Жасыл көпір бағыты: Астана – Рио+20
Сәрсенбі, 20 маусым 2012 8:37
«…Еліміз БҰҰ-ның мыңжылдықтар дамуы мақсатын ұстанатынын көрсетті. Қазақстан жаһандық энергиялық-экологиялық стратегия мен «Жасыл көпір» ауқымды экологиялық бастамасын қабылдауды ұсынды. Біз осы идеямызды Рио-де-Жанейрода өтетін бүкіләлемдік саммитке енгізуді жоспарлап отырмыз».
Сәрсенбі, 20 маусым 2012 8:37
«…Еліміз БҰҰ-ның мыңжылдықтар дамуы мақсатын ұстанатынын көрсетті. Қазақстан жаһандық энергиялық-экологиялық стратегия мен «Жасыл көпір» ауқымды экологиялық бастамасын қабылдауды ұсынды. Біз осы идеямызды Рио-де-Жанейрода өтетін бүкіләлемдік саммитке енгізуді жоспарлап отырмыз».
(Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының жалпы жарыссөзінің ашылуында сөйлеген сөзінен).
Соңғы уақыттары бүкіл адамзат баласы экономикалық, азық-түліктік және экологиялық дағдарыстарды бастан кешуде. Бұл – Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Австралия және арал мемлекеттерінің жалпы ортақ проблемалары. Яғни, адамзаттың жиырма жыл бойы салған күш-жігері тиісті нәтижелер берген жоқ. Сол себепті, үстіміздегі жылдың 20-22 маусымы күндері Бразилияда БҰҰ-ның орнықты даму бойынша Рио+20 конференциясын өткізу жоспарлануда. «Рио-92» тарихи конференциясынан 20 жыл өткен соң мемлекет және үкімет басшылары орнықты даму жолындағы прогресті бағаламақ. Рио+20 конференциясында негізгі екі тақырып талқыланады:
– «жасыл экономикаға» өту;
– орнықты дамудың институттық негіздері.
Неге бүгінгі күні орнықты даму контексінде осы мәселелер талқылануда. Рио+20 дайындығына арналып арнайы өткізілген іс-шарада БҰҰ басшысы Пан Ги Мун қазіргі даму жолы тығырыққа тақайтындығын атап кетті. Қазірдің өзінде әлем алдында азық-түліктің және таза судың жетіспеушілігі, қоршаған ортаның ластануы мен қалалардағы халықтың шектен тыс өсуі, парниктік газдар эмиссияларының артуы және климаттың өзгеруі салдарынан туындаған проблемалар ортаға шыға бастады.
Қазіргі замандағы дағдарыстан шығу жолдарының жаңа тәсілдері экономиканы дамытудағы «жасыл өсім» мен «жасыл экономика» стратегиясында деп білемін.
Жасыл көпірмен жасыл экономикаға бет алу. «Жасыл» терминдері 2005 жылы Сеулде өткен қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 5-ші конференциясынан бастап жаппай қолданыла бастады. Оңтүстік Корея мемлекеттік «Green growth» (жасыл өсім) стратегиясын қабылдап, оның негізгі идеяларын барлық мемлекеттердің аймақтарына таратуды және экономикалық дамудың жаңа тәсілдерін жаппай насихаттауды ұсынды.
Аталған стратегияның негізгі жаңалығы оның тек табиғатты қорғауға ғана емес, сонымен қатар, экономикалық өсу мен технологиялық дамуға ықпал етуінде болып табылады. Дағдарыстан шығудың осындай жолдарын басқа дамыған елдер де ұстана бастады. Осылайша АҚШ президенті Барак Обама 2009 жылы келесі 10 жылдықта 5 миллион жұмыс орнын ашу үшін энергияның экологиялық таза түрлерін дамытуға 150 млрд. доллар инвестиция құю жоспарын жариялады. Сонымен қатар, Жапония да халықты жұмыс орнымен қамтуды 2,2 миллионға арттыру мақсатында экологиялық технологиялар рыногын 2015 жылға қарай 100 триллион иенге көбейтпекші.
Қазақстанда 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» үкіметтік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның басымдықтарына парниктік газдардың шығарындыларын азайту, өндірістік және тұтынылған қалдықтар проблемаларын шешу, қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдерді экологиялық салықтарға ауыстыру, су ресурстарын сақтау жатады. Атап айтқанда, осы басымдықтар Оңтүстік Корея басымдықтарымен пара-пар.
Жасыл өсім және жасыл экономика стратегиясы жасыл технология негізіндегі жаңа инвестицияларды талап етеді. Бірақ, бұл технологиялар тек дамыған елдермен әзірленіп, сол елдерде ғана орналасқан. Дамыған елдерде бұл үшін қаражат жеткілікті, жағдайлар да жасалған. Керісінше, дамушы елдерде мұндай қаражат пен жағдай жоқ. Алайда, дамушы елдердің экономикалық өсімінің салдары еуропалық және басқа да дамыған елдердің жаһандық экожүйелерді сақтаудағы парниктік газдарды қысқартуға бағытталған жұмыстарынан басым түсуде.
Бұл ретте ғаламдық маңызды табиғи нысандар – Бразилия, Орталық Африка, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ну ормандары, Гималай, Альпі, Тянь-Шань, Памир тауларының мұздықтары, Моңғолия мен Қазақстанның далалары және Сібір, Канада, Алясканың қалың ормандары жойылып кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде дамыған елдерде климаттық апаттардың ұлғайғандығы байқалады, мысалы, су тасқыны, құйынды дауылдар, жоғары немесе төмен апатты температуралар жиі орын алуда.
Яғни, Азия, Африка және Оңтүстік Америка елдерінің жасыл инвестициялар мен технологиялардың арқасында дамуы бүкіл ғаламшар үшін аса маңызды. Осы орайда, «Жасыл экономика» құрудағы жетекші елдер бірінші кезекте тұрған мына мәселелерді шешуі қажет. Олар:
– «қоңыр» өнеркәсіпке мемлекеттік субсидияларды қысқартып, экологиялық талаптарды қатаңдату;
– экологиялық салықтар енгізу;
– «жасыл» өнеркәсіпке елеулі инвестициялар құю мен «жасыл» мемлекеттік сатып алымдарға өту;
– жаңа «жасыл» трансферттер мен технологиялар енгізу.
«Жасыл экономиканы» ендірудің басты шарты – жаңа «жасыл» технологиялар трансферті. «Жасыл экономикаға» өту үшін технологиялық төңкеріс қажет. Көптеген сарапшылардың пікірінше, «жасыл өсімге» қатысы бар ғылыми салалардағы зерттеулер мен жұмыстардың халықаралық ынтымақтастығын күшейту және осы технологияларды дамушы елдерге тездетіп таратудың ғаламдық институттық тетіктерін құру қажеттілігін атауда. «Жасыл» технологияларға еркін қолжетімділік пен дамушы елдерге мемлекет арқылы қаржыландыратын технологияларды беруді ынталандыру – орнықты дамудың елеулі шарты. Алайда, әлем елдерінің рынокқа шығарып отырған өнімдері осы технологиялар болып табылады және негізгі табыс көздерін олардан алып қою оңайға соқпайды.
Сарапшылардың айтуынша, «жасыл экономика» құру үшін халықаралық интеллектуалды меншік құқығын қорғау режімін (2001 жылы Дохада қабылданған) TRIPS келісімі және қоғамдық денсаулықты қорғау декларациясына ұқсас өзгерту қажет. Ол үшін патенттерді қорғау мерзімдерін шектеу және өнертапқыштарға қолда бар патенттелген ғылыми мағлұматтарды қолдана отырып жаңа инновациялар ашу үшін рұқсаттар беру керек. Технологияларды трансферттеу проблемасы бойынша әлемнің жетекші сарапшылары жұмыс атқаруда. Бірақ әзірге нәтижесіз.
Астана бастамасы: «Жасыл көпір» – жасыл технологияларды трансферттеудің тәжірибелік тетігі. 3 және 4-Астана экономикалық форумында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев алдыңғы қатарлы дамыған елдер мен дамушы елдер арасындағы инновациялық технологияларды трансферттейтін өзіндік «жасыл көпір» орнату қажеттігін атап көрсеткен болатын. «Жасыл көпірдің» негізгі міндеті – планетаның ірі аймақтарындағы мемлекеттердің «жасыл экономикасын» жүзеге асырудағы мемлекет, жеке сектор, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың серіктестігіне септігін тигізу.
«Жасыл көпір» Астана бастамасы 2010 жылдың қазанында Азия және Тынық мұхит елдерінің қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 6-конференциясында қабылданды. ESCAP елдерінің тапсырмасы бойынша Қазақстан «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын әзірледі. 2011 жылдың қыркүйегінде «Жасыл көпір» бастамасы және серіктестік бағдарламасы «Еуропа үшін қоршаған орта» 7-Пан-Еуропалық министрлер конференциясында қолдау тапты.
Бағдарлама мемлекеттер, халықаралық, үкіметтік емес, білім ұйымдары мен бизнес арасындағы экономикалық және нарықтық құралдар арқылы «жасыл» бизнестің жаңа жолдарын құру бойынша өзара іс-қимылдар әрекеттерін ойластырады. «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасында демеуші мемлекеттер мен көмек алушы мемлекеттер жоқ. Іс-қимыл екі жақты жүреді. Бір жағына қарай экологиялық таза «жасыл технологиялар», ал екінші жағына қарай «жасыл технологиямен» жасалған «жасыл тауарлар» жүретін болады.
Жетекші елдер өтеусіз негізде «толық біткен» жаңа жасыл технологияларын ұсынуы керек. Өз кезегінде, дамушы елдер «жасыл» технологияларды тартуға қолайлы жағдайлар жасауы қажет. Барлық серіктестік елдер «жасыл технологиялар» арқылы жасалған «жасыл тауарларға» еркін рынок ұсынуы тиіс.
Серіктестік бағдарламасын және инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың негізгі шарты көпжақты келісімдер болып табылады. Солайша, барлық мемлекеттер үдеп келе жатқан проблемаларды шешу және бар жағдайды түбегейлі жақсарту үшін өз еркімен жасыл инвестициялар мен технологияларға қолайлы жағдай жасауы тиіс. Өз кезегінде стратегиялық жобалар табыс әкеледі. Еуропаның, Солтүстік Американың және Азияның көптеген елдерінде тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген «жасыл экономиканы» қолдау мысалдары жетерлік. Сондай тәжірибелерді жинақтап, талдау жүргізіп, солардың негізінде бағдарламаны жүзеге асыратын (кемінде 10-20 жылға арналған) ұзақ мерзімді келісімдер дайындау қажет.
Қорыта келе айтарымыз, Қазақстан өзінің 20 жылдық тәуелсіз тарихында бәрімізге ортақ үй – Жер планетасын сақтауда және жаһандық экологиялық проблемаларды шешуде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Ал бүгін бүкіл адамзат планетаның күйзелісін тоқтатып, өмір негізін қайта жандандыратын бірден-бір мүмкіндікке ие. Адам мен табиғаттың үйлесімді өмір сүру мүмкіндігі қазіргі таңда басқа кездерге қарағанда әлдеқайда жоғары.
Нұрғали ӘШІМ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.