Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин үкіметтің жұмыс тобының халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарымен кездесуі кезінде жеткізді.
«Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы әлеуметтік саясат саласындағы шаралардың іске асырылуын егжей-тегжейлі қарастырып, тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде жаңа ауқымды шаралар ұсынған болатын. Елбасының съезде көтерген мәселелері Ақтөбе облысында да өзекті. Сондықтан берілген тапсырмаларды сапалы және уақытылы жүзеге асыру – біздің негізгі, басты міндетіміз»,- деді облыс әкімі.
Ол көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған шаралардың өңірде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында үстіміздегі жылдың 8 ақпанынан бастап Ақтөбе облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ашық есік күндері» акциясы ұйымдастырылды. Аталған акция аясында облыстың 5193 тұрғыны жолығып, 6028 сұрақ қойылды. Тұрғындармен көтерілген сұрақтардың негізі тұрғын үй, несиелерді өтеу, мемлекеттік жеңілдіктерді алу мәселесіне қатысты»,- деді Оңдасын Оразалин.
Сұрақтардың дені жедел шешіліп жатты. Оның ішінде 1469 сұрақ оң шешімін тауып, 4307 сұраққа түсіндірме берілді. 264 сұрақ жұмыс барысында бақылауда тұр. Аса мұқтаж отбасылармен жұмыстану үшін өңірде құрамына депутаттар, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылым өкілдері кірген мобильді топтар жұмыс жасады. Олар жүгінген кісілердің тұрмыс жағдайымен танысып, сол отбасыға қандай нақты көмек көрсету керектігін білу үшін мекенжайларына барды.
Жалпы, акция кезінде кәсіпкерлердің демеушілік қолдауыменәлеуметтік көмекке мұқтаж 877 отбасыға жалпы сомасы 50 млн теңгеге қажетті көмектер көрсетілді.
Кездесуде сондай-ақ, Ақтөбе облысында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындар саны бір жарым есе артатынын жеткізді. Егер 2018 жылы 20 083 адам жалпы сомасы 717 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек алса, 2019 жылы олардың саны 29 237 адамға артады. Осы мақсатпен биыл бюджетке 903 млн теңге бөлінген, қосымша республикалық бюджеттен тағы 3,5 млрд теңге бөлінбек.