«Үстіміздегі жылы Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жасалғанына 70 жыл толғалы отыр. Қазақстан алғашқылардың бірі болып «Семейдегі ядролық сынақтан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң, ондағы сынаққа қатысқан әскери адамдарды соғыс ардагерлеріне теңдестіру туралы нормативтік-құқықтық акт қабылдады» деген А.Төлепбергенов сол жылдары әскери қызметте болған сегіз жүзге жуық солтүстікқазақстандықтың бәрі бірдей мемлекет қолдауын көріп отырмағанын жеткізді. Тиісті құжаттары бар 142 адам қоғамдық бірлестікке мүше болғанымен, 25-і ғана жәрдемақы алады. Мұндай санаттағы адамдардың басым бөлігі ядролық сынақ аймағында әскери қызметін өтегендігін растайтын құжаттар алуда көптеген кедергіге кездеседі. Көбі ешқандай арнайы белгісі жоқ әскери билетпен ғана жүр.
Оның айтуынша, мемлекеттен арнайы жәрдемақы алу үшін Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы радиациялық қауіпті екі аймақтың бірінде әскери қызметте болғанын дәлелдейтін анықтама қағаз немесе иондық сәулемен байланысты ауруға шалдыққан адамның мүгедектігін растайтын құжат болуы тиіс. Сонда ғана арнайы төлем тиесілі екен. Ал оны дәлелдеу үшін бір әскери билет жеткіліксіз. Архив құжаттарының Ресей Федерациясында болуына байланысты сол елдің Қорғаныс министрлігінен тиісті анықтама алу қиынның қиыны көрінеді.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің сауалына облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері тұшымды жауап бере алмады. Семей ядролық сынақ аймағында қанша жерлесіміз әскери қызмет атқарғаны, олардың мәртебесін анықтау бағытында нендей жұмыс істелгені туралы хабарсыз болып шықты. Негізінен түскен өтініш бойынша Ресейдің Қорғаныс министрлігіне сұрау салумен шектелетіні белгілі болды.
Есіл ауданында тұратын Михаил Чеботаревтың бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Денсаулығы сыр бергеннен кейін қолын бір сілтегенге ұқсайды.
Отырыста Семей ядролық сынақ аймағында әскери қызмет атқарған азаматтардың мәртебесін анықтау жөнінде Қорғаныс істері жөніндегі департамент жүргізген шараларға қайтадан жан-жақты талдау жасау, мәселені Парламент депутаттарына, Қорғаныс министрлігіне жеткізу ұсыныстары айтылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы