Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Көнені жаңғыртқан «Көзайым»

1239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістандағы Қ.А.Ясауи атын­дағы ХҚТУ студент­тері оқу орны жанынан түрлі клубтар ашып, қоғам өмірінде белсенділік танытуда. Жуырда жас журна­листер клубы құрыл­ғанын хабарлаған болатынбыз. Ал университет жанынан құрылған «Көзайым» қыздар клубы бүгінде қатарын толық­тырып, жас­тармен жұмыс ауқымын кеңейте түскен.

Көнені жаңғыртқан «Көзайым»

Жас журналистердің хабарлауынша, «Көзайымға» мүше әрбір бойжеткен күнделікті ұлттық әшекейлер – сырға, шолпы, алқа тағынып, тек ұзын белдемше немесе көйлек киіп жүруі тиіс. Осылайша қыз­дар бүгінде ұмытыла бастаған шолпының сыңғырын, қазақтың әшекейлерін қайта жаңғыртпақ. Бойжет­кендердің бойына ұлт­тық салт-дәстүрді сіңіруді мақ­сат еткен клуб алғашқыда өзін өзі дамыту мектебі болып құрылған. Құрамына 600-ден астам қыздар енген клуб мүшелері сабақтан тыс уақыт­та түрлі бағыттағы арна­йы топтарға қатысу арқылы тұрмысқа қажетті нәрселерді үйренуде. Дәмді тағам пісіріп үйренгісі келетіндер «Тәп-тәттім» тобына, қан қысымын өлшеуден бастап, бала күтімі, қыз­дар гигиенасы мен денсау­лық­қа қатысты сабақ алғысы келетіндер «Маржан» тобына, араб тілін үйренемін деушілер «Ясауи жастары» ұйымына тіркелген. Сондай-ақ «Шебер», «Қаракөз», «Сұлушаш» тобынан да қыздардың үйренері көп. Көркем мінезді, рухани бай болу керек деп есептейтін қыздар өзін өзі жетілдіру мақсатында апта­сына бір кітап оқып шығу­ды міндет етіп қойған. Жас журналистердің хабарлауынша, М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсін» оқып шыққан алпыс қыз бас қосып, кейіпкерлердің мінезіне психологиялық талдау­лар жасапты.

Қыздар клубының жұмы­сы­на облыстық жастар ресурс­тық орталығы арнайы фотосессия түсірілімін, кездесу­лер ұйымдастырып, қолдау көрсетуде. Әлеуметтік желі­лер­де аш­қан парақшаларына тапсыр­ма­ларды жүктеп, тара­­тып, насихаттап отыратын «Көзайым» клубының сабақ­та­рына кез келген ару қатыса алады. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы