Үкімет басшысының орынбасары сапар мақсатын ел-жұртқа түсіндіру алдында «Жұбановтар әлемі» орталығына жиналған жүздеген тұрғындарды, көп балалы аналар мен қоғамдық ұйым өкілдерін көрісу күнімен құттықтағаны жылы әсер қалдырды.
– Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы кезекті XVIII съезінде еліміздегі мұқтаж азаматтарға, көп балалы отбасылар мен аналарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетудің жаңа реформасын жария етті. Осыған байланысты үкіметтік жұмыс тобының қызметі республикамыздың батыс өңірлерінен басталып отыр. Мұндағы басты мақсат тұрғындарға тиесілі ең төменгі табыс көзін көбейту, білім мен денсаулық сақтау салаларының қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеру және өңірлердің дамуына тың серпін беру. Бұл үшін мемлекет қазынасынан 2,3 триллион теңге бөлінді, – деді Гүлшара Наушақызы. Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, ел азаматтарына жаңа әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасының ауқымы өте кең. Сондықтан да Елбасы қойған талаптар мемлекет пен қоғамдық ұйымдар, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақсақалдар алқасы және «Нұр Отан» партиясының белсенділері өзара бірлесіп, іс-қимыл танытқанда ғана тиісті нәтиже бере алады. Сол үшін де бүгін өздеріңізбен кездесіп, ой-пікір алмасуға арнайы келіп отырмыз, – деді вице-премьер.
Бұдан кейінгі кезекте ақпараттық түсіндіру жөніндегі үкімет тобы мүшелері сөз алып әлеуметтік қамқорлық мәселелеріне қатысты нақты атқарылатын шаралар жөнінде айтып берді. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев тұрғындардың тұрмысы мен өмірінің сапасын жақсарту ісі ең алдымен жалақы мөлшерін өсіруден бастау алатынын мәлімдеді. Соның ішінде бюджет қызметкерлерінің жалақысы 15-30 пайызға дейін көтерілмек. Оның аясы кем дегенде бір миллион адамды қамтиды.
Министр атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен төлеу тәртібі туралы айта келіп, бүгінгі күні республикада оның мөлшері 70 пайызға өскенін, бұған 830 мыңнан астам тұрмысы төмен азаматтар тартылғанын айтты. Бұған қоса жұмыс орындарын ашу мен қосымша мамандықтарға оқыту мәселелері әлеуметтік қолдаудың бір тетігі ретінде қарастырылады. Б.Сапарбаев бұл ретте бір отбасының үлгісінде атаулы әлеуметтік көмек берудің мән-жайына жеке тоқталып, алдағы кезде оның көлемі 63 пайызға көбейетінін алға тартты. Ауыл тұрғындарын қолдау, жеңілдікпен несие беру мәселелері туралы да сала басшысы нақты деректер келтірді.
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова өз сөзінде ел өңірлерінен мектеп ғимараттарын салуға сұраныс көп екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында 1672 мектеп салынған. Соңғы үш жылда Ақтөбеде тоғыз білім ордасы бой көтерген. Білім сапасы ең алдымен мұғалімнің біліктілігіне байланысты. Сондықтан да қазір елімізде педагог мамандарды қайта әзірліктен өткізудің жаңа жобасы белгіленді, – деді Күләш Ноғатайқызы. Алдағы жылдары химия, биология, физика және информатика пәндерін жоғарғы сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға байланысты тілді үйренуге бөлінетін қаржы көлемі едәуір ұлғаяды. Сонымен бірге Қазақстан тарихы мен географиясын оқып үйренуге арналған қосымша бағдарламалар белгіленбек. К.Шәмшидинова жоғары оқу орындарының рейтингі алдағы кезде түлектердің жұмысқа орналасу деңгейімен анықталатынын атап көрсетті.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін көтеру жөнінде тың іс-шаралар жоспары белгіленгеніне тоқталды.
Биылғы жылдың бірінші шілдесінде дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі. Ауылдық фельдшерлік-акушерлік қосындар мен жедел жәрдем бригадасы мүшелері жалақысы отыз пайызға көтеріледі. Жалақы өсімі еліміздегі отыз мың дәрігер мен 225 мың орта медицина қызметкерлерін қамтиды, – деді министр.
Бұдан кейінгі кезекте Индустриялық және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жәйімбетов республика қалаларының шеткері аймақтарының инфрақұрылымын дамыту, баспана мен ауыз су мәселелерін шешу жөнінде жаңа жобалар белгіленгенін жеткізді.
– Бұл орайда еліміздегі 340 мың көп балалы отбасы назардан тыс қалмайды. Елімізде соңғы жылдары 12,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Республикадағы 18 млн 320 мың тұрғынға шаққанда бұл ТМД көлеміндегі ең жоғарғы көрсеткіш, – деді комитет басшысы.
Сондай-ақ кеше Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова мен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен өңірдегі бірқатар көп балалы отбасылар мен аналардың үйіне бас сұғып, олардың тұрмысымен танысты. Бүгін Үкімет басшысы орынбасарының Ақтөбе облысына сапары одан әрі жалғасады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ