Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Атырау облысында сүңгуірлер Жайық түбін тексерді

1263 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қауіпсіздік Кеңесінің Экологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшелері Жайыққа тікелей барып, жағдайды бақылады. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Атырау облысында сүңгуірлер Жайық түбін тексерді

Атырау облысына Қауіпсіздік Кеңесінің Экологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшелері келді. Министрлік өкілдері ең алдымен Жайық бойына барып, теплоходпен өзен бойын жүріп өтті. Жайық маңындағы Жамбыл ауылының тұсында 3 метр тереңдікте сүңгуірлер көмегімен Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, Экология департаменті және «Қазгидромет» ӨММ қызметкерлері химиялық су сынамаларын алды. Сүңгуірлердің айтуынша, өзен түбінде өлі балық қаңқасы табылмады.

Одан кейін комиссия мүшелері «Амангелді» балық шаруашылығы кооперативінің балық аулау аумағына барды.

- Дәл қазір бір аулағанда шамамен 200 келі балық ауланды. Оның 3,5 келісі өлі балықтар. Өлген балықтар қаңқасы мұзда қатып қалғандықтан еріп, су бетіне қалқып шығып жатыр. Қазір балықтың аз болатын кезеңі. Күн жылына сәуір айынан бастап уылдырық шашып, жылдағы үрдіспен балық көзі көбейеді, - дейді «Амангелді» кооперативінің қызметкері Өтеген Бисалиев.

- Энергетика вице-министрі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктің қатысуымен ведомствоаралық комиссия құрамы Атырау қаласына ұшып келген бетте Жайық бойымен өтіп шықты. Жағдайды өз көзімізбен көріп, балық өнеркәсібінің, балықтың жағдайын бақыладық. Сүңгуірлер суға түсіп, су түбінен екі нүктеде су сынамаларын алды. Балықтың өлімі айқын, жалпы, қарқынды жұмыс желтоқсан айынан бері жүргізілгенін айта кету керек. ІІМ тергеу жүргізеді. Біздің бірінші міндет - жағдайды оқшаулау, халықтың қауіпсіздігі үшін салдарын бейтараптандыру. Тексерілмеген балық өнімдері дүкендер мен сауда орындарының сөрелеріне түспеуі үшін денсаулық сақтау басқармасы 80-нен астам су сынамасын тексереді. Тергеу шеңберінде 4 сараптама жүргізілді. Экологтар мен біздің қызметкерлер Жайық өзеніне қалдық төгетін барлық кәсіпорындарды тексерді, нәтижесі бар. Балық өлімінің себебі тергеу қорытындысы шыққаннан кейін хабарланады, - дейді Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зулфухар Жолдасов.

7 наурыз күні Жайық жағалауынан 1,3 тонна өлі балық жиналған болатын. Барлық жиналған балық желтоқсан айында өлген, жаңа балық қаңқасы табылған жоқ.

- Бүгін біз Жайық өзенінің зардап шеккенін нақты түсінуіміз керек. Шығын - 8,6 тонна. Атырау қаласындағы екі балық зауытында жасанды түрде өсірілген бекіре тұқымдас популяция зардап шекті. Бұл көрсеткішті Жайық өзенінің жалпы массасының 0,04%-ын құрайды, яғни бұл іс жүзінде қалыпты. Бірақ қайта өңдеу жұмыстары жалғасуда және нақты салдар туралы әңгімелеу әлі ерте. Жайық-Атырау балық зауыты Ауыл шаруашылық министрлігінің құзырында, тергеу іс-шаралары жағдай себептері мен заң бұзушыларды анықтау нәтижесінде шығын есептеледі және тиісті шаралар қабылданады. Балық өсіру шаруашылығына келтірілген зиян есептелмеді, өйткені, бұл балық мемлекеттік емес, жеке. «Луговский жылқы Завод» ЖШС-нің алдында келтірілген залалды есепке ала отырып, шығындарын өзіндік жолмен қарайтын болады. Барлық балық есепке алынады және қылмыстық істі жасаған қылмыскерлер барлық келтірілген шығынды өтейді, - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нариман Жүнісов.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері мен ветеринарлар балық өнімдерін өткізу нүктелерін бақылауда ұстап отыр. Халық арасында балық немесе су арқылы улану жағдайлары тіркелмеген.

Айта кету керек, ведомствоаралық комиссия өкілдерінің қатарында Энергетика министрінің орынбасары Сәбит Нұрлыбай, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин, Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зулфухар Жолдасов, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нариман Жүнісов және Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Нұрмағамбетов бар.