15 Наурыз, 2019

Жаңа бағдарлама мен Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру барысы талқыланды

723 реткөрсетілді

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия Орталық аппаратының құрылымдық бөлім басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Сондай-ақ жиынға видеоконференц байланысы арқылы партияның облыстық филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және Астана, Алматы, Шымкент қалалық мәслихаттарының хатшылары, салалық басқармалардың басшылары және партия аймақтық филиалдарының қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында «Nur Otan»-ның кезекті XVIII съезінде қабылданған партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Одан бөлек, Елбасының съезде берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері сөз болды.

Сөз басында Мәулен Әшімбаев партияның алдында съезде Елбасы анықтап берген ауқымды міндеттер тұрғанына назар аударды. Соған байланысты «Nur Otan» партиясы бірнеше бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізбек.

– Партия Төрағасы съезде халықтың табысын арттыру, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерде денсаулық сақтау мен білім беру ісін жетілдіру, сондай-ақ, аймақтарда инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сияқты бірнеше бағытты ерекше атап өтті. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді Мемлекет басшысының әлеуметтік сала мен өңірлерді дамытуға қатысты тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындауға жұмсауымыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол партияның барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың Елбасы тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындауын, осы мақсаттарға бөлінген қаражаттың тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылайтынын жекізді. Сондықтан партияның барлық филиалдарының, мәслихаттардағы фракцияларының және аймақтық кураторлардың жұмыс белсенділігі арта түспек.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев съезде Елбасының партияға маусым сайын мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы тыңдаулар өткізуді тапсырғанына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар қолға алынған. Соның нәтижесінде бұл мақсатта партия жанынан мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларға мониторинг жүргізу және оларды іске асыру орталығы құрылмақ. Соған сәйкес алдағы сәуір айынан бастап маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы тыңдаулар өткізіледі деп жоспарланып отыр.

– Осындай жұмыстар жергілікті жерлерде де қолға алынып, өңірлердің даму барысы туралы тыңдаулар өткізілуі тиіс, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев партияның жаңа Бағдарламасын жүзеге асыру барысына да назар аударды. Аталған құжатта «Nur Otan»-ның алдағы он жылға арналған нақты 10 мақсаты көрсетілгенін айтқан ол барлық мақсат азаматтардың әл-ауқатын арттыруға тікелей бағытталғанын жеткізді.

– Бағдарлама алдын ала дайындалатын жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Жоспарда іс-шаралардың нақты мақсаты мен мазмұны көрсетіледі. Қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп сол құжатты дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта жоспар аймақтарға жіберіледі. Соған сәйкес партия бағдарламасындағы барлық индикаторлар өңірлердің даму жоспарына енгізілуі тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мемлекет басшысының съезде анықтап берген «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобалары туралы да айтып, олардың партияның алдағы уақыттағы жұмысының негізгі бағыты болатынын тілге тиек етті.

– Бұл бастамаларды ұлттық жобалар десек те, артық емес. Себебі, аталған жобалар аз қамтылған, көп балалы отбасыларға көмек көрсету, ауылдық жерлерді көркейту, өңірлерді дамыту сияқты өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтиды. Сондықтан партияның Орталық, аймақтық және аумақтық құрылымдары осы жобаларды тиімді жүзеге асыруға күш жұмсауы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.

Қазіргі таңда Елбасының бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» жобасы Алматы қаласында нәтижелі жүзеге асырылуда. Сол арқылы қалада аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәулен Әшімбаев өзге өңірлердің де осы тәжірибені ескеріп, аталған саладағы жұмыстарды «Бақытты отбасы» жобасы аясында іске асыру керектігін айтты. Жиында осы жоба аясында жұмыс істейтін Елбасының тапсырмасымен партия жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің қызметіне жергілікті деңгейде қолдау көрсету мәселесі де айтылды.

Келесі «Құтты мекен» жобасы аясында инженерлік инфрақұрлымды дамыту, ауыз сумен қамту, жол құрылысы, интернетпен қамтамасыз ету сияқты игі істер жүзеге асырылады. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасап, денсаулық сақтау, білім беру ісін жетілдіріп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде жастардың ауылда тұрып, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалмақ. Қысқа қайырғанда, ауылды көркейтуге арналған барлық жұмыс осы жоба аясында жүзеге асырылуы тиіс.

Тағы бір маңызды бастама «Халыққа көмек» жобасы арқылы партия қазақстандықтардың күнделікті өміріндегі өзекті мәселелерді оң шешуге ықпал етуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде жұмыс істеуде. Жоба аясында тұрақты мониторинг жүргізіліп, қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне де жағдай жасалады.

Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев партия филиалдарының жергілікті жердегі кез келген мәселеге қатысты Орталыққа нақты ақпарат жеткізуі керектігін және мониторинг жүргізіп қана қоймай, олардың оң шешілуіне ықпал етулері тиіс екенін айтты.

Сөз соңында партия Төрағасының бірінші орынбасары «Nur Otan»-ның халық пен билікті байланыстыратын алтын көпір болуы керектігіне көңіл бөлді.

– Қазіргі таңда «Nur Otan» - халықтың мүддесін қорғайтын және Елбасының барлық тапсырмаларының орындалу барысына бақылау жүргізетін негізгі институт. Съезден кейін партияның ел дамуындағы рөлі одан әрі арта түсті. Елбасы бізге ауқымды міндеттер жүктеп отыр. Халықтың да съезде айтылған шаралардан үлкен үміт күтетіні белгілі. Сондықтан партия жаңа қарқынмен, ерекше екпінмен жұмыс істеуі керек. Партия Үкіметпен, бизнес қауымдастықпен, үкіметтік емес ұйымдармен күш біріктіріп, Елбасы тапсырмаларын орындауда үйлестіруші рөл атқаруы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жиында партия хатшылары Тамара Дүйсенова, Фархад Қуанғанов және Илья Теренченко қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 4 әлеуметтік жобаны жүзеге асырудың тиімді жолдары туралы кеңінен баяндап берді.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Дүние»-бақтың жемісі

Руханият • Бүгін, 10:33

Сипаты бөлек «сыпайылық»

Руханият • Бүгін, 10:07

«Құныскерей» – құнды еңбек

Руханият • Бүгін, 09:53

Қазақ тарихының қасіреті

Руханият • Бүгін, 09:44

Ертегілік ес әлемінің өкілі

Руханият • Бүгін, 09:37

Қаламгер мен Қаһарман

Руханият • Бүгін, 09:31

Заманымыздың Білге Қағаны

Руханият • Бүгін, 09:22

Ұқсас жаңалықтар