Қоғам және адам бар жерде, түрлі мәселелердің туындайтыны ақиқат. Қылмыс та сол адамзаттың қолымен жасалады. Бұл ретте тәртіп сақшыларының еңбегі елеуге тұрарлық. Полицияның сан-салалы қызметінің ішінде де мамандардың атқаратын түрлі міндеттері бар. Алайда, бір қарағанда әйел азаматтардың қауіп пен қатерге толы ішкі істер саласында қызмет атқаруы құптай қоятын жайт еместей көрінеді. Мәселен, қылмыс болған орынға бару, оны ашуға атсалысу, қылмыскерлерді тергеу, сот процесіне қатысу сияқты нәрселер адам жүрегіне салмақ түсіреді. Түрлі адамдармен сөйлесіп, түрлі мінез көрсетуге де тура келеді.
Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін нәзікжандылар санының артып келе жатқаны шын. Бір ғана Жамбыл облыстық полиция департаментіне қарасты мекемелерде 213 қыз-келіншек қызмет атқарады екен. Әрине, олардың арасында ұзақ жылдар бойы осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқандары да, қадамын енді басқандары да бар. Бірақ қайбірімен сұхбаттаса қалсаңыз, олар бұл саланың қиын да қауіпті екенін айтады. Жұмысы қиын және өте қауіпті болса да полиция подполковнигі Самал Жұманбаева жиырма жыл бойы Талас аудандық полиция бөлімінде тергеуші болып жұмыс істейді. Ал оның басты міндеті – ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу. Самал Кенжебайқызы 1998 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген соң Талас ауданына тергеуші болып орналасады. Қызметтік жолы кіші сержант шенінде аудандық ішкі істер бөлімі тергеу бөлімшесінің тергеушісі қызметінен басталды. 2005 жылдың мамыр айында Самал Жұманбаева осы бөлімшенің аға тергеушісі лауазымына тағайындалып, күні бүгінге дейін полиция подполковнигі шенінде қызмет атқаруда. «Мектеп жасынан бері тергеуші болуды армандадым. Сондықтан 10-сыныпта оқып жүріп, сол кездері Қаратау қалалық ішкі істер басқармасына келіп, біртіндеп тәжірибе жинақтай бастадым. Ал менің бірінші тәлімгерім – аға тергеуші Қанат Құлжанбеков болды», – дейді подполковник.
Қызмет барысында талай қылмыскерді тергеп, талай қылмысты ашуда Самал Кенжебайқызы жақсы көрсеткіш көрсеткен. Тіпті қауіп пен қатерге толы тергеу барысында қаталдық танытуға да тура келеді. Өйткені қылмысты мойындату, оның себебін анықтау да оңай емес. Мұндай кезде көңілге кірбің, жүрекке салмақ түседі. Сол үшін ол бос уақытын әдемі гүлдерді өсіруге арнайды. Сонымен қатар оның сүйікті ісі детективтік жанрдағы кітаптарды оқу екенін білдік. Бүгінде төрт баланың анасы Самал Жұманбаева адам бойындағы қайсарлық қана қиындықты жеңеді деген ұстанымды ұстанады.
Жалпы, бүгінде орын алып жатқан түрлі жағдайларды көріп отырып қыз балалар неге құқық қорғау саласында қызмет атқаруға құмар деп ойланатынымыз рас. Ер адамның өзіне қажыр мен қайрат керек бұл саланың қалтарысы мен бұлтарысы да көп. Алайда, талғамға талас жоқ дегендей, әркімнің мамандық таңдауда өзінше шешім шығаруына болады. Ал Тараз қалалық №2 полиция бөлімінің жедел криминалистика бөлімінің криминалисі, полиция капитаны Мақпал Раби 2007-2011 жылдары Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігінің Академиясын тәмамдаған тәжірибелі маман. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Оңды ауылында дүниеге келген Мақпал 2012 жылдан бері осы мекемеде жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – қандай да болсын оқиға орнына бару, оған қатысу. «Мүмкіндік болса қылмыстың алдын алу, қылмысты ашу, оқиға орнынан алынған айғақ заттардың сол іске қатыстылығын анықтау біздің міндет. Жыл басынан бері он шақты қылмыс орнына барып үлгердік. Мереке күндері жұмыс екі есеге артады. Қиындықтар да болып тұрады. Өмірімізге қауіп төнетін кездер де кездеседі. Бәрі адамның өзіне байланысты. Көп нәрсені жүрекке ауыр алуға болмайды. Оқуда жүргенімізде бізге мұның бәрін үйреткен», дейді капитан.
Қылмыс ашудың да өзіндік құпиясы мен тәртібі бар. Дегенмен, қызмет бабында полицейлерге орынсыз дүрлігіп қоңырау шалатындар да кездеседі екен. Қоңырау түскен мезетте түн демей, күн демей полицейлер сол жерге жетуі тиіс. Мәселен, отбасылық жанжал, екі адамның төбелесі, ұрлық сияқты қылмыстардан адам өліміне дейінгі оқиғаларға араласуға тура келеді. Мақпал Раби қазіргі кезде пәтер және автокөлік ұрлығының көбейіп кеткенін айтады.
Адамның бәрі бірдей емес. Кейде қомақты ақша жоғалды, тонап кетті деген желеумен шақырып алып, соңынан олай болмай шығатыны да жиі кездесіп тұрады екен. Осындай сәттердің бәрінде оқиға ортасынан табылу, оған араласу, оны анықтау қиын. Әсіресе әйелдер қауымына мұның ауыр екені анық. Қашанда сұлулық пен нәзіктік символы саналатын қыз-келіншектер қауымы расында құқық қорғау саласында неге көп екен?..
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы