Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Балалар құқығы - басты назарда

976 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар үш заң жобасын қарады. Сенаторлар, сонымен қатар, Жоғарғы Сот Кеңесінің ұс­ы­нысымен Мейрамбек Таймер­деновті Жоғарғы Сот судьясы қыз­метіне сайлауға келісім берді.

Балалар құқығы - басты назарда

Көршілік парыздың бірі – экономикалық қолдау

Жалпы отырыс барысында мінберге шық­қан Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Талғат До­­нақов Жоғарғы Сот судьясы қызметіне үміт­­кер М.Таймер­де­новтің прокуратура, әді­лет ор­гандарында және сот жүйесінде әб­ден ысыл­ған, тәжірибелі заңгер екендігін атап өтті. 

– Оның судьялық қызмет өтілі 15 жылдан асады. Оның ішінде басшы судья лауазымдарында 11 жылдан бері қызмет атқаруда. Ке­зінде Алматы қалалық сотын басқарды, соңғы жылдары Ал­маты облыстық сотының төра­ғасы. Сот жүйесінде жұ­мыс істеген кезде өзін кәсіби білік­ті­лігі жоғары судья, беделді әрі тәжі­рибелі басшы ретінде таныта білді, – деді Т.Донақов. 

Сөйтіп, сенаторлардан қолдау тап­қан бұл үміткер Жоғарғы Сот судьясы қыз­метіне сай­лануы үшін Елбасының қарауына ұсы­ны­лады. 

Ал Мәжіліс мақұлдаған «Қа­зақ­стан Рес­пуб­­ли­касының Үкі­меті мен Өз­бек­стан Рес­пуб­­ли­касының Үкіметі ара­сындағы Энерге­тика саласындағы ынты­­мақтас­тықтың кей­бір мәселелері туралы негіздемелік келі­сімді ра­ти­фика­циялау туралы» заң жо­басы бойынша баян­дама жа­саған Энергетика министрі­нің міндетін атқарушы Махамбет Дос­мұ­хамбетовтің айтуынша, Қазақстан мен Өз­бекстан соңғы жылдары мұнай-газ сала­сында айтарлықтай әлеуетті дамыта түскен. 

Мемлекет басшысының 2017 жылғы 16 қыркүйекте Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында, Қазақстан мен Өз­бекстан үкіметтері арасында энергетика саласы бойынша негіздемелік келісімге қол қойылған. 

Сонымен қатар достығы жа­рас­қан көрші мемлекеттердің ынты­мақ­тастығын ширата түсетін келісімді ратификациялау бізге мұнай экспортын Өзбекстанға шикі мұнай тасымалдау арқылы арттыруға, күз бен қыс айларында еліміздің оңтүстігін табиғи газбен үздіксіз жабдықтауға, өз­бек елінің газ-көлік жүйесін пайдалану ар­қылы оңтүстік аймақтағы газ қауіпсіздігін нығайтуға және мұнай-газ-химия жобалары бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

– Өзбекстанның мұнайға деген қажет­тілігін қамтамасыз ету үшін 2018 жылы 260 мың тоннадан астам мұнай жеткізілді. Еліміз алдағы уақытта да Өзбекстанға өз ресурстарынан мұнай жеткізуге дайын. Шағыр стансасындағы темір жол цис­терналарына ауыстырып-тиеу ар­қылы Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбыры­мен жеткізіледі. Қазіргі уақытта осы бағыт­тағы тариф 1 тонна үшін шамамен 25 АҚШ долларын құрайды, – деді М.Дос­мұ­хам­бетов. 

Қазір Ресей Өзбекстан тарапының сұ­­рауы­на сәйкес жылына 1 млн тон­наға дейін мұнай жеткізу мәселесін қарас­тыруда. Бұл ретте Қазақстан екі ел арасында транзиттік тарап ретінде қаралады. Бұл желі арқылы 2017 жылы 68 мың тонна, 2018 жылы шамамен 36 мың тонна мұнай жеткізілген. 

Балалар мүддесі қорғалады

Жалпы отырыста «Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне баланың құқықтарын қорғау жө­ніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мә­селелер бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, қабылданды. 

Ресми деректер бойынша елімізде бес жылда 4740 бала зорлық-зомбылық құрбаны болған. Бұған дейін Сенат Төр­ағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жас­тар жылына арналған дөңгелек үстелде мектептерде жиі тіркелетін зорлық-зомбылық жағдайлары – барлық мемлекеттік орган­дардың жұмысындағы кемшілік екенін атап өткен болатын. Бұл мәселеге көз жұмып қарамай, нақты шаралар қолдану қажеттігі айтылды.

Депутаттардың бастамасы бойынша кәме­летке толмағандарға қатыс­ты жыныс­тық сипатта жасалған қыл­мыс­тар үшін қылмыс­тық жауап­ты­лық күшейе түседі. Ол ата-ана­лар­дың, өгей әке-шешелердің, мұғалім­дер­дің, қамқоршылардың кәме­летке тол­ма­ғандарға қатысты зорлау және зор­лық әрекеттері үшін жазаға байланыс­ты болып отыр. Бұл баптар бойынша бос­тандықтан айыру түріндегі жаза мер­зімін 12-ден 17 жылға дейін ұзарту көз­деліп отыр. Кәмелетке толмағандарды зор­лағаны үшін де жаза қатая түседі. 

Заң бұл баптар бойынша соттал­ған­дардың өмір бойына мұғалімдік және кәмелетке толмағандармен жұмыс істей­тін лауазымдарды атқаруына міндетті түр­де тыйым салу туралы маңызды ере­жені бекітпек.

Сауда қызметі нақтылықты талап етеді

Сенаторлар сондай-ақ «Қазақстан Рес­­­пуб­­ликасының кейбір заңнамалық акті­­леріне бизнес-ортаны дамыту және сау­­­да қызметін реттеу мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу ту­ра­лы» заң жобасын екі оқылымда қарады. 

Бұл құжатпен заңнаманы одан әрі же­­тіл­­діру және салық салу нормаларын нақ­тылау, ке­­­ден­дік әкімшілендіруді оңай­лату, элек­трон­дық және биржалық сау­даны реттеу, элек­­трондық саудадағы тұты­нушылардың құ­қық­­тар­ын қорғауды күшей­ту, сыртқы сау­да қыз­­меті сала­сын­­дағы ұлттық заңнаманы үн­дес­­тіру, жер қа­ты­настарын және тұрғын үй құ­ры­­лысына үлестік қатысуды регламенттеу көзделеді. 

Бұдан бөлек салық салу және кеден­дік әкімшілендіру саласында шағын және орта бизнес субъектілері үшін корпоративтік табыс және жеке табыс салықтарының мөлшерлемелерін 100 пайызға төмендету, өндірілген пайдалы қазбалардың көлемін өлшеу бірліктерін нақтылай отырып, кең таралған пайдалы қазбалардың шөгінді жыныстары үшін пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың мөлшерлемесін төмендету, арнайы экономикалық аймақ­тар­дың аумағында тауарларды өткізу кезінде нөлдік қосымша құн салығы мөлшерлемесін қолдану, ойын бизнесіне салық төлеушілер үшін қосымша құн салығы бойынша рұқсат етілген есепке жазу мөлшерін 70%-дан 85%-ға дейін өзгерту, бірінші топтағы мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсетудің құнын төлеу түрінде мүгедектің жеке көмек­шісінің табысын салық салудан босату, үлестік қатысу шарты бойынша салықтық міндеттемелерді орындауды екі жылға қайта қалпына келтіру және қолма-қол емес төлемдерді ынталандыру мен басқа да бірқатар ережелер енгізіледі. 

Заң жобасын пысықтау барысында Мә­­жі­ліс мақұлдаған жобаға бірнеше ба­ғыттар бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу қа­жет­тігі туындаған. Сон­дықтан да заң жобасы се­на­тор­лардың түзетулерімен Мәжіліске жібе­рілді. 

Отырыс барысында сенатор Сәрсен­бай Ең­сегенов еліміздің мерекелері тізіміне Көрі­су күнін қосу, Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруа­шы­лығын қаржыландыру, Дәу­рен Әділ­беков жалпыхалықтық декла­рациялауды ен­гізу мәселелері, Геор­гий Ким жолда жүру қа­уіпсіздігі сала­сындағы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде жол қозғалысын реттеу үшін полиция таяғын қолдану, Бірғаным Әйті­мова травматология ғылыми-зерттеу инс­ти­туты қыз­метін қамтамасыз ету және Ба­қытжан Жұмағұлов ғылымды қаржы­лан­дыру туралы депутаттық сауал жолдады. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»