Үкімет • 14 Наурыз, 2019

Көрісу күні ресми мейрамға айналса - сенатор

1197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі Сенат отырысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов Көрісу күнін ресми мейрамға айналдыруды ұсынды.  

Көрісу күні ресми мейрамға айналса - сенатор

С.Еңсегенов өз депутаттық сауалында Үкімет басшысынан халқымыздың салт-дәстүрін қолдау және оны дәріптеу мақсатында 14  наурызды Көрісу күні мерекесі деп белгілеу жөнiнде ұсыныс енгізіп және тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруін өтінген.

«Қазақ елiнiң батыс өңiрiнде сан ғасырлардан санамызға сiңiстi болып, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып, бүгiн де кеңiнен аталып, болашақта да үзiлмейтiн атаулы күннiң бiрi, әр жылдың он төртiншi наурыз күнi тойланатын Көрiсу мерекесi. 

Заманында Көрiсу елiміздiң барлық аймағында болған, халқымызға кеңiнен таралған. Бiрақ, әр түрлi себептермен өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап бұл дәстүр кей жерлерде ұмытыла бастаған.

Қазіргі мезгiлде ол Қазақстанның басқа да облыстарына таралып, арнайы ic-шаралар ұйымдастырылып жүр. Бұған, әсiресе, батыс өңiрлерiндегi iрi шет елдiк бiрлескен кәсiпорындар, шет ел азаматтарымен бiрге елдегi барлық этнос өкiлдерi белсене қатысуда. Көрiсу - жекелеген аймақтың немесе тек қазақ халқының мейрамы емес. Оның аумағы мен ауқымы өсiп, Елдiң қоғамдык өмiрiндегi ролi артып келедi. Шын мәнiнде ол азаматтарымыздың дәстүрлi түрде аталып өтетiн мерекесiне айналды. Алыс-жақын шет мемлекеттерде жүрген азаматтарымыз да осы атаулы күндi мерекелеп, шетелдiктерге таныстыруда.

Адамды бауырмалдыққа, кiсiлiкке, кiшiлiкке, ізгілікке, жасампаздыққа, жаксылыққа тәрбиелейтін, тамыры тереңге кеткен, халқымызға берері мол, рухани қуаты ерекше - дәстүрлi түрде аталып жүрген Көрісу күнін ресми түрде айналымға енгізу жөнінде пікірлер айтылуда.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына сәйкес елімізде ұлттық, мемлекеттiк, кәсіби және өзге де мерекелер аталып өтiледi.

Осы заңның 4-бабына сәйкес кәсіби және өзге де мерекелiк күндер тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, халқымыздың салт-дәстүрін қолдау және оны дәріптеу мақсатында 14 наурызды Көрісу күні мерекесі деп белгілеу жөнiнде ұсыныс енгіземін және тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруінізді өтінемін» деді С.Еңсегенов.