Аймақтар • 14 Наурыз, 2019

Ақтөбе облысының егістік алқаптары 51,4 мың гектарға артты

586 реткөрсетілді

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен көктемгі егіс науқанына дайындық сұрақтары қаралды. Оған мемлекеттік орган өкілдерінен өзге өңірдегі ауыл шаруашылық құрылымдарының басшылары да қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жылы Ақтөбе облысында 805,1 мың гектар жер егіледі деп жоспарланып отыр. Былтырмен салыстырғанда егіс алқаптары 10 пайызға дейін немесе 51,4 мың гектарға өскен. Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин мәлімдегендей егістік жерлерінің 56 пайызы немесе 451 мың гектар алқап дәнді дақылдар егуге бөлінген.

Көктемнің ерте шығуына байланысты қазіргі таңда облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласы егу жұмыстарымен белсенді айналысып жатыр. Мавр Абдуллин бүгінде облыстың қолда бар дәнді дақылдар қорының 99,8% -ы – бірінші және екінші кластық таза сұрыпты тұқымдар екенін атап өтті. Техниканы дайындау және отын сатып алу жұмыстары жалғасуда. Осы жылы біздің облысқа 8,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Мавр Абдуллин бұл көлем егіс науқанын толық аяқтау үшін жеткілікті деп сендірді.

Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді. Солардың ішінде шаруаларды тыңайтқыштармен және гербицидтермен қамтамасыз ету, суармалы жерлерді әрі қарай пайдалануға беру және пайдаланылмаған жерлерді қайтару мәселелері бар.

«Көктем ерте шығады. Алдағы күндерде егістіктердегі ылғалды ұстап тұру үшін жылдам қимылдап, шаруа қожалықтарының барлық резервтері мен техникаларын пайдалану қажет,бұл сондай-ақ, елді мекендерді егістіктегі еріген сулардың басуына жол бермейді»,- деді О.Оразалин.

Жиын тағы бір маңызды сұрақ – көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын қараумен жалғасты.

Қазіргі таңда облыста көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың орын алу қаупін азайту шараларын жүзеге асыру жалғасуда.

Су басуға жол бермеу мақсатында елді мекендерден 260 мың текше метр қар шығарылды. Ыдысқаптар, жанар-жағармай, инерттікматериалдар қоры жасалды. Қаңтар айынан бастап Елек пен Қарғалы өзендерінің бассейндерін ай сайынғы маршруттық тексеру басталды. Бүгінде облыстағы үш ірі - Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймаларының барлығы да жартылай толтырылған.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов: «Облыста тасқынға қарсы 13 штаб құрылды. 12 наурыз күнгі таңертеңгі жағдай бойынша олар 36 тапсырыс қабылдап, 13 700 текше метр суды сорды, инертті материалдар жеткізді»,-деп есеп берді.

Тасқын қаупін жою мақсатында сондай-ақ, Ақтөбедегі тасу қаупі бар өзендерді тазарту, тереңдету және жағалауын бекіту жұмыстары жалғасуда.

Облыс әкімі сондай-ақ, ірі су қоймаларын толтыру жағдайын күн сайын бақылап отыруды талап етті.

Облыс әкімі: «Аудан әкімдері, сіздер көктемгі су тасқыны мен қар еру кезінде қандай жерлердің проблемалық екенін жақсы білулеріңіз керек. Осы жерлерді жеке бақылауларыңызға алыңыздар. Арықтардың, су өткізу ғимараттарының уақытында әрі сапалы тазартылуын қадағалаңыздар. Бұл сұрақтарға ерекше көңіл бөлген жөн. Ақтөбеде тасқынның алдын алуда үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде қар шығаруда да. Бірақ, кейбір көшелердің тұрғындары әлеуметтік желілерде еріген судың келіп қалғанын жазып шағымдануда. Азаматтардың осындай жазбаларына барынша жедел әрекет етіңіздер»-деген тапсырма қойды.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар