Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Математика ғылымының дүлдүлі еді

1761 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлем халқы дарынды математик екендігін мойындаған, кеңес кезеңінде де Қазақстан мен Ресей арасында беделді қызмет атқарған академик, профессор, білімімен атағы шығып, кейінгі ұрпаққа өшпес есімі мен зор еңбегін қалдырған Шалтай Смағұлов осынау шуақты көктемде жетпіс жасқа толар еді... 

Математика ғылымының дүлдүлі еді

Шалтайдың өмір жолының өзі кімге де болса тұнып тұрған тәлім болатын. Іле өзенінің Балқаш көліне құяр са­ғасындағы «Көккөл» деген шағын ауыл­да өткен балалық шағы, бауырыңды жазып жүгіре алмастай қалың құм қа­ра көшкініндей көшіп, борай соққан ты­нымсыз желдің ұйытқуы тынысыңды кере дем алдырмайтыны да ерекше-тін. Балқаш көлінің жарқыраған айды­ны, дүлей табиғаты оған Сәкен шығар­масындағы Альбатростай болуға жас­тайы­нан-ақ баулыған-ды. 

Ол қарапайым теңізшінің отбасында өмірге келді. Жалпы Молдахан аға мен Сәрсебала апайдың отбасында он бір бала – бес ұл, алты қыз тәрбиеленді. Қа­зақта әже тәрбиесін көріп өсу деген тамаша дәстүр бар. Ол ешқашан әдеп­сіздікке ұрынбау үшін көкірегіңе салынған код десе болғандай. Бесіктегі кезінде ата-анасы Шалтайды нағашы әжесінің қолына береді. Әжесінің аты – Ораз екен. Ауылына өте сыйлы кісі болыпты, содан да болса керек ер-азаматтар, ақсақалдар ол кісіні «Өке» дейтін бол­­ған. Мұның біздің Шәкеңе де оң ықпалы болып, оған ерекше ілтипатпен қарауды қалыптастырған.

Шалтай екеуміз 1967 жылдан ҚазМУ­-ға оқуға қатар түстік. Үш­ курс бірге оқыдық, кейін ол Новосібірге ауы­­сып кетсе де, жазғы уақытты бірге өткізетінбіз. Онымен қоса, Шәкеңнің ауы­лы Құйғанда менің туған апам Әйкен мен осындағы кеңшар тұтынушылар коопе­ративі бас есепшісі болып қызмет атқар­ған жездем Сапарбек тұрушы еді.

Шалтай ешуақытта бізбен қатынасын үзген емес, онымен бірге Нарқозы Данаев, Мұхамедияр Мұзақбаев та Ресейге бір­ге аттанған болатын. Біз курстас қа­на емес­піз, Қарағанды қаласындағы қа­зіргі ака­д­е­мик Е.А.Бөкетов атындағы Қараған­ды мемлекеттік университетіне оқу бі­тірген жылы жолдамамен бір мезет­те келіп, қатар қызмет атқардық. Тату дос болдық. Ол өзі қоғамшыл, көпшіл, сері жан, ойын-сауықтың көркі болушы еді. Аз уақыттан соң ол қайтадан Ново­сібірге қызметке аттанды. Ре­сей елінде «жүйрік болар тұлпарды құлы­нынан танитын» «Күреңбай сыншы» іспетті академик Н.Н. Яненко Шалтайды өз институтындағы зерттеу лабораториясына ізденуші етіп қабылдады. Сонда профессор Б.Г.Кузнецовтың жетек­шілі­гімен өзінің алғашқы ізденісін бастады. 

Бұл – математика ілімінің аспанына нұрын шашқан жарық жұлдыздың жанған күні болып тарихта қалды. Оның айғағы – математика әлемінде «Сма­ғұлов теоремасы», «Смағұлов кестесі» сынды тың дүниелер пайда болды. Не­гізі, ғалымдар, олар ашқан жаңа­лық­тар, сол биікке жету жолындағы соқ­пақтар жайында жастарға баспасөзде жиі­ уағыз­даған жөн. 

Шалтайдың көпшілдігі, қоғамшыл­дығы, адамгершілік қасиетінің бірі – өз арамызда әзілдеп айтатын «коман­да­лық» іскерлігі еді. Оның маңайына топтас­қандар, болмаса соңынан ілескендер ғалым болып шығады. Ол қаншама жан­ның ғылыми еңбегіне қол ұшын созып, ақыл-кеңесін беріп, қолтығынан демемеді дейсіз? Ол табиғи таза дарын иесі болғандықтан математика са­ласындағы ғалымдардан оқ бойы озық тұра­тын. Шалтайды қалай мақтасақ та жарасады. Айтқандай оның балуандығы өз алдына бір әңгіме. 

Бір үлкен мейрамда пияз егумен ай­на­лысатын корей ұлтының өкілдері ор­таға күреспен айналысатын әккі балуанын шығарды. Орта бойлы, дембелше келген жігіттің бұлшық еттері шымыр көрінеді. Соның мысы басты ма, ел жігіт­терінен ешкім белсене қоймапты. Бұрын балуан­дығымен аты шыққан ауыл ақса­қалы Төлебай намыстанып: 

– Әттең, қартайып қалдым-ау, әйтпе­се өзім шығар едім! Әй, намысты қол­дан береміз бе, неге біреуің ортаға шық­пай­­сыңдар? Кәне, бала Шалтай шық,­ ортаға, – дегенде 9-сыныпта оқи­тын, балаң көрінгенімен кеуделі, иық­ты әрі бойшаң Шәкең ортаға жүгіре шы­ға­ды. Екеуі белдесе кетті. Шамалы әдіс бай­­қасып ырғасып жүрген Шәкең бір кезде корей жігітінің жуан мойны­нан қап­сыра құшақтап, жамбасқа салып, иығынан асыра алып ұрады. Содан былай «Шалтай балуан» атанады. Мей­рам сайын күрес болғанда оған қар­­­сы ешкім шықпайтын. Өз арамызда талай сайысқанымызды құрметпен еске аламыз.

Кеңестік кезеңнің тағы бір көзге көрінбес саясаты – тіл саясаты болатын. «Тіл – қарым-қатынас құралы» деген­ді жиі қолдансақ та, байыбына бара берме­йтінімізге куә болдым. Ойласаңыз, шал­ғайдағы ауылдарда «орыс тілін үйрену дәрісі» өтеді. Баланың дені ауы­лда өсетіні мәлім. Сонда небір талантты балалардың «бағы жанбауы» орыс тілінен «ақсауда» жатады екен ғой. Табиғатында ұяң, болмаса, жасық жас­өспірім жоғары оқу орындарында білім алу, бойындағы талантын ұшт­ау мүмкіндігінен қағылып қалатын бол­ған. Мектепте оларға «үш» қоя салу ұс­таздар тарапынан да дағдыға еніп, бала кеудесіндегі дарынның жетілуі ба­қылаусыз қалып келген болып шыға­ды. 

Шалтай досым осы саясатқа қарсы өмір бойы талмастан қызмет етті. Ол ең алдымен жастар бойынан талант, та­биғи дарынды іздеуші еді. Өйткені, оның өзі де орыс тілінің тақсіретін аз тартпаған болатын. Ауыл баласы қанша тырысқанымен оған осы пән­нің сылтауымен «алтын медаль» алу бақыты бұйырмап еді. Есесіне тынымсыз ізденіспен талмай еңбектенудің нә­тижесінде ғылымның биік шыңдарын ба­ғындырды. Кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге көрсетті.

Шалтай Смағұлов Новосібірдегі Ға­лымдар қалашығында КСРО Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Есептеу орталығы, Теориялық және қолданбалы механика ғылыми-зерттеу институттарында аға ғылыми қызметкер дәрежесіне дейін көтеріліп, жұмыс істеді. Сол ғы­лы­ми ортада кандидаттық, кейін қазақ хал­қының басына СОКП-ның қолдан ұйым­дастырылған «ұлтшылдық» деген жаласы таңылып тұрған шақта есептеу математикасы саласында Есептеу орта­лығында өзінің терең білім мен ғылымға бейім талантымен докторлық диссертация­сын қорғап шықты.

Шалтайдың азаматтық тұлғасын биіктететін қасиетінің бірі – Отаны үшін отқа түсуге дайын тұратын батылдығы. Соның бір қарапайым мысалы, өткен ғасырдағы Желтоқсан көтерілісі тұсында Ресей мен еліміздің қарым-қатынасына «сызат түсіруге таптырмас сылтау» ізде­гендер мәскеулік ғалымдар арасынан да табылды. 

Нақ сол тұста 1986 жылғы желтоқ­сан айының аяқ шенінде Ресейдің Ново­сібір қаласындағы атақты «Академ­қалашықта» диссертация қорғауға қа­­тысты Ғылыми кеңес мәжілісінде ғы­­лы­ми баяндамасын аяқтап, кеңес мү­ше­лерінің сұрақтарын күткен жас ға­лымды ешкім бірден қолдап кете қой­май, тығырыққа тіреді. Бұл нағыз пси­хологиялық қысым болатын. Жас ғалым абдырап қалса, жүрісінен жаңылады, одан арғысы мәлім. Міне, сол сәтте та­­­лапкер диссертанттың ғылыми же­тек­­ші­сі Шалтай Смағұлов ғылыми ең­бектің дәйектілігі мен өзектілігін бұл­тартпас дәлелдермен өрнектеп берді, сөй­тіп, «академқалашықтың» азулы ака­демиктері мен ғұлама ғалымдары диссертациялық еңбекті бірауыздан қол­дап дауыс берді. 

Осылайша, бұл күнде танымал ірі ға­лым, профессор, ғылым докторы Болат Рыс­баевтың Новосібір мемлекеттік уни­вер­ситетіндегі диссертациялық кеңес­те 15/0 дауыспен абыройлы қорғап шы­­ғуы еліміз бен қазақстандық матема­тиктер үшін үлкен жеңіс болды. Бұл Кеңес Одағы көлеміндегі Шалтай Смағұлов­тың абырой-атағы зор екенінің бір дәле­лі, туған елі үшін басын қатерге тіккен көз­сіз ерлігі еді. Содан былайғы жерде қазақ­стандық жас ғалымдарға да кең жол ашылды. 

1984 жылы Шалтай Смағұлов сол кездегі ҚазМУ-дің ректоры, талант­ты­ ғалымдардың жебеушісі бола біл­ген Өмірбек Жолдасбековтің арнайы ша­қыруымен университеттің меха­ника-ма­тематика факультетіне дифферен­циал­­дық теңдеулер кафедрасы­ның мең­геру­шілігіне қызметке келеді.

Арман – қашанда алға жетелейді. Со­­­ның дәлелі өмірінің жарқын шақ­та­рын, бойындағы күш-қуатын отан­дық ғылымды дамыту жолына жұм­сап, аян­бай еңбек еткен Шалтай Смағұлов­тың есімі дүниежүзілік математика ға­лым­­дары қауымдастығына кеңінен таны­мал. Ол физика-математика ғы­лым­дарының докторы, профессор, ғы­лым, техника, білім беру саласында Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­стан Республикасы Инженерлік ака­­­демиясының академигі дәрежесіне жетті.

1996-2000 жылдары аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситеті жанындағы Математика және механика ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры қызметін ат­қарды. 2001 жылдан механика-математика факультетінің деканы болып тағайындалды.

Одақ кезінде математикалық мо­дель­деу саласында 10 ғылым докто­ры болса, соның төртеуі қазақ ғалы­мы екен. Шалтай Смағұлов ғылымға ара­ласқан уақыт аралығында 150-ден ас­там ғылыми-еңбек, оның ішінде 

8 мо­нографиялық еңбек жазды. Ғалым­ның тікелей жетекшілік жасауымен 60-тан астам кандидаттық диссерта­ция, 10 докторлық диссертация қор­ғалуы Шалтай Смағұловтың ғылым сала­сындағы адалдығы мен біліктілігі, табан­дылығы мен шыншылдығының жар­қын көрінісі.

Ғылымда өскен ортаның тәрбиесі, оның жағдайының ықпалы туған жер жайлы тебіреніске әкелмек. Соның айға­ғы Шалтай Смағұловты Қазақ еліндегі ел мен жердегі орасан зор қасіретті же­ңіл­дету шарасына атсалысуға мәж­бүрледі. Сондай жайлардың бірі – ел­дегі экологияға қатысты мәселе. Ол ке­ңес­шілік еткен «Компьютерлік және есеп­теу технологиясы» кафедрасында «Бай­қо­ңыр ғарыш айлағынан зымыран тасы­ғыштарды ұшырудың қоршаған орт­аға, атмосфераға зардабы және жер бе­тіне әсерін бағалау бағдарламасының» зерт­телуі нәтижесінде Қазақстан аумағына құлаған «Протон» зымыранының эколо­гияға қаншалықты зиян келтіретіндігі нақты ғылыми түрде дәлелденді. 

Ғалымның жетекшілігімен мұнай-газ шығаратын орындарға компьютерлік бағ­дарламалар арқылы бақылау, болжау жасайтын ақпаратты жүйелер жасалды. Онда математика ғылымының күрделілік си­патын өндіріске пайдаланудың не­ғұрлым түсінікті әдісін көрсетіп, ин­женерлік модельдерді қиналмай жү­зе­ге асыруға мүмкіндік беретін бағдар­ла­­­малар жиынтығын қолдану арқылы бар­­­лық жүйелердің дербес түрде жұмыс атқаруына қол жеткізді. Оны уақыт өт­кен сайын жетілдіріп отырудың кең кө­лемді жоспарын іске асырды. 

Осы жұмыстардың нәтижесінде дү­ниеге келген «ИСАР» автоматтанды­рылған жүйесінің нақты кен орындарында, оның ішінде Маңғыстау облысының Жеті­бай мұнай кәсіпшілігінде қолданы­луы арқылы Англияның «Tiegress» авто­маттандырылған жүйесіне қарағанда ана­ғұрлым дәл мәліметтер беретіндігі іс жүзінде дәлелденді. Осы бағдарлама Құм­көл-Лукойл, Торғай-Петролеум, Қара­жамбас сияқты кен орындарында колданылуда. Қазақ ғалымының бұл жаңалығы отандық ғылымның, әсі­ресе, математикалық модельдеу, есеп­теу ма­тематикасының, механика сала­ла­рының жедел қарқынмен дамып келе жат­­қан­дығын айғақтайды.

Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры, математика ғылымдарының профессоры, Жоғары мектеп халықаралық ғылым академиясының академигі