үздік анықталды

1091 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күллі әлем жанкүйерлері түнгі ұйқыларын төрт бөліп тамашалаған футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына жолдама алған командалар толықтай анықталды.

Чемпиондар лигасы: Сегіз үздік анықталды

Осы аптада төрт бірдей ойынның куәсі болдық. Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні Англияның «Манчестер Ситиі» Германияның «Шальке-04» клубының тас-талқанын шығарды – 7:0. Неміс жерінде өткен матчта да ағылшындардың мерейі үстем болған – 3:2.

Мадридтегі ойында 0:2 есебімен жеңілген «Ювентус» өз алаңында қарымта қайтарып, «Атлетиконы» жолынын ығыстырды – 3:0. Туриндегі тартыстың тағдырын Криштиану Роналдудың хет-тригі шешкенін айта кеткен жөн.

Ал бүгін түнде «Барселона» мен «Лион» және «Бавария» мен «Ливерпуль» шеберлік байқасты. Осы ұжымдар арасындағы алғашқы бәсекелерде есеп ашылған жоқ еді. Бұл жолы испандықтар өз алаңында француздарды 5:1 есебімен ойсырата ұтса, немістер Мюнхенде британдықтарға есе жіберді – 1:3.

Осылайша, «Манчестер Сити», «Ювентус», «Барселона» және «Ливерпульден» бөлек, «Порту» (Португалия), «Манчестер Юнайтед» (Англия), «Аякс» (Голландия) және «Тоттенхэм» (Англия) ширек финалға шықты.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»